Мемлекеттік аттестациялық комиссия өз жұмысын бастады

IMG_3864.JPG

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының (РжБӘИИ) 135 түлегі бір ай бойы мемлекеттік аттестациялық комиссияның қадағалауымен мемлекеттік емтихан тапсырады. Мемлекеттік емтихан тапсыру 2 кезеңнен тұрады: біріншісі – теориялық, екіншісі – қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану машықтығын көрсететін практикалық кезең. Сонымен қатар, жылдамдығын, икемділігін, күші мен шыдамдылығы сынды физикалық қасиеттерін тексеру үшін дене дайындығы негізгі пән ретінде енгізілген.

РЭжБӘИИ бастығы генерал-майор Асқар Мұстабековтың айтуынша, мемлекеттік қорытынды аттестацияның мақсаты – бітірушілердің біліктілік талаптарының деңгейі мен сапасын тексеру болып табылады.

- Бітіруші курсанттар үшін бұл өте жауапты кезең. Емтихан барысында меңгерген мамандықтарына сәйкес теориялық және практикалық білімдерінің деңгейі тексеріледі, - деді жоғарғы әскери білім ордасының бастығы генерал-майор А.Мұстабеков.

Мемлекеттік емтихандар аяқталған соң курсантар диплом жобаларын қорғайды.  

Биылғы жылы РЭжБӘИИ 13-ші рет 135 түлегін 8 мамандық бойынша шығарып салмақ. Олардың ішінде 32 курсант қызыл дипломға, ал 3-уі «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісіне үміткер. 

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты зенитті зымыранды, радиотехникалық әскерлері, әскерлер мен қару-жарақты автоматтандырылған басқару жүйелері инженерлері, байланыс әскерлері, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз ету мамандықтары үшін білікті офицерлерді даярлайды.   


Ұқсас тақырыптар