«Рухани жаңғыру» ҚазҰАУда болды

4.jpg

Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Ғылыми кітапханасы залында «Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени, ғылыми республикалық журналы редакциясымен кездесу өтті. Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасына екі жыл толуына, аталған басылымның жарық көре бастағанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

Кездесуді ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жеткешісі, ҚР ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов ашып, жүргізіп отырды.

«Елбасы ұсынып отырған «Рухани жаңғыру» идеясы арқылы қазақ қоғамы тыңнан серпіліс жасауы тиіс. Ол үшін, біз осыған дейін жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімей тарихи жадымызды жаңғырта түсіп, төл тарихымызға жаңаша үңіліп, мемлекеттігімізді айқындай түсуіміз қажет.

Биыл елімізде «Жастар жылы» жарияланды. Қандай қоғамның болмасын басты үміт артары – жастар екені сөзсіз. Өйткені жастар – ел ертеңі, ұлт болашағы. Жастарды рухани құндылықтар арқылы тәрбиелеу маңызды. Осы бағытта «Рухани жаңғыру» басылымының атқарып келе жатқан жұмыстарына оң баға береміз» – деп атап өтті Ханкелді Махмұтұлы.

Кітапханадағы кездесуге «Рухани жаңғыру» журналынан – бас редактор, белгілі журналист Бақтияр Қабас, бас редактордың орынбасары, талантты ақын, журналист Алмат Исәділ,  ақылдастар алқасының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Сапар Оспанов қатысып, басылымның бағыт-бағдары туралы айтып, оқырмандар сауалдарына жауап берді. 

Журналдың жарыққа шыққан күнінен бастап, оқырмандарға жол тартуына Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов мырза қолдау көрсетіп келе жатқаны да айтылды.

Кездесуде университеттің оқытушы-ғалымдары, студент жастары мен кітапхана қызметкерлері журналдың мазмұны мен безендірілуіне  қатысты ой-пікірлерін айтып өз ұсыныстарын білдірді.

Басқосу барысында университеттегі «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтары мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі Досалы Исахан, кафедраның аға оқытушысы Марат Жұмағұлов, кафедраның қауымдастырылған профессоры Саят Жұман сынды тарихшы ғалымдар «Рухани жаңғыру» журналы арқалаған жүктің жеңіл емес екенін айтып, басылым беттерінде Ұлы Даламыздың әлі де толық ашылмай жатқан тарихи құнды дүниелері туралы зерделі зерттеулерге кеңінен орын берілсе деген тілектерін білдірді. 

Журналдың бас редакторы Бақтияр Қабасов мазмұнды да мағыналы кездесу ұйымдастырған университеттің оқытушы-ғалымдарына ризашылығын білдіріп, редакция атынан «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, академик Ханкелді Әбжанов пен «Рухани жаңғыру» журналы бас редакторының орынбасары, ҚазҰАУ Қоғаммен байланыс басқармасының бастығы Алмат Исәділді арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.

Кездесуді қорытындылаған академик Ханкелді Махмұтұлы журналдың ерекше рухани мазмұнға ие екенін атап өтіп, басылым редакциясы мен университет қарым-қатынасы алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Кездесуден кейін қонақтар оқу орнындағы «Рухани жаңғыру» ғимаратында орналасқан «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығын» аралап, орталықтағы Елбасы мұражайы, студенттік «Достық» ассамблеясы және Елбасы кітапханасы жұмысымен танысты.

Шараны университеттегі «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы мен «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтары мәдениеті» кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.



Еділ АНЫҚБАЙ –

ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық

зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері

Фото: Мамыржан БОТАБЕКОВ


Ұқсас тақырыптар