Тікұшақ апаты. Экипаж шаруа қожалыққа құлауға жол бермеген

3.jpg

Ми-8 экипажы жер бетінде ешқандай залал келтірмеу үшін тікұшақты басқа жаққа бұрып әкеткен. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов айтты.

«Апат болған жерге бірінші жеттім. Тікұшақ бөліктері жан-жаққа бөлініп кеткен екен. Куәгердің айтуынша, тікұшақ тура оның үстінен ұшып бара жатып, құлаған. Бұл дегеніміз экипаждың соңына дейін күрескенін көрсетеді. Жерде ешқандай зардап келтірмеу үшін тікұшақты бұрған. Соның ішінде шаруа қожалығы зардап шекпес үшін тікұшақты басқа жаққа бұрып әкеткен. 13 жігітті де батыр деп санаймын», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырап, 13 адам қайтыс болғаны туралы хабарлағанбыз. Депутаттар қаза тапқандардың отбасына көмектесуді сұрады. Маңғыстау облысы әрбір әскеридің отбасына 1 млн теңгеден беретіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, экипаж мүшелерінің құрамы және олардың соңғы сәтке дейін ажалмен арпалысқаны жайлы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, қаза болған әскерилердің мүрдесін бүгін Қызылордадан өз туған топырақтарына шығарып салған болатын. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасына қандай көмек берілетіні және төрт әскеридің мәйіті туған жеріне жеткізілетіні айтылды.

BAQ.KZ



Ұқсас тақырыптар