«Кең еді ер Иманқұл тоғайдағы»

2.jpg

Бәтістің Иманқұлының түп төркіні Найман-Қалке-Ақан-Тоңаш-Байтанас-Бәсібек-Бәтіс-Жүсіп-Иманқұл болып тарқатылатынын бұдан бұрынғы мақалада («Сарыарқа самалы газеті», 15 сәуір). жаздық. Бұл жолы өз заманынң қайраткері туралы деректер мен оқиғаларды тағы да толықтырып беруді жөн санадық.

 

Әулетімен әйгілі

 

Шежіреге сүйенсек, Бәтісұлы Жүсіптің кіндігінен Жолдасбек, Керей, Құрман және Иманқұл деген төрт ұл тарайды. Өз уақытында бұл тек қана ауқатты емес, сонымен қатар маңайындағы белді ру өкілдерімен терезесі тең тұқым болған. Оған дәлел де жоқ емес.

Мәселен, Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағат қорында сақталған «Протокол заседании президиума Павлодарского райис-полкома по расcмотрению списка кулацко-байских хозяйств и их ликвидации» деген құжат бар. Аталмыш құжатта Павлодар аудандық атқару комитетінің елдегі байлар мен кулак деп танылғандардың тағдырын қалай таразылағаны көрсетілген. Мәселен, тізімделген байлардың арасында №11 ауылдық кеңестің Жүніс Исабергенов деген байына «Исибергенов Жунус. Отец его Исберген 30 лет был аульным старшиной. Влиятельный родоначальник (аксакал). Его влияние соответствовало влиянию Казангаповых и Батишевых. Сам Жунус 14 лет был аульной старшиной» деген сипаттама беріледі. Бұл Бәтіс әулетінің атақты Қазанғаповтар әулетімен қатар аталғанына дәлел. Бәтіс Бәсібекұлы 1803 жылы дүниеге келген. 48 жасында, яғни 1851 жылы «Бозғозы-Бура-Найман» болысын басқарған. Иманқұлдың әкесі Жүсіп те қаражаяу адам емес, ел тізгінін ұстаған. Тарихшы Дәурен Аяшиновтің «Алкакольская (Актылес-Кушук-Найман-Басентиинская) волость. Павлодарский уезд» атты еңбегінде Жүсіп бидің ел ішіндегі орны айқын жазылған. Мақалаға сүйенсек, ол 1872 жылдан 1889 жылға дейін №1, 3, 7, 9 ауылдарда би қызметін атқарған екен. Тілеке Жеңіс, Марданова Зулейханың 2014 жылы жарыққа шыққан «Шежіре. Ертіс-Баянаула өңірі. 2 том» кітабында би туралы былай делінеді: «Әр болыстан 4-тен 8-ге дейін би сайланады. Билерді «елубасылар» съезінде дауыс беру арқылы 3 жылға сайлайды. Би болатын адамның: жасы кем дегенде 25-ке толуы керек; болыстағы ел арасында беделді, сыйлы, ықпалды болуы керек; бұрын қылмыс жасамаған, қылмыстық іс жөнінде жауапқа (сотқа) тартылмаған, іс қозғалмаған, т.с.с. Заңды бұзушылықтың қандай түрінен болса да таза азамат болуы керек».  Жүсіп осы шарттарға сай тұлға болғаны анық. Аталмыш еңбекте оның уақтар мен Бәсентиіндердің арасындағы «Зылиханың дауы» деп тарихта қалған Бәсентиіндер жағынан Қасқырбай Маймақовпен (Бәсентиін-Ақтілес-Күшік болы-сының басшысы) бірге іске қатысқан туралы дерек бар. Д.Аяшиновтің мақаласында би қызметінде жүрген Жүсіп екі мәрте жоғары марапатқа ие болғаны да жазылады. Яғни, «3 апреля 1872 года Генерал-губернатор Западной Сибири сообщил, что Жусуп Бадисов награжден серебрянной наградной медалью на Станиславской ленте» және   «Государь Император отметил хорошую работу Жусупа Бадисова 23 ноября 1884 года серебрянной нагрудной медалью на Аннинской ленте» делінген. Мұның барлығы оның қандай биік дәрежедегі ықпалды адам болғанын көрсетеді.

