Мұсылманның жеті жұлдызы

Исі түркі баласында түн қараңғысында адасып қалса аспандағы жұлдызға қарап бағыты мен бағдарын анықтайтын әдет бар. Бұл – бабалар танымының тым тереңде екенін, халқымыздың ежелден аспан әлемімен тығыз байланысын көрсетсе керек. Бір орнынан қозғалмайтын Темірқазық жұлдызын жұлдыздардың қазығы деп атап, Үркер мен Шолпанның, Жетіқарақшының, Сүмбіленің қозғалысына қарап ауа-райын болжап, сапарлап бара жатқандары жетер жеріне жұлдыздардың көмегімен адаспай жетіп отырған.

11.jpg

Жақында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының мұрындық болуымен ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» атты еліміздегі мұсылмандардың рухани тұғырнамасы жарық көрді. Сондай-ақ осы форум барысында «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдердің тізімі» және де «Имамдардың лауазымдық жұмысына» қатысты нақты қызметтері бекітілді. Аталмыш үш құжат еліміздегі мұсылман қауымының игілігіне қызымет етіп, қажетіне жарайтын маңызды дүниелер.

Жоғарыда аспан әлемінің адам баласының жол-бағдарын анықтауға көмек болатынын бекер атап отырған жоқпыз. Ел болып ұйысып, халық болып қалыптасқаннан кейін де имандылық шарты, адалдық әліппесі, рухани ошағы, әділеттік таразысы мінсіз жұмыс істеп түруы керек. Өйтпеген жағдайда ел өз ішінен бір-бірін тонауға, қанауға жол ашып, әлдісі әлсізін жүндеуге көшпек. Ендеше бұл ретте мұсылман баласының Құдай Тағала алдындағы парызы анық болса, адамдар алдындағы тұғырнамасының болуы да заңды. 

«Жеті рухани қазық» қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасының алғашқы сатысы – Имандылық. Халқымыз ежелден имандылық жолын дұрыс бағыт деп танып, бала-шағасынан бастап үрім-бұтағына дейін имандылық жолында жүруін қадағалап, бір-біріне аманаттап отырған. Өйткені имандылық – адам бойындағы инабаттылықты, қайырымдылықты, ізеттілікті, арлылықты, кеңпейілдікті, ізгілікті оятып, адамның рухани кемелденуіне жол ашатын бірден-бір қасиет. Алланың барлығы мен бірлігіне сену де имандылықтың басты шарты. Негізгі тұғыры.

Тұғырнаманың екінші сатысы «Отаншылдық» деп аталады. Мұсылман баласы ежелден-ақ «Отандық сүю – иманнан» деп отаншылдықтың бастауы рухани кемелденуде жатқанын тап басып айтқан. Өзінің қалыптасу, құрылу жолында мемлекетіміз көптеген тарихи тар кезеңнен өтіп, соқтықпалы, соқпақсыз  сынақтарға шыдас берді. Қаптаған қалың қалмақтың қолына қарсы тұрып, батыр бабалар өзінің елі мен жерін қорғады, хандығын талауға жол бермеді. Одан кейінгі 300 жылдық отаршылдық кезеңде де тәуелсіздікті аңсаған, егемендікке ұмтылған халық дүркін-дүркін ереуілге шығып, ақырып теңдік сұрады. Осының бәрі осы мекенде өмір сүріп жатқан халықтың отаншылдығын, азат рухты екенін дәлелдесе керек. Отаныңа қауіп төнгенде кез-келген мұсылман баласының елі мен жерін қорғауға шығуы – парыз. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақты рухты, намысшыл, жігерлі, қайратты, ұлтын сүйетін, қамқор, табанды етіп тәрбиелеу отбасының, балабақшаның, мектептің, жоғары оқу орындарының, қала берді күллі қоғамның міндеті десек те қателеспеспіз. 

Келесі саты – Білімділік деп аталады. Білім алу, ілім жинау – мұсылман баласына парыз етілген. Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты да «Оқы» деп басталады. Демек адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен мәңгілік мекеніне қайтқанша оқып, тоқып, білім жинауы шарт. 

ХХІ ғасыр – техника мен технологияның үстемдік құрған заманы. Қысқаша айтқанда білім мен ғылым заманы. Қай елдің білімі мен ғылымы дұрыс жолға қойылып, өндіріс пен ғылым арасында байланыс түзіледі – солар мақсатына жетпек. Сондықтан да мұсылман баласы ислами, шариғи біліммен қатар заманауи білім алып, бойында таланты, қызығушылығы болса ғылымға да назар аударғаны жөн болар. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын білім мен ғылым ошағы саналған мұсылмандар әлемінен Әбу Насыр Әл-Фараби, әл-Хорезми, Ұлықбек сынды бабаларымыз әлемдік ойлау жүйесіне әсер етіп, адамзаттың ұстазы саналғандығы тарихи шындық. Демек мұсылман баласына оқу, білім алу, оны игі істерге жарату – уәжіп-дүр.

