Талдықорғанның жаңа әкімі таныстырылды

DSC_1942.JPG

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының активіне қаланың жаңа әкімін таныстырды. Талдықорған қаласының әкімі лауазымына Ғалымжан Райылұлы Әбдірайымов тағайындалды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алдымен қалалық мәслихат депутаттарымен кездескен облыс басшысы Президент Әкімшілігінің келісімімен қала әкімі қызметіне Ғ. Әбдірайымовты ұсынатынын жеткізді. Ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдап, келісім берді. 

Мұнан соң жиын қала активімен жалғасты. Амандық Баталов Талдықорған қаласының әкімі Ғ. Әбдірайымовты таныстырып, жаңа басшының алдына үлкен міндеттер жүктеді. Сол сияқты бұған дейін осы лауазымды атқарған Дастан Шалтабаевтың жұмысына ризашылығын білдірді, жақында жаңа қызметке баратынын тілге тиек етіп, алдағы ісіне сәттілік тіледі. 

- Дастан Шалтабаев қаланың дамуына, оның құрылысына, абаттандырылуына өз үлесін қосты. Көп үйренді, тәжірибесі бар, өзіне жүктелетін жаңа қызметке бар білімі мен білігін бағыттайды деп сенемін. Ал Ғалымжан Райылұлы бұған дейін де біздің облыста жауапты қызметтер атқарған. Талдықорғанды заман талабына сай дамыту міндеттерін абыроймен атқарады деп ойлаймын. Оған тәжірибесі де, білімі де жетеді. Облыстың даму көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Жалпы ішкі өнім, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қай-қайсысында да өсім айқын байқалады. Қала да дәл осылай өсуі керек. Біз облыс орталығына ерекше көңіл бөліп, барлық жағынан қолдау танытып келеміз. Жолдарын жөндеуге, абаттандыру, жарықтандыру, газдандыру ісіне қаржы бөліп отырмыз. Қоғамдық көлікті ретке келтіру туралы баяғыдан айтып жүрмін. Талдықорғанда жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындармен бірлесіп, заман талабына сай жаңа автобустар сатып алып, жүргізсеңдер, игілігін халық көреді ғой. Қаланың орталығын ғана емес, Ынтымақ ауылын, сол сияқты қала шетіндегі саяжайлық аумақтарды дамытуды да басты назарда ұстау керек. Қала ішіндегі газдандыру ісі баяу жүріп жатыр. Осының бәрін Ғалымжан Әбдірайымов жіті бақылауға алып, белсене жұмыс істеуі керек, - деп атап өтті А. Баталов. 

DSC_1951.JPG

Өз кезегінде Дастан Шалбатаев сөз алып, қала басшылығындағы қызметін атқару барысында қолдау білдірген облыс әкіміне, қала активіне алғысын айтып, жаңа әкімнің жұмысына табыс тіледі. 

Ал Ғалымжан Әбдірайымов:

- Маған Алматы облысы бөтен емес. Осы өлкеде алғаш елмен араласып, қызмет баспалдақтарынан өттім. Маған сенім артып, жауапты лауазымға тағайындағаныңыз үшін ризашылығымды білдіріп, талдықорғандықтармен бірлесе жұмыс істеймін, талап үдесінен шығамын деп сендіремін, - деді. 

Мінбеге көтерілген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Дүйсенбекұлы мен қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Сәуле Қарамолдинова қаланың дамуына, жаңа тағайындауға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, қолдау танытты. 

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов алдағы уақытта да Елбасы салып берген сара жолды жалғастыра отырып, өңірді дамыту қажеттігін еске салды. 



Ұқсас тақырыптар