Діни білім – еліміздің діңгегі

отан.jpg

Аса мейірімді, рақымды Алланың атымен!

Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән.

Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы 

мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы (бұдан әрі – ҚМДБ) қызметкерлерінің, оның ішінде имамдардың атқарып жүрген аса жауапты да маңызды істерінің, жасап жатқан оңды әрі дұрыс бағыт-бағдарларының тек мұсылман қауымының мүддесінде ғана емес, Қазақстанның егемендігін баянды етуде де үлесі орасан зор. Олардың бүгінде қолға алып, жалпы қоғам үшін пайдалы болуы үшін жүзеге асырып жүрген ізгілікті істері көңіліме қонады. Салт-сананы улаған неше түрлі түсініксіз ағымдар мен небір теріс бағыттар ойып тұрып орын алып тұрған қазіргі «шырғалаң» заманда қоғамымызды, оның ішінде, әсіресе, жастарымызды дұрыс жолдан тайдырмай, түзу жолға бағыттау мұсылмандардың басшысы – имамдардың басты мақсаты, негізгі міндеті екендігін баса атап өткеніміз жөн. Қоғамдағы бұралаң жолдар мен жайсыз жағдайларды тамырымен тазалап, талайға үлгі болатындай түзу жолды саралау мақсатында атқарылған көп істердің ішіндегі бірі және бірегейі – ҚМДБ ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумының өткізілуі.

Аталмыш форумда 3 (үш) маңызды құжат қабылданды:

1. «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы;

2. ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі;

3. ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі. 

Солардың ішіндегі алғашқысына баса тоқталып өткім келеді. Себебі, көңілімді марқайтқаны, мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтитын жеті рухани қазығымыз нық қағылып, нақты айқындалып көрсетілген.

Егер біз Имандылық, Отаншылдық, Білімділік, Ауызбіршілік, Еңбекқорлық, Мәдениеттілік, Әділдік сынды құндылықтарымызды сақтайтын болсақ:

- жүрегіміздегіЖаратушы бір Аллаға деген Иманымыз берік;

- кеудеміздегі оттан да ыстық Отанымызға деген құрметіміз жоғары;

- санамыздағы тура жолға қолданамыз деген Біліміміз сапалы;

- арамыздағы сыйластықтыұзақ жылдарға ұластыруға деген Ауызбіршілігіміз мықты;

- бойымыздағы жиған-тергенімізді іске асыруға деген Еңбекқорлығымыз ересен;

- ойымыздағы тәрбие ретінде көрсетеміз деген Мәдениеттілігіміз көркем;

- әлеміміздегі әділетті шешімге деген Әділдігіміз әдепті болмақ!

Себебі:

Имандылық – адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.

Отаншылдық – адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі. 

Білімділік – тәжірибені меңгерген дамыған тұлғаның сапасы, бұл арқылы ол қоршаған ортада бейімделуге, өзін жетілдіруге қабілетті.

Ауызбіршілік – адамдардың ұйымшылдығы,татулығы,сыйластығы,берік бірлігі, бірлесіп әрекет етуі.

Еңбекқорлық – адамды шыңға жетелеп, бар мақсатына уақытында жеткізетін қасиеті.

Мәдениеттілік – адамның тұлғалық асыл қасиеттерінің көрінісі. 

Әділдік – ізгіліктің іргетасы, яғни зұлымдық жасамау, иесіне тиесілі ақысын беру.

Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі тиіс. Осындай тәлімі мол имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.

Аталған жеті рухани қазықты нақтылай келе, форумның екінші қаралған мәселесінде, дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі бекітілген. Сәбиге ат қоюдан бастап Хатым-Құран оқуға дейінгі дін қызметкерлерінің 45 (қырық бес) міндеті қысқаша түсіндірмесімен бірге көрнекті көрсетілген. 

Үшінші мәселеде, діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері мен біліктілік және тұлғалық қасиеттеріне қойылатын талаптар тиянақты айқындалған.

Форум шеңберінде қабылданған осы 3 (үш) маңызды құжаттың негізінде басты қорытатынымыз: Дін мен Діни білім – еліміздің діңгегі!

Ислам – бейбітшілік пен сүйіспеншілік діні. Исламның негізгі мақсаты – адамдарға деген сүйіспеншілік, адам құқығына деген құрметті жүрегіне орнықтыру арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. Бір-бірімізді сыйлау, басқалардың құқығына құрметпен қарау – нағыз мұсылман болудың негізгі шарты. 

Осы орайда, ұйғыр халқының өкілі ретінде өзімнің Қазақстан Республикасы – көпұлтты мемлекетінде тұрып жатқандығымды, Елбасының, дінбасыларының ұстанған саясаттары, кез келген ұлтқа көрсетер жоғары құрметі, қазақ халқының сыйластығы, өзгелерге көмек қолын созуы – шынайы мұсылмандықтың белгісі екендігін астын сызып атап өткім келеді.

«Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз, тату елге тыныштық орнайды, бейбiт елде ғана береке болады...» деген тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзіне сүйене отырып, елімізде түрлі ұлт өкілінің тату-тәтті өмір сүріп жүргендігіне, сындарлы саясаты арқылы Үкімет тарапынан осындай зор мүмкіндіктің бізге берілгеніне халқымның атынан ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. 

Өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы барәр ұлттың бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып өмір сүріп жатқандығының дәлелі – түрі басқа болса да, тілегі бір: бірлік, достық, татулық.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар». Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы достық мәңгілік болса екен деп тілеймін.

Форумды ашқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының айтқанындай, «Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі».

Осының бәрін сезіну үшін адамның бойында имандылықтың болуы шарт. Себебі, «Отанды сүю – иманнан». 

Алла иманымыздың берік, тұғырымыздың биік, достығымыздың мәңгілік, татулығымыздың ұзағынан, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш, болашағымыздың жарқын болуын адалынан нәсіп етсін!

Құрбан ТҰРДИЕВ,

кәсіпкер.


Ұқсас тақырыптар