22.jpg

Тұғырнаманың төртінші бөлігі – Ауызбіршілік деп аталады. Тұрақтылық пен татулықтың асыл діңгегі – ауызбіршілік. Бізге дейін де, бізден кейін де халықтың ауызбіршілігі, татулығы, тұтастығы деген қасиетті ұғымдар өзінің маңыздылығын жоймақ емес. Өйткені ендігі кезекте осынау ұлан-байтақ даланы білімнің, отаншылдықтың, ауызбіршіліктің арқасында ғана сақтай аламыз. Осы ретте өскелең ұрпақты ұлт болып бөлінбеуге, бір-бірін сыйлауға, құрметтеуге, мемлекет алдында құқы мен адами дәрежелерінің тең екендігіне баулу парыз. «Бақыт қайда барасың?» деген сауалға «Ырысы мен ынтымағы жарасқан елге, ауызбіршілігі асқақ елге барамын» деп жауап қатқан елміз ғой. Сондықтан да берекенің бастауы - бірлік деп ұғып, болашағымыз кемел, келешегіміз жарқын болсын десек ынтамағымыздан айырылмайық. 

Бесінші тұғырымыз – ол әрине Еңбекқорлық. Дін де, өзге де өмір сүру қағидаттары да – масыл болуды, көшеде қол жайып тіленші болуды құптамайды. Қайта адал еңбекпен мал тауып, отбасыңды, әулетіңді асыраған дұрыс дейді. Қазіргі заманда жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек табылары анық. Тек ерінбесе болғаны. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бостан-босқа шықпаса керек. 

Жаңа формацияның, яғни біз өмір сүріп отырған заманның өз ережесі, өз қағидаты бар. Ол – еңбек еткен адамның ғана қарны тоқ, көңілі жайлы боларына кепілдік беретін – нарықтық кезең. Заман ағымына сай пайдалы білім алып, алған білімің бойынша еңбек етіп, өз несібеңді адалынан тауып жеу, ешкімнен кем болмау, қатарыңнан қалмау – азаматқа тән іс. Ендеше ұрпағымыз рухани тұрғыдан, материалдық саладан кем болмасын, бай болсын десек – бәрін өзімізден бастайық, бәрі өз қолымызда екен.

Рухани тұғырнаманың алтыншы белесі – Мәдениеттілік. Адам мәдениетті, ішкі жан-дүниесі бай, әдепті, арлы, кішіпейіл болмаса алған білімі де, жиған байлығы да дарақылық жолына, мақтангерлік ісіне шашылып кетері анық. Мұсылман баласы – ең әуелі мәдениетті болуы тиіс. Мәдениеттілік деген – ол қоршаған ортаға деген сенің қарым-қатынасың, өзгелерге деген құрметің, біреудің көзқарасы мен пікіріне деген ұстанымың. Кез-келген адам баласының ішкі ұстыны мықты болмаса күндердің күні ол нәпсіге еріп, біреуді кекетіп, мұқатып, өзінің мықты екенін дәлелдеуге көшуі бек мүмкін. Ал ішкі ұстын – ол мәдениеттілік. Мәдениеттілік – адамгершіліктің айнасы. Адам мәдениетті, көркем мінезді болмаса істеген ісінде шикілік, жасаған шаруасында кемшілік туып тұрады. Қоршаған ортаға бейімделу, қоғамдық талаптарға бағыну, өз үйіңді, жұмыс орныңды, тұтас еліңді таза ұстауға тырысу, сол жолда қызмет ету – нағыз мәдениеттіліктің, парасаттылықтың белгісі. 

Адамзат баласы жұмыр жет бетінде жаратылғалы бір ұстанымды ту етіп келеді. Ол – Әділдік. Рухани тұғырнаманың түйінді, жетінші сатысының әділдікке иек артуы тегіннен-тегін емес. Өйткені жер бетіндегі адам баласының бір-біріне деген қарым-қатынасы, алыс-берісі осы әділдік теориясына негізделген. 

Қарапайым ғана отбасылық қатынас негіздерінен бастау алып, мемлекеттік деңгейдейдегі қарым-қатынас институттарында осы әділ ұстаным, тура шешім орын алуы тиіс. Сонда ғана біздің қоғам өркендеп, өркениетіміз гүлдемек. Әділдік бар жерде – адамдардың сенімі бар, кемелешекке деген үміттері сөнбек емес. 

Міне, осы жеті тұғыр, жеті бағыт, жеті қасиет – күллі мұсылман баласының қараңғы аспанды жарқыратып тұрған жеті жұлдызы, мәңгілік бағдары болуы тиіс деп санаймыз. 

Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының жоғарыда баяндалған бастамаларын, маңызды құжаттардың қабылдануын еліміздегі ұйғыр халқы да қызу қолдап, қуаттайды. Осы елдің бірлігі мен ынтымағы жолында, мемлекетіміздің гүлденуі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының, Дінбасының бастамаларын қолдап, руханиятымыздың шарықтап, иманымыздың кемелденуі жолында жанқиярлықпен қызмет жасай бермекпіз. 

Ділмұрат КУЗИЕВ,

кәсіпкер



Ұқсас тақырыптар