«Томирис» фильмі көне түркі тілінде сөйлейді

FullSizeRender-25-09-19-03-24-2.jpgПарсылармен бұрын соңды көз көріп, құлақ естімеген сұрапыл қырғын соғыста, далалық ұрыс тәсілін тиімді пайдаланған сақ патшайымы Томиристің: «Тәңірі атымен ант етейін, қанға қаншама тойымсыз болсаң да, адам қанын сусының қанғанша ішкізермін»! – деп Тәңірге берген сертін орындап, тарихта қанқұмарлығымен есте қалған парсы патшасы Кирдің басын қанға бөктіріп, сусынға қандырғаны жайлы дерек бүкіл түркі жұртына қала берді бүкіл әлемге мәлім. Түркі халықтарының ата-тегі сақтардың өздерін жаулауға жасанып келген басқыншылардан елінің тәуелсіздігін осылай сақтап қалғандығын олардың өр тұлғасынан, тәкаппар келбетінен, қайтпас қайсар мінезінен, болаттай беріктігінен көруге болады. Біз осылайша Томирис патшайымның елбасылық Ұлы тұлғасын, қолбасшылық асқан ерлігін тарих арқылы бойымызға сіңіріп өстік.

Қазақстандық ақпарат кеңістігіне жарқ етіп шығып, үш-төрт күннен бері  жалпыға ортақ тақырып болып жатқан «Томирис» кинолентасының трейлері туралы пікірлер сан алуан, сауалдар көп. Желіні қарап отырып, көзі қарақты оқырман мен көрерменнің сансыз сауалдарының ішіндегі басты сұраққа жауап беруге тура келіп тұр.

Контентті шулатып, жауабын сан-саққа алып кетіп жатқан  «Томиристің» сөйлеу тіліне қатысты ақпаратқа қанық болыңыздар.

Фильм кейіпкерлері көне түркі тілінде сөйлейді.

Осы жерде көпшілікке түсінікті болу үшін «көне түркі тілі» туралы мәлімет бере кетейік.

Көне түркі тілі – қазіргі түркі халықтарының алғашқы жазба әдеби тілі саналатын ата тілі. Көне түркі тілінің негізгі лексикалық қоры, фонетикалық және грамматикалық жүйесі ортағасырлық, сондай-ақ қазіргі түркі тілдерімен ортақ болып келеді. Оған V-VIII ғасырлардан бізге жеткен көне түркі жазба ескерткіштері дәлел бола алады. Олар Сібірде, Енисей, Лена өзендерінің аңғарларында, Моңғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабында, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауындағы ескерткіштер.

Жазба деректерде Қазақстан территориясының барлық аймақтарындағы тиграхаудтар, хаомоваргалар, парадарайлар, массагеттер, даилер, аргипеилер, аримаспылар, исседондар, савроматтар, каспылар секілді «сақ» этнонимінің басын қосқан тайпалардың көне түркі тілінде сөйлегендігі жайлы дереккөздер бар.

Бәріміз білетіндей 1970 жылдардың басында Есік қорғанынан сақ тайпасының жас көсемінің зираты табылды. Алғашқы «Алтын адам» табылған жерге қаншама ғалымдар ғылыми зерттеу жүргізгені жайлы да көптеген мәліметтер бар. Солардың ішінде Алтай Аманжолов Есік қорғанынан табылған 26 таңбалы күміс тостағаншадағы жазуды оқып, аудармасын жасады. Ғалым көне түркі жазуын ары кеткенде V-VIIІ ғасырларда ғана пайда болған деп жүрген белгілі ғалымдардың пікірлерін жоққа шығарып, эпиграфиялық ескерткіштерге сүйене отырып б.з.б. V-IV ғасырларға, яғни 1000 жыл бұрын болғандығын жазады.

IMG_3817-25-09-19-03-25.JPG

Ендігі мәселе – неге фильмді қоюшы режиссер «Томиристі» әдеттегідей орыс тілінде немесе қазақ тілінде сөйлетпеді деген сауалға жауап.

Томиристің патшалық құрған дәуірі б.з.д І мыңжылдық кезеңіне барып табан тірейді. Бұл дәуірдің әдеби мұраларына ғылымның көзімен қарасақ – бұл көне түркі тілінің барынша дамып, дала түркілерінің мәдениеті мен өркениетінде біршама жетілген кемелденген кезеңі еді. Көркем туындының шынайылығын арттыру үшін, сол қоғамға жақын бару үшін, Томирис xанымның түркілік келбетін ашып көрсету үшін режиссер «түркілердің ата тілінде» түсіреміз деген жауапты да батыл шешімге келуі тегін емес еді.

Нешеме ғасырды артқа қалдырып, тариx саxнасының шымылдығын түріп тастап, санада сарматтар мен сақтардың, ғұндар мен үйсіндердің руxын оятып, Тоныкөк пен Күлтегіннің тасқа қашап кеткен сөздерінен мән іздеп, Тәңірге табынған «ата тіліміз» мыңжылдықтардан кейін қайта тірілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетіндегі жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы республика бойынша «көне түркі тілін танитын» классикалық түркітанушы-лингвист мамандардың іргетасын қалаған бірден бір жоғарғы оқу орны болып табылады. 1950 жылдан бастап «Көне түркі тілі» фундаменталды түрде игеріліп келе жатқандықтан, кафедрада әйгілі түркітанушылар С.Е. Малов, Ж.А. Аралбаев, А.С. Аманжолов, Р.А. Авакова,  Е.Б. Саурықов, О. Сапашев, Қ. Молғаждаров сынды  ғалымдар қызмет етті. 2017 жылы қыркүйек айында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудьясы «Сатайфильм» кинокомпаниясынан аталмыш кафедраға «Томирис» картинасын түсіруде бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп түсті.

Кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәдиева Гүлмира Баянжанқызының ұйымдастыруымен фильм сценариін көне түркі тіліне аудару жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Аударма жұмысы кезінде түркологияға, көне түркі тіліне қатысты отандық/шетелдік ғылыми-теориялық еңбектері мен қазіргі дүниежүзіндегі 40-қа жуық түркі тілдерінің дереккөздері, лексикографиялық еңбектер пайдаланылды. Аударма мәтініне кинокартинаның басталғанынан аяғына дейін екі жылға жуық уақыт кетті. Аударма жасау ісінде кеңес берген түркітанушы ғалымдар Г.Б. Мадиева, О. Сапашев, Е. Саурықов, Қ. Молғаждаров, Ж. Акимишевалардың ерен еңбектерін атап өту керек. Фильмнің түсіру алаңында тікелей актерлер тобымен жұмыс жасау жауапкершілігі тікелей маған және кафедраның PhD докторы Г. Борибаеваға жүктелгенін де айта кеткенім жөн. Түсірілім кезіндегі мәтінмен жұмыс жасап жатқан сәттер туралы жүйелі түрде ФБ, Инстаграм әлеуметтік желілерінде ақпарат беріп отырдық.

FullSizeRender-25-09-19-03-24.jpg

Кино өнері – көркем шығармашылықтың бір түрі. Картинаның түсірілім алаңына бастан-аяқ куә болған филолог-лингвистің көзімен қарасам – жалпы фильм индустриясы, драматургия, сценарий, локация, актерлік құрам, эпизод, монтаж, дубляж, гримм сияқты толып жатқан дүниелер – тек  мықты мәтін мен сол мәтінді жеткізу шеберлігі болмаса, көрерменін қозғай алмайды. Түсірілім алаңы – өзінше майдан секілді. Кейде «режиссердің шешімі» жекелеген сала маманының шешімімен астаспай жататын кездер болады. Шығармашылық алаңдағы образ бен ситуацияға қатысты екі маманның пікір қақтығысы – өз алдына бір әңгіме. Режиссер шығармашылық тұлға ретінде «нестандартный замысел» жасап, кейбір сөздерді өзгерткісі келді. Түркі тілінің лингвистикалық ерекшеліктерін «первозданность языка» деп қарайтын тюрколог сөз мазмұнын сақтағысы келіп, сараптама жасауға да мәжбүр болған кездеріміз болды.

Мәселен, фильмнің  өн бойында жиі қайталанатын «әке» ұғымы көне түркі тілінде *baba, `Aba` сөзімен дыбысталып, арғы ата тектің бөлінбей берілу жолын білдіреді. Көне түркі сөздігінде  [Ataŋ öldi ersä, ataŋ men saŋa, atalyq qylajyn, oyul bol maŋa «Егер сенің әкең өмірден қайтса, мен сенің әкең болайын, сен менің ұлым бол»] деп көрсетілген. Картина кадрларын түсіру барысында режиссер Аxан Сатаев мырзаға осы сөздің дыбысталуы мүлдем көңілінен шықпады, қанша лингвистикалық жағынан түсіндірме жұмыстарын жүргізгенмен, режиссер бұл сөздің басқа вариантын талап етуін тоқтатпады. Ұзақ түндер ескі әдеби мұралар мен сөздіктерді ақтару барысында  *qaŋ сөзін ұсындық. Бұл сөздің негізгі мағынасы «ата, ер». `Qaŋ` сөзі өте ерте кездегі көне түркі ескерткіштерінде ғана қолданылған. Қазіргі түркі тілдерінің барлығында қолданыстан шығып қалған арxаизм. Орхон ескерткіштерінде, көне ұйғыр руникалық жәдігерлерінде ғана көрсетілген. Мастер тарапынан `Qaŋ` сөзі бірден қолдау тауып, фильм арқылы өзінің екінші өмірін бастап кетті.

   Сондай-ақ, bek, elik, qaγan, qan, jabγu секілді сол кезеңдегі ел көсеміне, басшысына  қатысты титулдық атаулар болған. Бірақ режиссердің талабы бойынша түркі тілдерінің ішіндегі ең көне элементтер сақталған чуваш тіліндегі  ertӱҫe  нұсқасы алынды.

    Жалпы, түркология ғылымының жетістіктеріне арқа сүйеген отандық киноиндустриядағы  ірі жоба жүзеге асты деп есептеймін.  «Томирис» фильмі түркілердің тұяғымен дала кезген дүбірлі дәуренінен xабар беретін тариxи туынды ғана емес, тасада тығылып жатқан күллі түркі әлемінің ата тілін қайта тірілткен трейлер болды.

 

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Б. Мадиева

Филология ғылымдарының кандидаты С.Б. Бектемирова

 


Ұқсас тақырыптар