Мәуліт мерекесі жайлы не білеміз?

МӘУЛІТ – ХАҚ ЕЛІШСІНІҢ (С.А.У) ТУҒАН КҮНІН ТОЙЛАУ ҒАНА ЕМЕС, ХАҚ ДІНІМІЗ ҚАПЫСЫЗ НАСИҚАТТАЛАТЫН АЙ!

3.jpg

«Мәуліт» сөзі араб тілінде туған күн мағынасын білдіреді. Дереккөздерге назар салатын болсақ, Хақ Елшісі (с.а.у) тарихта «Піл» оқиғасы деп аталатын Хабашстанның Иемендегі билеушісі Әбраханың Меккеге шабуыл жасаған жылы дүниеге келген. «Піл» оқиғасын базбір тарихшылар 569-шы, кейбір тарихшылар 570-шы, келесі біреулері 571 жылы болған дейді. Алла Елшісі (с.а.у) осы «Піл» оқиғасы орын алған жылдың көктемінде, Рабиу-л-аууал айының 12 жұлдызында, дүйсенбі күні Меккедегі Құрайыш тайпасы, Хашым руына қарасты Әбдумуталіпұлы Абдолланың шаңырағында дүние есігін ашқан. Ол күні Мұхаммедтің (с.а.у) туылғанын білдіретін аспанда нәби жұлдызы туған. Қағбадаға пұттар шайқалып жерге құлаған. Кисра мен Мәдияндағы бағаналар пен мұнаралар құлаған. Зәрдуштердің пұтханасындағы мың жылдан бері сөнбей тұрған алау от өшкен. Сәуа көлінің кенезесі кеуіп кетсе, керісінше Самауа шөлін тасқын су басқан. Ібіліс соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) дүние есігін ашқанда есінен адасып қатты шыңғырған. Иә, таңғажайып оқыс оқиғалар орын алып, мұғжизалардың көрініс беруінің себебі бұл күні әлемді құтқарушы, пайғамбарлықты тәмамдаушы Алланың рахым нұры – Мұхаммед (с.а.у) дүниеге келген еді. Хақ Елшісі Мұхаммедтің (с.а.у) осы туылған күні – «Мәуліт» мерекесін мұсылман қауымы жыл сайын дүбірлетіп, дүркіретіп атап өтеді.

Ибнут-Туфайрдың жеткізуіне қарағанда алғаш рет Мысырдағы Фатими билеушісі Муиз Лидуниллаһ (972-975) дәуірінде «Мәуліт» мерекесі аталып өте бастаған. Бірақ, фатимидтер кезінде Алла Елшісімен (с.а.у) қатар хз. Әли, хз.Фатима, хз.Хасан, хз.Хусейін және сол кездегі билеушінің туған күндері «Мәуалид-ситта» (алты мәуліт) деген атпен тойланған. Сол кезеңде Мысыр христиандары Исаның (с.а.у) туған күнін кең көлемде атап өтетін болған. Фатими билеушілері оған қарсы «Мәуалид-ситта» мерекелерін ресми түрде тойлауды үрдіске енгізеді. «Мәуалид-ситта» мерекелерінде әл-Әзһар мешітінде құтпа оқылып, халыққа сыйлық таратылып, міскін-ғаріптерге садақа үлестірілген. Мысырға әйюбилердің үстемдігі орнаған сәтте, дәлірек айтсақ Салахуддин әл-Айюбидің билігі кезінде «Мәуалид-ситта» мерекелерін тойлауға тыйым салынады. Алайда, Салахуддиннің жездесі, Ирбил қаласының атабегі, Бәйтік руының биі селжұқ Музаффаруддин Көкбөрі (1190-1233) тұңғыш рет әһлу-сунна ақидасы мен шариғатына сай «Мәуліт» мерекесін атап өтуді қолға алады. Ибнул-Жаузидің айтуына қарағанда М.Көкбөрі «Мәуліт» мерекесінде жарлы-жақыбайларға садақа ретінде 5000 қой, 10.000 тауық, 100 жылқы, 100 мың табақ ас-ауқат, 30 мың табақ халуа, науқастарға дәрі-дәрмек, қарт адамдарға киім-кешек, бүлдіршіндерге көген-түп таратып, жалпы «Мәуліт» мерекесі үшін 300.000 динар ақша жұмсап отырған. Мешіттерде құтпа оқылып, «Мәуліт» жыры айтылып, Алла Елшісіне (с.а.у) салауаттар арнап, жұрт арқа-жарқа болып бұл мерекені тойлаған. Осылайша Музаффаруддин Көкбөрінің бастамасымен мұсылман қауымы жыл сайын Рабиу-л-аууал айында «Мәуліт» мерекесін атап өтуді дағдыға айналдырады. Әйюбилерден кейін әһлу сунна сенімін ұстанған Мәмлүк және Осман т.б мұсылман патшалықтары «Мәуліт» мерекесін ресми түрде атап өтуді жалғастырды. Ал, қазіргі күні неохарижиттік сенімді ұстанатын бір-екі елден өзге мұсылман мемлекеттерінің басым көпшілігі «Мәуліт» мерекесін ай бойы тойлайды.  