Осы Жүсіптің төрт ұлының бірі – Иманқұл.

Иманқұлдың (42 жасында қайтыс болған) Зәркеш, Мәжен, Шәкірат деген ұлдары қалған. Солардың ішінде Зәркеш баласы да кеңестік биліктің бұғауына түскен. Жоғарыда аталған құжатта «Иманкулов Заркеш. Дедушка его Жусуп получил от царского правительства награду (железную фуражку). Отец его Иманкул был влиятельный человек. С 1917 года по 1920 года он был чином уездного заместителя. Засевал больше 100 десятины посева. Нанимал 10-15 батраков. После смерти Иманкула его жена вышла замуж за Курмана Жусупова. Заркеш живет другой фамилией, т.е. Курманова, а действительности его отец не Курман, а Иманкул. Заркеш настоящее время учится во ІІ ступени. Он нанимал батраков. Постоновление: выселить с конфискацией иммущества» делінген.

Яғни Иманқұлдың баласын бауырына басқан. Ал Иманқұлдың бауыры Құрман мен Жолдасбек туралы «Жусупов Курман. Родной брат Жолдасбека. Бай. Занимался торговлей. Продал 100 голов быков. Хозяйство ликвидировано, семья выселено. Жусупов Жолдасбек. Дедушка от царя получил шинель (награду). Сын его Жусуп получил от царя железную фуражку. Семь лет был волостным управителем. Занимался взятничеством. До 1924 года он руководил родовой партией. С 1928 года подвергался индивидуальную обложению. Лишен прав голоса». Жолдасбек 1893 жылы Алқакөл болысына қарасты жетінші ауылдың биі болғанын да атап кеткен жөн. Ал Жүсіппен бір туған Ақылбек Бәтісов болса, 1886 жылы аталмыш болыста би қызметін атқарған. Бұл - мұрағаттың бұлтартпас деректері. Сол секілді Жүсіп пен Бәтіс тұқымының қуғынға ұшарағандығы және Иманқұлдың бұқараға бас болған әулеттің түлегі екендігінің айғағы.

Ал Иманқұлдың ел ісіне етене араласқанына тағы да бір дерек - «Свободная степь» газетінің 1917 жылы шыққан 37 нөмірінде жарияланған Павлодар уездік басқару жүйесі мүшелерінің тізімі. Аталмыш тізімдегі 65 адамның ішінде тоғызыншы болып «Бадисов Иманкул» орналасқан (суретте). Бұл Иманқұлдың орны сол уақытта Исаның Қабышы (Бердалин Абдулжабар), Оразбайдың Сүлеймені, Мұқыш Боштаев секілді Алаш арыстарымен  қатар болғандығын көрсетеді.

 20190424_161823.jpg

Ел ішіндегі есті сөз

 

Ел ішінде Бәтістің Иманқұлы туралы әртүрлі әңгімелер сақталғанымен, көбі бүгінгі күнге жетпегені өкінішті. Құймақұлақ ақсақалдардың көбі келместің кемесіне мініп кетті. Дегенмен азды-көпті қалған әңгімелер де Алашорданың мүшесі болған ақтаңгердің затын тануға сеп. Уақытында қазіргі Ақсу қаласы, Қызылжар ауылында ел ісіне араласқан, өлке тарихына қатысты деректерді қойын дәптеріне түсірген Сыздықов Ғаббас Садихұлы көрген-түйгенін, балалары мен туған-туысқандарына аманатын күнделікке өлең түрінде жазып кеткен екен. Сол кісінің Кеңес Одағының батыры, Еңбек ері Махмет Қайырбаевқа арнап жазған өлеңінің алғысөзінде былай делінеді. «Азаматымды, ерлікпен аты шыққан Махмет батырды дастан етіп отырмын. Бұл жігіт Қара Ертіс жиегін мекен еткен кешегі атышулы Иманқұлмен аталас біздің нағашы жұртымыз. «Иманқұлдармен менің Жақсыбай қажы аталарым аталас» деп апам марқұм айтып отырушы еді. Сол кезде менің нағашым да Краснокутск қаласында біздің туыстар тұрады деуші еді».

