Қазақ күйеу балаға неге төс тартады?

6.jpg

Еркек қасқаны Құдай Тағала ауырдың астында жүруге жаратқан. Сондықтан білегіне күш, жүрегіне қайрат дарытып баққан. Сөйте тұрып, сірә, асқақтап, шектен шығып кетпесін, Жаратушысын танымай кетіп жүрмесін дегені ме, Құдекең еркектің бір жерін осал қып қойыпты. Ол – қуық асты безі. Оны басқа айласы табылмағандай, өңге жер құрып қалғандай, ең бір ыңғайсыз жерге қондыра салыпты. Бәтшағар, сол без сәл суыққа ұрынса да, болмашы бір инфекцияға тап келсе де, қан айналысы нашарласа да, ақыр аяғы дүниедегі жалғыз аңсарына уақытылы жолықпаса да өкпелеген баладай бұртиып, бойынан жан кеткендей былқ-сылқ бола салады.

Қазақта «зәрем зәр түбіне кетті» деген тұрақты тіркес бар. Бұл дәл әлгі безге қаратылып айтылған сөз. Еркек байғұс көп күйзелсе де, қуықты қалқалап тұрған сол безі бар болғыр қызметін адал атқармай, бойкүйезденіп шыға келеді.

Қысқасы, еркектің еркектігі осы пәлекетке көп тәуелді. Еркек атаулының Құдекеңе осынысы үшін өкпелейтіндей де реті бар. Бірақ, амал қанша, Құдекеңнің аты, Құдекең ғой, оған өкпелеуге болмайды. Сол безді жаратқанына да шүкір дейсің. Ал жаратпаса ше?

Сондықтан Құдай берген байлықты, пәлен еді, түген еді демей, жүйрік баптағандай баптап, көздің қарашығындай сақтап, аялап ұстаған жөн. Осыны қазіргі көп еркек ескере бермейді. Күндердің бір қырсық күнінде өлген кесірткедей қимылсыз қалғанда «қап» деп, санын бір-ақ соғады.

Бірақ біздің ата-бабаларымыз қуық асты безінің қадірін ежелден-ақ ескерген. Бабын білген. Қауым болып еркектің осы жерінің сау болуын, жарақты жүйріктей шабыстан жаңылмауын тілеген. Сау болу үшін сан жыл тірнектеп тәжірибе жинақтаған. Сонысы және салт-дәстүрімізге айналып кеткен. Кейін ол дәстүрінің мән-мағынасын жадынан шығарып алған.

Мәселен, қазақ күйеу балаға міндетті түрде төс тартады. Алайда басқа жілік емес, не себепті төс тартатынын қазіргі қазақ түсіндіре алмайды.

«Ер Төстік» ертегісін еске алайық. Ерназар деген байдың сегіз ұлы жұт жылы қалың жылқысымен бірге ығып кетіп, сол күйі оралмай жоғалады. Күні кеше байлығы тасыған Ерназар әп-сәтте кедейленіп, тіпті ішер асқа зар болып қалады. Ашыққаны сондай, кемпірі екеуі орнынан тұруға әлдері жетпейді. Сонда дымы құрып, шалқасынан жатқан шалдың көзі шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігіне түседі. Сол төстікті асып жеген шал әлденіп орнынан тұрады. Содан ұзамай кемпірі жүкті болып қалады. Мезгілі жеткенде, ұл туып, оның атын Төстік қояды.

Осы сюжет қиялдан туғандай көрінгенімен, бұнда үлкен мән жатыр. Шаңырақта керулі тұрған басқа жілік емес, дәл осы төстіктің болуы тегін емес. Майлы төсті жеп алған шалдың жас жігіттей желігуі бекерден бекер ме? Ол желікпесе кемпірі ұзамай жүкті бола ма? Төстіктей алып ұл туа ма?

Демек, бүткіл қабырғаның түйіскен жері – майлы төс етінде қуық асты безіне қуат беретін нәрлі заттектің болғаны. Осыны бұрынғы ата-бабаларымыз білген. Білгендіктен де қызын алғалы отырған күйеу баланың қуық асты безі қуатты болсын деген ізгі ниетпен төс тартқан. Ал ол қуатты болса, шаңырақ шайқалмайтынын, ашып айтылуы әбес өкпе-реніштің аз, тіпті болмайтынын түсінген. Өмір де қызығырақ болатынын білген.

Ендеше, жігіттер, виагра-миаграға жүгірмей, төстік жеп тұрыңдар. Өкінбейсіңдер.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ



Ұқсас тақырыптар