Шырқалсын шартарапқа Шарын шатқалы!

IMG_1462.JPG

Екі жылға жуық уақыттан бері бұқаралық ақпарат құралдарының әр саласында істейтін әріптестермен бірге «қазақ журналистері» тобына еніп, ақпарат айдынының қара қазанында қайнап келеміз. Талай қызықты ойын-сауық пен танымдық кештің куәсі болдық. Соңғы кездері Қазақстанның кез келген өңіріне пресс-турға шығып,  ғажайып саяхат жасаудамыз. Көппен жүрген қандай жолсапар болсын, тым тамаша. Оның ішінде, өз ісінің білгірлерімен бірге қыдыру жанның да, тәннің де рахаты. Ең әуелі, туған өңірді толық танып, жілік-майын ішіп, тарихына сүңгуге мол мүмкіндік бар. Сосын қаланың күнделікті күйбең тірлігі мен ластанған ауасын артқа тастап, тұмса таза табиғаттен тыныстау – шынымен денсаулыққа зор пайдалы. Оған қоса, журналистік көзқарасыңызды кеңейтіп, жазуға деген шабытты ашып жібереді...   

Хош! Оқырман қауымға екі күндік жолсапарды бөлісіп көрелік. Осылай топпен бірінші күні  – Алматы облысында бой түзеген Шарын шатқалына жол тарттық. Жүйткіп келе жатқан  көліктің ішінде біріміз шуылдасып, барар жеріміз туралы сыр шертістік. Келесіміз көлік терезесі арқылы сыртқа көз тастап, тұңғиық ойға батқандаймыз. Тағы біреулер тұңғыш рет барғалы жатқан мекеннің әр сәтін қалт жібермеуге тырысып, қалта телефонына түсіріп, тыным таппайды.

Алматыдан 195 шақырым қашықтықта орналасқан Шарын шатқалы – таңғажайып өлкенің бірі емес, бірегейі. Ол - Қазақстан ғана емес, әлемге әйгілі Америкадағы Колорадо штатындағы каньоннан кейінгі екінші орында табан тіреген жақұт жауһарымыз, қазыналы қойнауымыз болып табылады.  

IMG_1393.JPG

Көз сүріндіретін кескін-келбетімен анадайдан менмұндалап шақыратын Шарын шатқалының бекзат болмысына қарап, Тәңірдің таңғажайып тартуына таңдай қағасыз. Десек те, тарихына үңіле ғылыми тұрғыда топшыласақ. Геолог ғалымдардың пайымына сенсек, кезінде мұнда алып дария болған екен. Оның түбінде тас пен құмдардың тұнбасы қалыптасқан. Алайда, су тегіс тартылып, химиялық өзгеріске ұшыраған. Табиғи құбылыстың нәтижесінде дарияның орнына айтулы шатқал пайда болған. Мұны зерттеушілер Шарында табылған теңіз жәндіктерінің қаңқалары арқылы дәлелдеген. Шатқал шөгінді тау жыныстарынан құралған. Бүгінде бұл аумақта тереңдігі 2-3 метрден басталатын Шарын өзені 225 шақырым бойы ағып жатыр. Одан кейінгісі суретшінің қылқаламынан шыққан туындыдай құз-жартастар. Оның биіктігі 150-300 метрге дейін барады. Бір қызығы, біріміз сілемдерден небір аңдардың бейнесін көрсек, екіншілер қыздың сұлбасын көрді. Енді біріміздің махаббатымыз көбірек болған-ау шамасы, әр қадам аттаған сайын жүрекшенің белгісін тани түстік.  «Қанша адам болса, сонша пікір бар» демекші, қатарласа келген әріптестердің әрқайсының қос жанары да әртүрлі нәрсені көріп, өз ойынан хабар беріп жатты.  Алып аңғарларды бетке ала жүріп, қызыл қамалдарды артқа тастай бересіз. Дәл осы шарын каньонының туристік бөлігі «Қамалдар алқабының» ұзындығы 2 шақырым, ені 20-80 метр. Статистикалық дереккөздеріне сенсек, шатқалда сүтқоректілердің 60-тан, құстардың 100-ден аса түрі бар. Сонымен бірге, қосмекенділердің 20, ал бунақденелілердің 800 түрі мекендейтін көрінеді. Бұған қоса, өсімдіктің мың жарым түрі өссе,  оның 17-сі «Қызыл кітапқа» енген. Айта кетейік, Шарын шатқалындағы Ерен тоғайы 1964 жылы өте құнды табиғи ескерткіш ретінде жарияланып, қорғауға алынған. Мұндағы Ерен ағашы туралы әңгіме мүлде бөлек. Ол өте төзімді, тіпті онымен көпір жасап қойып, оны күніге су жайып жатса да шірімейтін көрінеді. Бір баламасы соғды ағашы, орысша аудармасы ясень. Көппен ілесе жүріп, аңызға айналған, жеті адамның құшағымен пара-пар келетін ақсақал ағашты да таптық.  Киесі бар ғой деп, аттап кетпей, амандасып өттік.