Бұл өлең 1979 жылы 20 қаңтарда жазылған. Бұл Кеңес Одағының қаһарына мініп тұрған кезінде ұлттың сойылын соққан Иманқұлдың аты әлі де болсын үй ішінде сыбырлап қана айтылатын, сыртқа артық ауыз  сөз шықпайтын кез еді... Ең бастысы, ұлт қайраткерінің есімі ел ішінде  құрметке бөленгенді-гінде болып отыр. Сонымен қатар Ғаббас ақсақал нағашысына жазған хатында:

Найманнан ер Иманқұл өтіп кетті,

Жазылған ақ қағазда қалмады беті.

Соларда дана сөздер болмады ма?

Мәз болды егесумен, мақсат етті.

 

Естідім шонжарлармен   таласқанын,

Қаймығып еш нәрседен    қайысқанын.

Нашар мен жетімдерге пана еді,

Қулармен талай-талай алысқанын.

Бір сөзден айтушы еді  анам сырын,

Иманқұл естіп еді айтқан зарын.

Кем туар бұл қазақта ондай ерлер,

Жазар ем, білмедім ғой мұның бірін, - дейді. Осы бір өлең жолдарында «нашар мен жетімдерге пана еді» дегенді үлкендердің естуі бойынша жазып отыр. Жұртқа жақсылық жасаған адамның есімі де елімен бірге жасаса береді дегеннің мысалы осы болар. Бұл сөздерден кейін Бәтістің Иманқұлы елжанды азамат болмады деп айтып көр?

Көзі тірісінде  белгілі ақын, жазушы Қимадиден Нығыманов 1917 жылғы Қазан төңкерісі кезіндегі Алқакөл болысындағы жағдайды баяндайтын «Алыстағы жаңғырық» атты тарихи 2 актілі 5 суретті пьеса жазған. Аталмыш шығармадағы негізгі тақырыпқа 1918 жылдың көктемінде болған оқиға негіз болған. Сол драмалық туындысынан үзінді келтірсек.

Ахмет: Уалейкумсалам, қош келдіңдер, азаматтар!

Шарапиден: Сізге бөгет болған жоқпыз ба, Аха!

Ахмет: Оқасы жоқ. Елімнің азаматы келгей ғой, бір жаңалық айтып бергей ғой.

Иләл: Дәл содан да құр алақан емеспіз. Хабар болғанда, хабардың сойы. Бірақ өзіңіз де есіткен шығарсыз.

Ахмет: Нені? Ашып сөйлеңдер, түге!

Иләл: Не болса да біз мына жігіттен есіттік. Бозжорғаның арқасының желінде жүріп, Бөженнің әкелген хабары еді, өзі айтсын.

Бөжен: Мына Апай-бөрі елін аралап келдім, Ақа. Аңсарым ауып, атақты Исаның Қабышына барғым келді. Манағы хабарды сол үйге барғанда есіттім.

Қабыш: «Патша тақтан құлады», - деді.

20190424_162621.jpg

Ахмет: У-әй дерсің! Мынауың шынында да осал хабар болмады. Кәне, қалай, кімнен есіттің? Не ғып түсіпті, қалай айтады, нақтылап жібер?!

Бөжен: Қабыштың үйіне әдейілеп барып түстім емес пе. Жұрт десе дегендей кісі екен. Кіршіксіз ақ кісі, манағы, құралай көз, бетінің нұры жанып тұр екен. Манағы, көргенім сол еді. Көңілім бірден құлай кетті. Өнердің де неше түрлісі қонған көрінеді. Домбырамен ән салғаны қандай десеңізші! Өлеңді шығарып та айтады екен. Есебі, сол өңірдегі сұлулардан таңдап, екеуін  қатар алған екен. Ол бекзаттары екеуі екі жағында отырып алып, манағы, мырзасын күтіп отырғаны қандай көрім десеңізші!

Иләл: Саған әсіресе осы арасы ұнаған шығар-ау. Әйел дегенде кезіңнің құрты бар болатын сенің. (күледі)

Ахмет: Сондайлар екеуден, үшеуден алып жатқандықтан емес пе, бізге жетпей, әлі бойдақ жүргеніміз (жымияды).

Шарапиден: Сендер бөгде сөзбен бөле бермесеңдерші, әлгі жайтты айт, тыңдайық та?!

