Қош келдің әз Наурыз!

1.jpg

Ұлы даланың Ұлы мейрамы -  Наурыз мерекесі ежелгі күнтізбеге сай түркі халықтары арасында көктем келіп күнмен түннің теңелуіне байланысты жаңа күннің бастауы деп саналып,  парсы күнтізбесі бойынша бес мың жылдан бері тойланып келеді. Бірлік пен татулықтың, қуаныш пен мейірімнің, бақ пен ырыстың, молшылық пен кеңдіктің белгісі болған мейрамның тойлану шарасы Қазақ ұлттық университетінде 13-ші сәуір күні өткізілді. Мерекелік концерттің құрметті қонақтары еліміздегі Бас консулдық өкілдері, Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, академиялық және ардагер қоғамы, түлектер, БАҚ өкілдері, мұғалімдер, студенттер болды.

Дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірге алма бағы отырғызылды. Аталған іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдық кезеңіне және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі бағыттарына арналды. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов университеттің студенттері мен шығармашылық ұжымдары дайындаған мерейтойды салтанатты түрде ашып, мерекелік құттықтау сөздерімен «Парасат» кәсіподақ ұйымы дайындаған марапаттау рәсімдерін өткізді. Мереке барысында, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы бас өкілі Бультриков Руслан Искандерович, Қытай мемлекетінің бас консулы Чжан Вей, Өзбекстан бас консулы Фатхуллаев Аброр,  Алматы қаласы Біріккен Ұлттар Ұйымының ақпараттық бөлімшесінің басшысы Абдурахим Рахимович, Ауғанстан консулдығынан Хусейн Яр Шугни құттықтау сөздерін жеткізді. Студенттер сарайының алдында «Ұлы даланың жеті қыры» атты керемет және қызықты музыкалық-театрландырылған қойылымда батыл атлеттердің ұлттық спорттан шеберліктері, әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, ән айту өнерлері, ежелгі металлургия және аң стилі, алтын адам және Ұлы Жібек жолы, Қазақстан түркі әлемінің бесігі - ұлы ойшылдар мен ғалымдардың, алма ағаштары мен қызғалдақтардың отаны тақырыбындағы қойылымдар тамашаланып, қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері - «тұсау кесу», «шашу», «қыз ұзату» көрсетілімдері орын алды. Кампуста 25 киіз үй безендіріліп,  мереке қатысушылары ұлттық тағамдардан дәм татып,  жастар жағы алтыбақан теуіп, көңіл көтерді. Сондай-ақ қолданбалы өнер шеберлерінің кітап жәрмеңкесі және кәдесыйлар қатары жасалды.

Орнасын жүректе –нұр, көңілде- құт,

Сарқылмас дәстүрімді өнеге тұт.

Ұлыстың ұлы күні қадірменді, 

Қош келдің!

Әз, Наурызым, төріме шық! 


Заң факультеті, мемлекет құқық теориясы мен тарихы, 

конститутциялық және әкімшілік құқық кафедрасының мұғалімі 

Ләзим Айгерим Момынбекқызы,

 Отыншиева Айдана Айтуқызы



Ұқсас тақырыптар