Фақиһтердің арасында «Мәуліттің» фиқһтық үкімі мәселесіне қатысты екі түрлі үкім бар. Бір тобы «Мәулітті» тойлауды «бидғат сәййа (жаман бидғат) десе, келесі бірі тобы «бидғат хасана» (жақсы бидғат) деп пәтуа берген. Мысалы, Мәлики мәзһабының ғұламасы Ибнул-Хаж әл-Абдари (ө.ж 1336) «әл-Мидһал» атты еңбегінде «Мәуліт» мерекесінің Хақ Елшісі (с.а.у), сахабалар, табиғиндер, таба-табиғиндер өмір сүрген кезеңде тойланбағанын алға тартып, бұл мерекені бидғат сәййа деп бағалайды. Әсілі, ибнул-Хаж фатимидтер дәуіріндегі «Мәуліт» мерекесінде еркектер мен әйелдердің бірге бас қосуын, зікір айтылғанда саз аспаптары ойналатынын негізге ала отырып, бұл діни жоралғыға харамға жол ашатын «бидғат» деп үкім кескен. Бірақ, Алла Елшісінен дүйсенбі күні ораза тұтудың маңыздылығы туралы сұрағанда, Оның (с.а.у): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі маған уаһи түсті» (Муснад, V-297) деген жауап бергенін ескерген ибнул-Хаж «Мәуліт» күні салауаттар айтылып, ауыз бекітуді құптаған. Осы ибнул-Хаждың замандасы Тәжуиддин Омар бин Али әл-Ләһми әл-Фақиһани «Әл-Мәуліт фи-л калам ала амалил-мәуліт» атты еңбек жазып, «Мәулітті» «бидғат саййаға» (жаман бидғат) жатқызған. Сондай-ақ, салафилік ілімнің негізін салушы ибн Тәймия, оның жолын ұстанушы ғұламалар, жәдидші Мұхаммед Абдуһ, М.Рашид Риза т.б ғұламалар фатимидтер тойлаған «Мәуалид-ситта» мерекесіндегі шариғатқа теріс жоралғыларды негізге алып «Мәулітке» «бидғат саййа» деп үкім берген. Ал,  Әбу Шама әл-Мақдиси, Ибн Аббад ән-Нафзи ар-Рунди, Шамшаддин ибну-л Жазари, ибн Насруддин әд-Димашки, Ибн Хажар әл-Асқалани, Ибн Хажар әл-Хайтами, Шамшаддин ас-Сахаби, Жалаладдин ас-Суюти, Мұхаммед бин Юсуф аш-Шами т.б. фиқһ ілімінің ғұламалары Алла Елшісінің (с.а.у) дүниеге келуімен адамзатқа Хақ дін түсті, сол себепті мұсылмандардың осы күні мұнтаздай таза әрі әдемі киім киіп, ауыз бекітіп, сүннет құлшылықтарды арттырып, салауат айтып, жоқ-жітікке садақа үлестіріліп, мадақ жырларын оқуын – діннің мұрат-мақсатына қайшы емес бидғат хасана (жақсы бидғат) амалдары деп бағалаған. Кейінгі ғасырларда әһлу сунна сенімі мен шариғатын ұстанатын елдердің басым көпшілігі «Мәуліт» мерекесін тойлап келе жатқанын ескерсек, «Мәулітті» бидғат хасанаға жатқызған үкімнің үстем түскенін аңғарамыз.    

