Алматыда High Tech Academy құрылысы басталды

1.jpg

Балаларды қорғау күнінде Алматы қаласындағы Koktobe city тұрғын үй кешені аумағында 540 оқушыға арналған  High Tech Academy инновациялық мектебінің құрылысы басталды. Мектептің жаңа ғимараты 2020 жылы пайдалануға беріледі. 

Салтанат оқушылардың болашақ буынына жолдау салынған уақыт капсуласын салудан басталды. «Болашаққа хатта» не жазылғандығы құпия. High Tech Academy уақыт капсуласын 2044 жылы мектептің болашақтағы оқушылары ашпақ. 

Салтанатқа келесі тұлғалар қатысты: ҚР Білім жәнеғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Қазақстандағы Финляндия Республикасы төтенше және өкілетті елшісі Микко Кивикоски (Mikko Kivikoski); High Tech Academy негізін салушы, KUSTO тобы директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев; High Tech Academy директоры Татьяна Бассо және мектеп оқушылары қатысты. 

Сондай-ақ, іс-шара қонақтары ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, қоғамдық қайраткер  Аружан  Сайын, альпинисші Мақсұт Жұмаев қатысты.

«High Tech Academy (HTA) академиялық және инфрақұрылымдық тұрғыда мектепті дамыту үшін Финляндия тәжірибесін қолдану туралы шешім қабылдағанына алғысым зор. HTA қазірдің өзінде финдік білім беру үлгісін жергілікті  мәдениетпен және қажеттіліктермен біріктіріп отырған жарқын мысалға айналып үлгерді. Финляндия HTA мектебімен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын», - деді Кивикоски мырза. 

5.jpg

High Tech Academy – финдік педагогиканы және жоба арқылы оқыту әдістемесін (Project-Based Learning) ұсынатын Қазақстандағы жалғыз мектеп. Parviainen бюросы сәулетшілерінің идеясында оқыту кезінде дене белсенділігін арттыру және аз қозғалуды азайтуды көздейтін финдік оқыту идеологиясы жатыр. Сондықтан жобада бос кеңістіктер, академиялық материалды дене жүктемесімен үйлестіру мүмкіндігі, оқушылардың оқу кеңестігінде еркін қозғалуы, белсенділік және демалу аймағы қарастырылған. 

«High Tech Academy арқылы біз Қазақстандағы жаңа білім беру кеңістігін жасап жатырмыз. Мұнда нақты ғылымдарды зерттеп қана қоймай, әлемді танып, өз орныңды табу үшін жағдай жасалады. Біз балаларымыздың қателесуден қорықпай, оларды түзетіп, алға жүруі үшін, қиялға беріліп, эксперимент жасауы үшін мүмкіндігі болғандығын қалаймыз» - деп атапөтті мектептің негізін салушы Еркін Тәтішев. 

Мектеп еуропалық сәулет тұжырымдамасымен салынған шағын қабатты отбасылық тұрғын үй кешені - Koktobe city аумағында қызмет жүргізбек. Бүгінгі күннің талабын ескеретін болсақ, жан-жақты даму және қосымша дағдыларды игеру бала тұлғасының сәтті дамуы үшін қажетті іргетасқа айналып отыр. Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін мектеп жобасында арт және музыка орталығы, бассейн және фитнес-орталық, би студиясы, көп функциялық спорт алаңы қарастырылған. Осы мүмкіндіктердің барлығын бір ғимарат аясында біріктіру балаға мектеп қабырғасынан шықпай-ақ күні бойы дамуға мүмкіндік бермек. Қазақстандық отбасыларда жиі ретте әртүрлі жастағы бірнеше бала болатындығын ескеретін болсақ, мектептің ішінде балабақшаның болғандығы ата-аналарға өз уақытын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік бермек. 

Капсуланы салғаннан кейін салтанат қатысушылары мектеп құрылысының кері санау таймері іске қосты. Құрылыс алаңындағы электрондық таблода әрбір адам мектепті  пайдалануға бергенге дейін қанша күн қалғандығын көре алады. 


Ұқсас тақырыптар