IMG_1465.JPG

Енді Шарын шатқалының түсіне келетін болсақ, жылдың маусымына сәйкес өзгеріп сала береді. Мәселен, күздің мамыражай күндерінінің бірінде табан тіреген біз қызғылт реңктің көбірек куәсі болдық. Ал, бұрынырақ көктемде серуенге шыққанда қоңырқай болатын сәтіне тап келгенбіз. Десе де, табиғаттың бір бөлшегі төрт мезгілге сай өзінше құбылып тұруы табиғи заңдылық. 

Шарын шатқалының қысқаша сипаты – осы. Алайда, ғаламат өлкенің екінші тарабына тереңдесек. Кез келген сұлу мекен, тарихы бай өлке – үлкен туристік торап екені даусыз. Бұл мәселеде Шарын кенде емес. Біз бар кездің өзінде қателеспесем, 50-ден астам шетелдік туристі көзіміз шалды. Ішінде америкалықтар, поляктар және кәрістердің жүздерін ажыратып, тілдерін таныдық. Экономикамызды көтеру үшін туризмге көп мән беру керек деп мемлекетіміз шырылдап келе жатқалы аз уақыт емес. Оның қатарында, күні кешеден бері «Рухани жаңғыру» үрдісі елімізде кеңінен таралып, талай жұмыстың ілгерілеуіне мұрындық болғаны анық. «Ауызды құр шөппен сүртпей» істелген шаруаны тізбелейік. Қазір айтулы демалыс аймағында әжептәуір сервис жасақталған. Заманауи қонақүй мен коттедждер салынған. Мұнда алыстан арып-аршып келген жолаушы қонуға мүмкіндік бар. Жақсы жерлерде  қалауыңыз бойынша тамақтана аласыз. Сосын ұлттық паркті қорғау мақсатында сырттан ешқандай машина кіргізілмейді. Сондықтан туристер жаяу аралайды. Сосын арнайы үсті ашық жүк көліктері шатқалдың басынан аяғына бір демде жеткізе салатынын көріп, төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Өйткені, батыс көрген қазақпыз ғой, оларда біздікіндей шексіз сұлулық болмаса да, жанға жайлы жайлылық бар. Сонысымен ғана талай инвестицияны өздеріне құйып жатыр.

Журналистік жолсапарымды қорытындылай келе, мынаны тілге тиек еткім келеді. Шарын шатқалының шартарапқа шырқалатын кезі баяғыда келген. Әлі де кеш емес. Отанымызда шоу-бизнес әлемі шарықтап дамып келеді. Эстрада жұлдыздары шетелге шығып, ақшаны шашып, бірінен бірі жарысып, бейнебаян түсіргенше, дәл осы отандық туризмді насихаттасын. Шарын шатқалының әдемілігі қай шет елден кем?! Неге соны жарнамаламасқа? Көрікті мекенді күллі әлемге паш етуден сайысқа түспеске? Бұл – бір. Екіншіден, тарихи қысқаметражды не толықметражды, тым болмаса сапасы мықты деректі фильмдер түсіріліп, сайдың тасындай телехабарлар жасалса екен. Кәдімгі кәсіби тұрғыда, жоғары деңгейде. Егер іздесе, Шарын шатқалы  туралы талай жазба құнды деректер аз емес. Тек соны іліп әкетіп, дамытып, бейнежазбаны ғаламторға толтырып тастаса, әлемнің әр тарапынан туристер ағылар еді. «Ештен кеш жақсы», естір құлақ болса, бұл да аз мағлұмат емес. Ендеше, мархабат!

Арай ЖҰМАШҚЫЗЫ, журналист. 



Ұқсас тақырыптар