Есірткінің дәмін 14 жасымда тарттым: елімізде есірткіге әуес жастар саны 20 мыңнан асқан

1.jpg

Елімізде маскүнемдікке салынып, есірткіге тәуелді болып қалған азаматтардың саны 20 мыңнан асқан. Бұл тек ресми дерек. Бұдан бөлек жыл өткен сайын нашаға еліріп, спирттік ішімдіктерге әуес жастардың қатары көбейіп бара жатыр. Мұны нарколог мағандар растап отыр. Әріптесім Айбек Қосан теріс әдетінен арылуға тырысып жатқан азаматпен және осы саланы бір кісідей білетін мамандармен тілдесіп қайтты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.   

Есірткінің дәмін бұл кісі 14 жасында татқан. Әуелі марихуана, әрі қарай саты-сатысымен ауырына елітіп кете берген. Бұл күнде өзінің проблемасынан қашпай, тура қарай білген ол«камераға жүзін көрсетуден еш қысылмаймын» - дейді. Керісінше,  жыл өткен сайын есірткімен күрестің жолына түскен.   

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЕМДЕЛУШІСІ:

«Мен өзімді алғаш уақытта тәуелдімін деп те есептеген жоқпын. Жеңіл есірткі мен үшін ойын сияқты көрінетін. Кейін героин және басқа да ауыр нашаға көштім. Кейін әскерге барып ес жиып келемін бе деп едім алмады. Солай біраз жылдар адастым. Кейін Алматыда оңалту орталығына барып ем қабылдай бастағанда көзім ашылды». 

Нұрлан Тұрсынбеков науқастарды емдеумен біраз жылдан бері айналысып келеді. Арнайы бағдарлама жасақтап, нашаға әуес болғандардың бетін бері қаратуда. Орталықтың байланыс нөміріне күнделікті 15-тен астам хабарлама түседі екен. Шағымданушылардың дені нашақорлардың туған-туыстары. «Қазір синтетикалық есірткінің кеңінен таралып жатқаны өз алдына үлкен проблема болып тұр» - дейді ол. 

НҰРЛАН ТҰРСЫНБЕКОВ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

«Біздің республикаға жан жақтан жолын тауып түседі. Кейін әлеуметтік желі арқылы оған қол жеткізу оңай болады. Оның бағасы да қатты қымбат емес. Сол үшін оқушылар, студенттер оны алуға мүмкіншілігі жетеді. Ол қала берді бүгінгі күнге мысалы ата-аналар көп көңіл бөлмейді, мән бермейді».  

 Нашаға әуес жастар көбейді деп отырмыз. Алкогольге әуестенгендердің де қарасы мол көрінеді. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша ішімдікті ең көп тұтынатын елдердің ондығына кіріппіз. Сүйінші сұрап, бөрікті аспанға атып бөлісетін жаңалық емес әрине. Бірақ, бұл статистикаларға қарап-ақ, уақытында сабақ алуымыз қажет сияқты. 

ИСАТАЙ МИНУАРОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:

«Осы қарқынмен кете беретін болса бізде Ресейдің жағдайы болуы мүмкін. Яғни эффектісі. Ресейде қазір демографиялық өсім жоқ қой. Табиғи өсім төмен деуге келмейді ол кері қарай кетіп бара жатыр. Оның барлығы алкогольді тұтыну т.б. Бізде әзірге демографиялық проблема жоқ. Аз қарқынмен болса да өсіп жатыр. Бірақ мына әлеуметтік мәселені шешіп, демография мәселесіне жеткізбей алдын алу шараларын қолдану керекпіз». 

Мамандардың айтуынша есірткі қабылдап, ішімдік ішуге және құмар ойынға адам көбіне екі жағдайда барады. Бірі асып-тасып жүргенде иә болмаса тарыққанда. Ауру адам өзінің жағдайына толық баға бермей оны емдеу қиынға соғады екен. 

НҰРЛАН ТҰРСЫНБЕКОВ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

«Центрдегі оңалту процесін тәмамдағаннан кейін біз байланыста боламыз. Постлечебный программа деген бар. Ол да бір 3  ай өтеді. Оны бітіргеннен кейін тұлға, адам бізбен байланыста болады 1 жылға дейін. Жәрдем беріп жүреміз».  

Ем-домға шамамен 1 жыл уақыт кетеді. Оның өзі аздық етуі мүмкін. Себебі, аталған дерт тұмау емес, дәрі ішкен соң  бірден жазылып кете алмайсың. Мамандар балаңыз кіммен, қайда, не істеп жүргенін біліп, өмірінен хабардар болып жүруге кеңес береді. Теріс жолға бір түссе, кейін бетін бері қарату қиынға соғады екен.



Ұқсас тақырыптар