Ұстазыма басымды ием!

IMG-20191008-WA0006.jpg

Менің мектебім алып шаһар Алматының шетінде орналасқан қарпайым  білім ордасы.   Өзінің ашылғанына да көп бола қоймаған. Анамның айтуынша жас отбасыларға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында тұрғызылған  Алғабас мөлтек ауданына    арнайы салынған мектеп.  Оқушылар саны көп, менің 4 –ші «к» сыныбында оқитыным   сөзімнің дәлелі.   Ұстазым балалардың көп болғаны жақсы, бізге көбею керек деп  айтады.  Сонымен қатар, биылғы жылды  жастар жылы деп жариялағанын, қазақ елінің болашағы   білімді жастардың қолында  екенін жиі  сөз етеді.  

            Алтынбекова  Айжан  апайымыз  шығыстың ғұлама ғалымы  Әбу Насыр әл-Фарабидің   «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» - деген  сөзін  санамызға сіңіріп келеді.    Білімді болған жақсы, бірақ сол білімді тек қана еліміздің игілігі мен болашағына жұмсау керектігін ұмытпағайсыңдар  дейді.  Білімді болу үшін ізденіс пен  білімге құштарлық  болу керектігін ескертеді. Бүгінде елімізде танымал тұлғалардың барлығы дерлік  шетелде,  немесе лицей – гимназияларда, ақылы мектептерде білім алмаған екен. Олар да мен секілді алғашында қарапайым орта метепте оқыған. Бүгінде әлемге әйгілі математик ғалым, академик  Асқар Жұмаділдаев    Қызылорда қаласының Шиелі ауданында туып,  бастауышты  №299 темiржол төртжылдық  мектебiне оқыған. Меніңше математикаға деген құштарлығы сол мектепте  оянған болар.   Атақты академик Қаныш Сатпаев Павлодар облысы Баянауыл ауданында туып сауатын ауыл молдасынан ашқан, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынап  іздемпаздылығы мен білімінің арқасында  оқу бағдарламасын  уақытынан ертерек аяқтап шығады.   Алғаш әріпті ауыл молдасының  дәрісінен таныса да, Қазақ ғылым академиясының негізін қалап, алғашқы президенті атанады.  Мұндай мысалдар өте көп.

            Ия, біздің қалада жақсы мектептер баршылық. Ақылысы бар, тереңдетіп оқытатыны бар, зияткерлік мектептер де  жоқ емес. Мақтауын келістіріп айтқанда, тіпті қызығып кетесің.  Дегенмен, мен оқитын қала шетінде орналасқан  жаңа мектептің  білім сапасы да олардан  кем түспейді  деп білемін. Бастысы менің ұстазым  жақсы. Ол  тәрбиелік мәні зор мысалдарды, әңгімелер мен өсиеттерді сабақ барысында жиі айтады.   Бізге арқа сүйеп,  болашақта  биік белестерді бағындыратынымызға  шүбә  келтірмейді.  Айтпақшы, жуырда ғана біздің мектеп директоры  Әсет Нұрғазы   қала әкімі Бахытжан Сағынтаевтың  қолынан мақтау қағазын алды.  Мектебіміз қала бойынша ең үздік мектеп атанды.   Жастар жылында үздік атанған мектеп басшысы білуімше қаладағы ең жас мектеп директоры.   Жас болса да,  үлкен  іс тындырып жүрген басшы. 

            Алып шаһардың шеткілеу жерінде орналасқан біздің мектеп оқушылары әлі талай биік белестерді бағындыратынына күмән келтірмеймін. Ұстазы жақсының –ұстанымы жақсы демей ме? Олай болса, Алтынбекова Айжан апайымыздан  білім  мен тәрбие алған  біздің  ұрпақ  бақытты.    Биылғы оқу жылы мен бастауышты аяқтап, аяулы ұстазыммен қоштасамын. Қимастық сезім бар әрине, алғысым шексіз. Келер оқу жылы мектеп табалдырығын  аттайтын  оқушыларды құшақ жая жылы сөздерімен қарсы алатын ұстазымыз тағы бір топ қазақ елінің патриот жастарына  әріп үйретіп, өнегелі әңгімелер айтады. Иә, бастысы қайда оқығаның емес, кім оқытқанында екен ғой!

 

Үсен Бекарыс

Алматы қаласы, Алатау ауданы,

№ 182 жалпы білім беретін

мектептің 4 «к» сынып оқушысы



Ұқсас тақырыптар