Ұлы ұстазға зиярат

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы

 Дамаск - Бейбарс.jpeg

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұлы ғұламалардың бірегейі, Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына әзірлік барысында қазақстандық арнайы делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барды.

 

Бұл іссапар көптен бері жоспарланып, Қазақстан Республикасының Ливандағы Елшілігінің және Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті Елшісінің қолдауымен жүзеге асты.

Іссапардың мақсаты ұлы бабамызды зиярат етіп, жатқан жеріне Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі»  құрылысының жай-күйімен жақыннан танысу, 2020 жылы ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізуге дайындық шараларын ұйымдастыру. Достас мемлекеттер арасындағы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды насихаттап, қарым-қатынастың жақсы платформасын құру.  

 Қазақстандық делегация құрамында ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, танымал кинорежиссер Сергей Әзімовтің түсіру тобы және Qazaqstan-1 теларнасы атынан Дархан Әбдіков басшылығындағы түсірілім тобы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре болды.

Сапар аясында қазақстандық делегация Дамаск қаласы әкімінің қабылдауында болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасты. Делегация басшысы академик Ғалымқайыр Мұтанов Дамаск қаласының әкімі Адил Ануар әл-Алаби мырзамен кездесуінде ұлы бабамыздың жатқан жеріне салынған ғимаратты аса қиын соғыс кезінде сақтап қалуға атсалысқандары үшін Қазақстан атынан зор алғыс айтып, ризашылық танытты. «Сіздермен бізді байланыстыратын тарих тереңнен тартады. Отырарда дүниеге келген ұлы әл-Фараби бабамыз, кезінде сіздерде билік құрған Сұлтан Заһир Бейбарыс бабамыз осы киелі Дамаск жерінде жатыр. Бұл екі алып тұлға екі елді жақындастыра түсетін мәдени көпір, жастар тәрибесінде рухани азық, күш-жігер, үлгі-өнеге болатын тұлғалар екендігіне сенім білдіремін», - деді ҚазҰУ ректоры.

Дамаск-Аль-Фараби 2.jpg

Іссапар кезінде қазақстандық делегация Дамаск университетінің ректоры профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті. Екі университет басшысы өзара диалог барысында қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов әл-Фарабиге деген жалпы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, бізге жазып қалдырған философиялық ой-толғамдары мен жалпы адамзаттың бақытты өмір сүруіне қатысты айтқан тұжырымды ойларын бүгінмен байланыстырудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Осы бағытта әл-Фарабидің есімін иеленіп отырған Қазақ ұлттық университеті ұлы ғұламаның ізгілік қоғамы идеясы негізінде инновациялық-технологиялық тұғырнамамен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделін жасағандығын айтты. Бұл жобаны Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде таныстырып, осы ұйымның қолдауымен оны халықаралық деңгейде жүзеге асыруға ұсыныс білдіргендігін тілге тиек етті. Осылайша Қазақ ұлттық университеті БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыра бастағандығын түсіндіріп берді. Сондай-ақ бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркия, Мысыр, Италия, Қытай, Үндістан, Болгария сияқты тағы басқа елдердің жетекші университеттерінде 12 «Әл-Фараби» ғылыми-білім беру орталығы, Түркия мен Үндістанда «Әл-Фараби» атындағы музей үйінің ашылғандығын жеткізді.

Іссапар аясында қазақстандық делегация Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізді. Онда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, философиялық ой-толғамдары, әсіресе «Қайырымды қала құру» туралы айтқан ой-пікірлері кеңінен талқыға салынды. Жиын соңында халықаралық академияның дөңгелек үстел өтіп отырған үлкен залы бұдан бұлай «әл-Фараби» атындағы үлкен зал деп аталуына шешім шығарылды.

 Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратында, Сұлтан Бейбарыс бабамыздың басында және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарих-мәдени орындарды таспаға түсіріп, әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты фильмге қажетті мол видеоматериалдар жинақтады.

 



Ұқсас тақырыптар