Бөжен: Қабышқа: «әдейі келдім, атақ-даңқыңды алыстан есітіп келдім, таныс болғалы келдім», -  дедім. Содан манағы, жігіттеріне иек қағып еді, өзімді төредей күтті де салды. Манағы, астыма көрпе салып, шынтағыма жастық берді. Қас пен көздің арасында   құрметке баттым да қалдым. Қабыш мырзаның айналасы күні-түні думан-сауық болады екен. Бағанағы, еркімше қызыққа әбден баттым-ау келіп.

Шарапиден: Әй, сен мырзаңды мақтай бермей, әлгі Патшаның тақтан құлағаны жайлы неге айтпайсың?

Ахмет: Тиме, Шарапиден, еркіне жібер, барынша баяндасын.

Иләл: Я, бір көсілгелі отыр ғой, «есебі мәселесі» көбейіп кетіпті ғой (қалжыңдап).

Бөжен: Манағы,  қонақ болған күннің ертеңінде Жүсіптің Иманқұлы келіп түсті. Бұл кісі де Қабышпен терезесі тең, аты Алашқа әйгілі кісі екен. Екеуі бірін-бірі сағынысып көріскен бе қалай, қайта-қайта құшақтасты. Манағы, Иманқұл келісімен бұл үйдің тәртібі өзгеріп шыға келді. Құшақтарын айырмай отырған екі сұлу келіншек қасқыр көрген қояндай орындарынан атып тұрып, ибамен амандық етті де, басқа бөлмеге зытып отырды. Одан қайтіп көрінген жоқ. Иманқұл келісімен бос күлкі, бейсауат сөз пышақ кескендей сап тыйылды. Манағы, көңілдің барлығы келген құрметті қонаққа ауды. Қонақ та топшысын қаққызбайтынға ұқсайды. Ол отырғандарды салмақтылықпен айнала бір шолып қарап алды. Қабыш мырза да оның ыңғайымен болып отыр. Мені мына өзіміздің Ақтілес руынан, құдайы қонақ деп таныстырды. Содан барып, өзінің амандығын сұрап білді.

- Көп болды ғой, ел шығып кетті деген еді, не есітіп, не білдің, әңгімеңді айт. Жақсы хабарың болса, тыңдайық, - деді Қабыш.  Иманқұл да көп бөгелмей, шешіліп сөйлеп кетті. Ол алдымен Қабышты бір жанып өтті. Онысы   құрдас адамдардың әзілі іспетті болды. «Сен сияқты қатынды қатарлап алып, қасынан шықпай отырғаным жоқ, талай алысты кездім, көргенім де, естігенім де бар. Хабардың үлкені Патша-ағзам тақтан түсіпті, соны есіттім. Үкіметті қазір «Керинке» деген біреу уақытша билеп отырса керек.  Ресейде таққа талас болып жатыр. Большак пен Меньшак дегендер шығыпты. Патшаның жандаралдары да шығыпты», - дейді. Осыны естіп Қабыш екеуін үйде қалдырып, тысқа шықтық. Бір уақытта даяшы жігіт келіп: «Мырза енді қонағын күтеді, сіздерге қалған сауықтарын қонақ үйге барып өткізе берсін, ал аттанам деушілеріне лұқсат, мырза қош айтты, - деді. Өлеңші, ақындары қонақ үйге ауысып жатты, мен манағы атты алдыртып, елге жүріп кеттім. Міне, бар болғаны осы».

Бұл шағын ғана үзіндіде Қимаш (Қимадиден) ақын Иманқұлдың қандай деңгейдегі адам екенін сипаттап, атағы алысқа тараған Исаның Қабышымен қатар отырып ақылдасатын абыройы асқан ақтаңгер әрі оның жақын досы екенін деректі оқиға негізінде шебер жеткізе білген. Сол секілді Қимадиден Нығыманов Ыдырыс Тілеубердиннің жазбаларынан да Бәтістің Иманқұлы туралы деректермен қатар ел ішіндегі әңгімелерді  жазып алған екен.

