Әскери курсанттар арасында математикадан халықаралық олимпиада өтуде

DSC_0618.JPG

Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғары әскери білім беру ұйымдары курсанттарының арасында математика пәні бойынша халықаралық олимпиада өтуде. Оған Қазақстан, Ресей Федерациясы, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және Тәжікстан Республикасынан келген 7 команда бақ сынасуда.

Аталған ауқымды шараға ТМД қатысушы мемлекеттерінен келген командалардың жетекшілері және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бейіндік ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері мен азаматтық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамының математика саласындағы аса тәжірибелі мамандары қазылық етуде.

-       ТМД қатысушы мемлекеттерінің Қорғаныс министрлері кеңесінің төрағасы – Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі армия генералы С.Шойгу мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-майор Н.Ермекбаевтың тікелей жетекшілігімен әскери-оқу орындарындағы офицерлік құрамның сапалы дайындығына үлкен көңіл бөлініп келеді. Мұндай шаралар халықаралық сенімді арттырып, достық қатынасты нығайтуға және ТМД қатысушы мемлекеттердің әскери жоғары оқу орындарының ғылым-білім беру саласындағы тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік береді, - деді олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған ҚР ҚМ Кадрлар және әскери білім департаментінің бастығы генерал-майор Рашид Көпбаев.

Олимпиада төрт турдан тұрады. Алдыңғы екі турдың қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (Алматы қ.)  курсанттарының командасы көш бастап келеді. Екінші орында – Ресей Федерациясы болса, Өзбекстан Республикасының курсанттары үшінші орында келеді. Олимпиаданың жабылу салтанаты үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде Қарағанды Мемлекеттік университетінде өтеді.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары әскери білім беру ұйымдары курсанттары арасындағы математика пәні бойынша халықаралық олимпиада 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.



Ұқсас тақырыптар