«Бидғат хасана» деп үкім беру үшін де Құран мен сүннеттен дәлел керек. Жаббар Хақ Құран-Кәрімде: «Расында сендер үшін Алладан, ақырет күнінен үміт еткендер мен Алланы еске алушылар үшін Алла Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзап, 21) деп бұйырады. Хақ Елшісі (с.а.у) бір хадисінде: «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген – Раббым» деген болатын. Мұсылман қауымы әрдайым әрбір істе парасат падишасы Мұхаммедті (с.а.у) үлгі-өнеге тұтады. Осы себептен де фиқһ ілімінде Құраннан кейін суннет абсолютті қайнар-көз болып саналады. Мұқым мұсылман үшін Алла Елшісінің (с.а.у) сұлу суннеті қиямет-қайымға дейін басты өлшемдердің бірі болып қала береді. Олай болса, Ұлы Жаратушының сүйікті Елшісін (с.а.у) жақсы көрмеген, Оның (с.а.у) сүннетін берік ұстанбаған адам шынайы мұсылман бола алмайды. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім мені өз баласынан, әкесінен және барлық адамнан артық жақсы көрмейінше (кемел) иман бола алмайды» деп ескерткен болатын. Яғни, момын-мұсылманның Хақ Елшісіне (с.а.у) деген ынтық сезімі дәйім атқақтап тұруы тиіс. Алла Елшісі (с.а.у) өзін шексіз сүйген үмбетін: «Кімде-кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады. Оның күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі» деп сүйіншілеген. Демек, Хақ Елшісіне (с.а.у) салауат келтіріп, өлең-жырмен мадақ айтудың еш сөкеттігі жоқ. Қайта сауабы мол ізгі амал болып есептеледі. Жоғарыда айтып өттік, Алла Елшісінен дүйсенбі күні ораза тұтудың маңыздылығын сұрағанда, Ол (с.а.у): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі маған уаһи түсті» деп жауап берген. Яғни, «Мәуліт» мерекесі күні ауыз бекітсек, сүннет құлшылықтың сауабына ие боламыз. Тағы бір мысал берейін: «Екі қолы бірдей қурасын» (Мәсад, 1) деп қарғысқа ұшыраған Хақ діннің қас дұшпаны болған Әбу Ләһабқа Суәйба атты күңі Мұхаммедтің (с.а.у) туылғанын жеткізгенде, ол сүйіншіге Суәйбаны азат еткен. Хз. Аббастың (р.а) жеткізуіне қарағанда осы жақсылығы үшін ақыретте дүйсенбі күні Әбу Ләһабтың азабы жеңілдейді екен. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у) дүниеге келгенде қуанғаны үшін исламның қас дұшпаны Әбу Ләһабтың тамұқтағы азабы жеңілдейтін болса, Хақ Елшісінің (с.а.у) туылғанына шаттанып, ұдайы қаздай шулап салауат айтатын мұсылман қауымына «Мәулітті» қалайша мерекелемеске? Яһуди қауымы Мұсаның (с.а.у) перғауыннан құтылған мерзімі ретінде «Ашура» күндері ауыз бекітіп, бұл күнді мерекемен өткізеді. Олай болса, күллі адамзаттың шапағатшысы Мұхаммед (с.а.у) дүниеге келген күнді мұсылмандар неге тойламасқа?  

Ал, Қазақ халқы «Мәуліт» мерекесін қалай атап өткеніне тоқталсақ тарихта Алты Алаш немесе Үш жүздің баласы бас қосып «Мәулітті» тойламаған шығар. Бірақ, Қазақ халқы айт мерекелерін қалай атап өтсе, «Мәулітті» де сол деңгейде мерекелеген деп ойлаймын. Көшпелі ел бейбіт күндері кешке қарай малды жайғап болған соң жұрт алқақотан отырып «Жұмжұма», «Кесік бас», «Үш қиса», «Ахуал-Қиямет», «Кербала» т.б. діни қисса-дастандарды тыңдаса, Рабиу-л-аууал айында молдалар Қаратау мен Сыр өңірінде Шәді төренің «Сиярын», Арқада Сәдуақас Ғылманидің «Мәулітін» және еліміздің әр өңірінде «Сияр-шәріптердің» түрлі нұсқаларын оқыған. Өзіміз бала күнімізде қариялардың мешітке жиналып алып, ай бойы «Мәуліт» жырын оқығанын көріп өстік. Бұл діни жоралғы бір күнде пайда болған емес. «Мәуліт» жырын оқу дағдыға айналғанына қарағанда, бұл мереке ескіден тойланып келе жатыр деген сөз.

Тәуелсіздіктің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, талай рухани игі істер қайта қолға алынды. Соның бірі осы «Мәуліт» мерекесі десем артық айтқандық емес. «Мәулітті» мерекелеу әуелі еліміздің кейбір өңірлерінде ғана там-тұмдап атап өтілсе, 2000-шы жылдардан кейін республикалық деңгейде, кең көлемде мерекелене бастады. Ай бойы мешіттерде «Мәуліт» оқылып, Парасат падишасы Мұхаммед (с.а.у) туралы уағыз-насихат айтылып, баспасөздерде Пайғамбарымызды (с.а.у) әр қырынан танытатын мақалалар, телеарналар мен ғаламтор сайттарында бейне-роликтер, қала берді үлкен-үлкен салтанат сарайларында «Мәуліт» кеші ұйымдастырылуда. Әлбетте, осыған жеткізген Аллаға тек сансыз шүкір айтамыз! «Мәуліт» өз деңгейінде ұлықталып жатыр деп нық сеніммен айтуға болады.

 

Авторы: Мұхан Исахан. Теолог. Теология ғылымының PHD докторы.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысымен.

 


Ұқсас тақырыптар