 

Намыс

 

Иманқұл тірлігі қайнаған Семей қаласына түрлі жұмыстарымен жиі келетін. Сондай бір келгенінде сауықшыл Дайырбайдың Мұқышы екеуі бақ ішінде әңгімелесіп, бір мәуелі ағаштың саясындағы орындыққа келіп отырады. Сол уақытта орысша әдемі киінген орыс жігітінің қолтығына тығыла енген «нәшәлниктің» гүл-гүл жайнаған шолжаң қызы екеуі аяғын ерке басып, мәз-мейрам болып күлісіп келе жатады. Олардың киім үлгісі ерекше, опа-далап жаққан бет-жүздері де жадыраңқы, тым әдемі еді. Жігіт үкімі жүріп тұрған Семей генералының баласы, ал қыз болса қала «нәшәлнигінің»  бой жеткен еркесі. Патшалық Ресейдің өкілдері болып табылатын «екі жуанның балалары жақында үйленеді екен» деген сөздің шыққанына да аз уақыт болмаған. Өсек сөз жерде жатпайды, дәу де болса халықтың қалт айтпағаны болар. Махаббатқа мас екеуі Иманқұл мен Мұқыштың қасынан өтіп бара жатып, иектерін жоғары көтеріп, мұрындарын тыржитып «жабайылар» деген кейіпте адырая қарайды. Бұл уақытта Иманқұл қасындағы Мұқашқа патша өкілдеріне қанша қарсы болғанмен, олардан да ізгілік, мәдениеттілік қасиеттерді үйрену керек, әлемге аты шыққан ақыл иесі деп танылған ғұламаларын оқу қажеттігін тұшына әңгімелеп отырады. Қастарынан өтіп бара жатып, қыздың қасындағы күйеу жігіт жүздеріне тура қарамай, қыздың алдында батырлығын көрсетпек болып:

- Мына калбиттерге осындай көрікті жерде не бар, әдемі бақтың сиқын кетіріп, - дейді естірте орысша.

Мұны ести салысымен орыс тілін жетік білетін Иманқұлдың қаны басына тебеді. Намысқа булыққан ол  біраз отырады да, қас пен көздің арасында шыдамы жетпей әлгілерді қуып жетіп, «әйтеуір саналарыңда мәдениетсіз деген түсінік сақталып қалған ғой, қырып аласың ба?» дегендей, қыздың алдына бір түкіреді. Қысырақтың үйірінде жүрген сәурік құсаған жирен жігітке тесірейе бір қарап:

- Я тебе покажу калбита, - деп тулақ құрлы көрмей тізеге салып, астына басып алып умаждай жөнеледі. Сол жолы екінші аузына «калбит» деген сөзді алмастай етіп сыбағасын береді. Бұл іс осымен аяқталады.

Артынан «нәшәлник» өзінің уряднигін Иманқұлға жіберіп, жауап алады.

- Сен бүгін «нәшәлниктің» күйеу баласын бақта ұрдың ба? - деп сұрайды урядник. Сонда Иманқұл міз бақпастан:

- Жоқ, қайдағы «нәшәлниктің» күйеу баласы. Мен бақта бір мәдениетсізді кездестірдім. Бізді «калбит» деп қорлаған орыс жігітін ұрғаным рас. Қорлық сөзі үшін барлық ұлттың атынан сыбағасын бердім. Ал «нәшәлниктің» мәдениетті, оқыған ұлын көрмедім, - деп жауап береді Иманқұл. Өзінің «айыбын» бір сөзбен жуып-шайған Иманқұлға урядник айтарға сөз таппай, кері бұрылып кеткен екен.

 

Өзімшіл өзекке тебеді

 

Шамасы 1896-1897 жылдар болуы керек. Жеті мың жылқы біткен уақтағы Жаңқара байдың отыз ұлы болыпты. Оның еті тірісі Иляш, Құсайын екен. Екеуі - елді отыз жыл билеген болыстар. Песчан қорғанысының маңындағы  шабындықтағы әскери запастағы участокті жалға алып, шартпен пайдаланып жүреді екен.

Бір жылы қорғаныс бастығы полковник Пантелеев (халық оған  «ақбас ояз», «қисық көз төре», «дорба сақал ояз», «піскен бас төре» деп неше сықылды аттар қойып атаған) мерзімінен кешіктірген төлемі үшін пайдалану құқығын қасақана жояды. Осыны қуған Құсайын болыс «ақбас оязға» не істерін білмей, жерді алудың лажын табу үшін істемеген амалы қалмайды. Кімнен көмек сұрарын білмеген Құсайын Райыстың Әйтімі мен Исаның Қабышына барады. Ақылдаса келгенде олар:

- Бұған Иманқұл бір лаж таппаса, біздің қолдан келе қоймайтын шаруа екен, - деп жауап береді. Олар Иманқұлға келіп мән-
жайды баяндап, тығырықтан шығар жолдың қандай болмағын сұрайды. Біраз ойланып отырып Иманқұл:

- Күн көзін бұлт басса, көлеңке қашады. Ашық болса, бай қашады. Басына іс түссе, тағы да сол бай сасады. «Еке», «Меке»-сін айтып, үйіңді ат басады. Шіркін Абай ағам дәл айтқан ғой, - деп Жаңқараның Құсайынына қарайды.

Иманқұлдың бұлай тұспалдауы тегін емес. Өткен күндердің бірінде Пантелеевтің Қарамиектегі бір сүйекшатысының жүйрік атын Қошман түнде алып кетеді. Соңынан жуандар істі бір жақты етіп шешу үшін  бітімгершілік судьяның қарауына жүгінеді. Сол уақытта Иманқұлдың араласуымен Қошман жағындағы Құсайынға төрелік тиген екен. Содан бастап Пантелеев өштесіп, жоғарыдағы істі әдейі жасап отырғанын айтады. Көп сөйлеместен, Құсайынға жақында өзі баратынын, істі шешетінін, біраз күту қажеттігін  айтып шығарып салып, Қабыш пен Әйтімді  қонақ етеді. Сөйтіп олар ел аралап, сауық жасап, Құсайын ауылына аттанады.

Келген қонақтарды Құсайын өзі бастап бәйек болып қарсы алады. Есігін ашып төрге шығарады. Төргі үй есіктен төрге дейін дүниеге тіреулі екен. Оң жақ - түгел қырмызы қызыл жібек парсы кілемдер. Иіндете салынған құс төсек, жастық. Жайнаған қатар-қатар атлас көрпелер. Сәкі үсті - тоғыз қабат торқа мамық. Үстінде алпыстардан асқан бір бәйбіше отыр. Бәйбіше - ашаң жүзді, ат жақты, орта денелі адам. Төгілген дүрия, шәйі киімдер. Кимешегі сары ала оқа, қолында - қаптаған алтын, күміс жүзік, сақина. Білегінде - шорлы қарала қапказ білезік. Үлкен кісіге қонақтардың екеуі қол беріп, ізетпен сәлемдеседі. Иманқұл болса жәй ғана ілтипатпен амандасып, таққа отыра кетеді. Отырып жайланғаннан кейін әлгі кемпір:

- Уа, Құсайынжан, бұл қонақтарың кімдер болды? Танsстырып отырсаңшы, - дейді.

- Сары апа-ау, ана отырған - кешегі дуан басы болған Қазанғаптың шөбересі, Бердалы мырзаның кенжесі Иса мырзаның баласы Қабыш мырза. Мына отырған - руы апай, атақты ақсақал Райыстың баласы Әйтім мырза. Ал мына отырған жігіт - руы найман, арғы бабасы Бәсібек, бергісі Бәтіс, өз әкесі Жүсіп баласы Иманқұл, - деп таныстырады Құсайын Иманқұлдың ныспысына мырза сөзін қосақтамай.

- Бәсе, солай десейші. Онда жарайды. Мына екі баланың өмір жастары ұзақ, жортқанда жолдары болғыр екен. Тілеулері асыл болғыр екен. Өздері қол беріп сәлемдескен иманжүзділер екен қарақтарымның. Ал мынау, әлгі Жүсіптің мінезді, талай кірмені лақша бақыртқан, орысша оқыған баласы бар деуші еді, сол екен ғой, - дейді бәйбіше жаратпай. Құсайын «мұқтаждықтан шақырған Иманқұлды анасына сөктірдім-ау, неге мырза деген сөзді қосақтай салмадым екен» деп қатты налиды. Қабыш пен Әйтім де айтарға ауыздарына сөз түспей, жер шұқып қалады. Кенет Иманқұл орнынан астына біреу от қойғандай атып тұрып, сырт киімін иығына желбегей жамыла салып тысқа шығып кетеді де, іле қайта кіреді. Бәйбішенің алдына барып иіліп келіп:

- Ассалаумағалейкүм бәйбіше. Ғапу етіңіз. Сіз кешірсеңіз, Құдай да кешіреді күнәмді. Әйтпесе мына Бұзаубай мен
Сиырбайдың тілегін кім қабыл етеді дейсің. Сізге ә дегенде қол бермей, күпір болдым, - деп қол ұсынады. Аң-таң болған бәйбіше қолын алады. Рахметін айтуға оқталып сөзге келгенше Иманқұл шапшаң тұрып
далаға қайта шығып кетеді. Аз бөгеліп, тағы да ентелей басып келіп, кемпірге қолын ұсынады.

- Ассалаумағалейкүм, ана! Паң ана, жарылқай гөр! Күнәлі болған күпірмін. Сізге ә дегенде қол бермей, қара басты. Онымды Құдай да жек көреді, сіз де жек көрдіңіз ғой, бәйбіше. Міне созып отырмын ғой, қолымды алыңыз, бәйбіше, алыңыз, қиылып өтінемін.

Бәйбіше ернін күбірлетіп, таспиғын тізесіне тастап, қолын тағы алады. Иманқұл тысқа үшінші рет беттейді. Жолдастары осы кезде бұл әрекеттің артында бір қулық барын іштей сезіп реңдері жылып, күле бастайды. Иманқұл қайта оралып келіп:

- Ассалаумағалейкүм! Ер кезегі үшке дейін, - деген. Иә, Алла, күнәмді кешіре гөр! Міне қолым, алыңыз, -
дейді. Бәйбіше ендігісін өрескел көріп, қабағын тыжырайтып, қолын ұсына беріп кейін тартады. Осы кезде Иманқұл қолынан шап беріп ұстай алып:

- Уа, молда, хазірет, имамдардың айтуынша, киелі анамыз 95 жасында  Ысқақ пайғамбарды тапқан екен. Жәкем ақсақалдай бір шал тауып, Ысқақ пайғамбардай бір ұл таппақсың ба, бәйбіше, осы қолмен. Нұх пайғамбар 950 жыл жасапты дейді. Осы қол өміріңді сондай ұзарта ма бәйбіше? О дүниеде бау-бақша өскен ұжмақ бар дейді. Сонда осы қол мына дүниеде шаріп жайыңызда жұмақ әпере ме, бәйбіше? Жаңқараның көп таптығы, көп қырты қайдан жаралып туды десем, ұясы мында отыр екен ғой. Қолыңызды алмағанымда не құн қалып еді? - деп қолын қатты қысып қалады.

- Ойбай, қолым, - деп кемпір селк етіп айғайлап жібереді. Сыртты жүргендер бәйбішенің «ойбай, қолым» дегенін «ойбай, құлыным» деп естіп, кейін ел ішінде «Иманқұлмен құлынымдап көрісіп жатыр», - деген сөз тарап кетіпті.

 

Шәукен құмындағы шырғалаң

 

- Мына Шәукен құмындағы дауды жеңген - Иманқұл. Оны Әлібайдың Арыны айтқан. Ол кісі Баянауыл райкомының бірінші хатшысы болды. 1997 жылы Құркөл ауылында қайтыс болды. Иманқұл Исаның Қабышы, Мәшһүр Жүсіп, Иманжүсіп, Естай туралы көп білетін, түртіп қалсаң сөйлей жөнелетін. Мен ондай есте сақтау қабілеті таңғажайып  адамды көрген емеспін. Ол кісіні мен әке дедім. Жәнібек Кәрменов: «Әй Қуеке, мына шежірені қасыңа салып алып байып жүр екенсің ғой», - дейтін марқұм.  Қазанғаптың жерленген жерін 1987 жылы маған көрсеткен - сол кісі, - деп бастады әңгімесін белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов. – Кереку төңірегінде қыстың күні тұз саудасын жүргізгенде  кіре тартады, адамдар лаулап ат ауыстырып жүреді. Ол кезде тұз - қат дүние. Алыс аймақтардан саудагерлер келеді. Тұз тасу оңай шаруа емес қой. Осы маңаттағы Шәукен деген бай кіре тартып келіп, жағдайға байланысты құдайы қонақ болғандарды өз үйіне босағасын аттатқызып қондырмайды және ауылындағы басқалар да соның жасағанын істейді екен. Шағымданып жоғарыға барайын десе, жуан жұдырығынан қорқады, оның үстіне әкім-қараның барлығының аузын алып қойған. Жаяулап-жалпылап жүріп қатты қиналған, үскірік аязда далада қалып жүрген кірешілер жиылып бұл мәселені шешсе, Имекең шешер деп Иманқұлға келеді.

- Имеке, масқара болдық. Қанша кісі өліп жатыр, қаншама адам үсіп жатыр. Шәукен бай бәріне пара тыққылап, өз жағына қаратып алған. Ешкім қарсы сөз айтуға бата алмайды. Қиналып келгендерді ағайыншылыққа қарамай, ауылына қондырмайды. Әбден мезі болдық, - деп шағымданады. Иманқұл шағымдарын қаныға тыңдап, үндеместен басын изеп, жарайды деп айтыпты. Содан  екі-үш күн өткеннен кейін боранды түні  көшір балаға ат жектіртіп, жолға қамдануға бұйрық береді. Иманқұлдың өзі алып адам болған ғой, қашанда жайдақ шанамен жүреді екен. Сол тартқаннан серіктерімен бірге Шәукеннің үйінен бір-ақ шығады да, жақын келіп түн ішінде есік қағады. Мұндай шақырусыз келетін қонақтарға бой үйретіп алған және айтатын дәстүрлі жауаптары да дайын үйдің мән-жайы белгілі.

- Кімсіңдер? - дейді есіктің арғы жағынан қаһарлы ер дауысы.

- Ойбай, үсіп барамыз, есігіңізді аша көріңіз, өлетін болдық, - дейді Иманқұл жалынышты үнмен. Бірақ есік ашылмайды. Үйге кіргізбейтінін білген Иманқұл қасындағы серіктерінің біріне «ана жатқан қиды алып, үйдің түтін шығатын мұржасын жап» деп бұйырады. Түтіні сыртқа шықпай бықсыған пештің ысына тұншыққан бай шыдай алмай, үйден арыстай екі баласымен шыққан кезде Иманқұл бір баласын солға, екінші баласын оңға ұрып, Шәукеннің өзін тақымының астына басып алады.

Бұл оқиғаны Байғабыл Жылқыбаев: «Иманқұлдың тақымына түскен соң, ол сорлыда ес қала ма», - деп қызық қылып айтатын. Иманқұлды таныған бай: «Имеке, сіз екеніңізді білсем, кіргізуші едім ғой, кешіре көріңіз», - деп жалынады. Қаншама кірешілердің теперіш тартып жүргеніне және қазақылық танытпаған байға ыза болған Иманқұл оны үскірік аязда айдалаға алып шығып, әбден суыққа тоңдырып, үйінің алдына әкеліп тастап кетіпті. Содан бастап Шәукен байдың ауылы құдайы қонақтарын Құдайындай сыйлайтын болыпты.

Жалпы Иманқұл ешкімге бағынбайтын, өзімен-өзі ешкімге соқтықпай жүретін еркін жан болған дейді. Қарағай жағына барғанда да небір баскесер мықтылар бата алмайды екен. Жұмырдықты, аңыз адам болған ғой. Сонда оларға қаратып: «қыр қазақтары төбелеске келсе, маған да айтып қойыңдар. Анда-санда мен де арқамның құрыс-тырысын жазып, қан жүгіртіп тұрайын», - дейді екен жарықтық. Байғабыл Жылқыбаев: Бұлар Қабышпен бірге тоғайдың бесеуі болып ел басқарып жүрген кезде біз оларға қолбала болатынбыз, - дейтін. Жалпы, Бәтістің Иманқұлы кесек мінезді, елдің құрметінде жүрген тегі бар адам болған ғой, - деп аяқтады әңгімесін қазақтың ұлтжанды ұлы Қуат Есімханов.

Өңір жұртына кеңдігімен танылған Бәтістің Иманқұлы туралы халық арасында басқа да әңгімелердің сақталуы заңды. Егер оқырмандар арасында білетіндер болса, газет редакциясына немесе мақала авторына хабарласуларын сұраймыз.

 

Бейбіт Бөжен,

ақын, өлкетанушы.

 



Ұқсас тақырыптар