Орбұлақ шайқасы жайлы орыс тарихшылары жазған

«Жас Алаш» сайтында жарияланған жазушы Қабдеш Жұмаділовтың мақаласын оқып, жайсыз хабар алғандай көңіл-күйім бұзылып, бұл неғылған бітпейтін дау-дамай деген ойға берілдім. Бұрынғы жылдары сан рет айтылып, сәні де кете бастаған әңгіме. Екі тарап та тынышталған секілді еді, қайтадан басталыпты. Жаңадан табылған бұлжытпас дерек, тарихи құжат болса тағы бір жөн. Бар өзгеріс – «Орбұлақ шайқасы» деген фильм түсіріліпті.

Орбулак.jpg

Қабдеш Жұмаділовтың кезінде «Жұлдыз» журналына шыққан «Соңғы көш» романынан бастап, барлық жазған шығармаларын оқығамын. Ұнатқан соң оқыдым.Үлкен жазушы ретінде құрметтеймін.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің те «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Күнәлі махаббатынан» бастап, барлық повесть, романдарын оқыдым. Газет, журналдарда жарияланған мақалалары мен сұқбаттарын да құр жібермеймін. Жазғандары жастарға, болашақ ұрпаққа өмірдің әр қырынан тәлім-тәрбие беретін, керек десеңіз өнегелі, өсиетті сөз деген пікірдемін.

Ауылда жүріп алғашқы шығармаларын жаза бастағанда атақты ақын Мұқағали Мақатаев: «Бексұлтан! Әдебиет шаруаның жұмысы бауырым, оған жең түріп жалаңаяқ кірісу керек. Еңбектен, еңбектен. Мен өзім саған сенемін», – деп хат жазған екен. Содан тоқтамай, тынбай еңбектеніп, туа біткен талантын шыңдап, талай биікке көтерілді, атақ- абыройға ие болды.

Бір сөзбен айтқанда екеуі де талантты, мықты жазушылар. Осы тұрғыдан сөз таратсам, шығарма – жазушының жан дүниесі, оның мәдениет деңгейі, ой-өрісі, көзқарасы, білімі, мінезі.

Ел өмірінен жазушы ешқашан да тысқары бола алмайды. Ол әмәнда халқымен бірге жасайды. Қай заманда да, қандай жағдайда да жазушының қоғамдық өмірден алар орны айрықша. Өйткені ол өмір тынысын тап басатын тамыршы ғана емес, өзі өмір сүріп отырған дәуірдің көрер көзі, айтар сөзі, жалпы елдің тәрбиешісі. Қалың оқырманы айтқанын тыңдайды, жазғанын үлгі тұтады. Ал бітпейтін, бас аяғы көрінбейтін айтыс-тартыс кімге үлгі болады?

Ұстаса кетер ілік емес, сыйластыққа дәнекер іздеуіміз керек. Адамдар қай заманда да өзін қоршаған ортада жөнді-жөнсіз қағысуды емес, ретін тауып табысуды ойлаған. Пайғамбарымыз «Мұсылмандардың арасындағы өкпелесу үш күннен ары бармауы керек», – деген екен.

Осы тұрғыда Қ. Жұмаділовтың мақаласына байланысты бейтарап, үшінші жақ, оқырман ретінде өз түсінігім, пікірім бар. Халық жазушысы деген атағы бар үлкен адам жалпы жұрттың, жеке адамның айтқанына да назар аударар деген үмітпен ойымды ашық білдіргенді жөн көрдім.

Тарихшы болмасам да еліміздің өткен өмірі туралы әртүрлі ғылыми еңбектерді оқып жүрем. Оның ішінде қазақтар мен Жоңғар хандығы туралы көптеген зерттеулер жүргізген ғалымдар Н. Иакинф (Бичурин), В. Бартольд, А. Левшин, В. Вельяминов-Зернов, В. Радлов, И. Златкиндердің жазғандарын да қайталап қарадым. Тарих ғылымдараның докторы И. Моисеевтің өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарияланған «Қазақтар мен Жоңғар Хандығы» деген кітабынан да біраз мағлұмат алдым. 

Қ.Жұмаділов мақаласында: «Орыс архивінде сақталған мәліметте қонтайшы 50 мың әскермен қырғызға қарсы жорыққа аттанғаны, қазақ ханы 600 сарбазбен алдын бөгегені айтылады... Бексұлтан «Жәңгір хан жоңғарға қарсы окоп қазып соғысты» дейді. Қазақ пен қалмақ ешқашан окоп қазып соғыспаған. Батыр қонтайшы жер басып алу үшін емес, Алатау қырғызын көшіріп әкету үшін келе жатқан. Алатау қырғызын өзіне қосып алмақ», – деген мәліметтерді келтіріпті.

Ал тарихи құжаттарда қалай? И.Я. Златкиннің «История Джунгарского ханства» деген кітабынан үзінді келтірейін.

«Русские и монгольские источники много и довольно обстоятельно говорят о конфликте 1643 года и его последствиях. Первым, кто рассказал о нем, был Г. Ильин.

В феврале 1644 г. Возвратившийся в Тобольск из поездки к Батур – хунтайджи. Он доложил воеводе Куракину; «Как де они пришли к контайше в улусы, и в те поры в улусах его не было; ходил де войною на Янгир – царевича. Казачьи орды, да на Ялантуша, да алатав-киргизов. А ходило де с ними воинских людей 50 тысяч. И жили де они в том улусе 4 месяца.

Рассказ Г. Ильина свидетельствуют о том, что поход против казахов начался зимой 1643 года и длился до середины лета 1644 г., что в походе участвовали ойратский владетельные князья, образовавшие целую коолицию во главе с Батур хунтайджи. К этой коолиции примкнул даже сын халкасского Алтын – хана, Омбо Эрдени, в ее распоряжений была значительная армия. Но поход оказался не вполне удачным для Батура и его союзников. Г.Ильин рассказывает: Как де он контайша ходил на Янгира-царевича и на Ялантуша войною и взял де он контайша две землицы алатай – киргизов. И Янгир де к контайше пошел навстречу с войском, а воиска де было с Янгиром 600 человек. И Янгир де покопав шанцы меж камнем, и в те шанцы посадил 300 человек с вогненным боем, а сам тремя стами став в прикрытье за камнем. И контайша с воинскими людьми приступил к шанцам и из шанцов де у контайши побили многих людей и с другую де сторону на него же, конитайшу приходил с воинскими людьми сам Янгир и побил де у контайши на тех двух боях людей тысяч за десять. И в ту же пору на тот бой Янгир-царевичу пришли на помощь Ялантуш, а с ним пришло воинских людей тысяч за 20. И контайши, увидя тех воинских людей, пошел назад, а тех де людей, которых он, контайши, взял у Янгира увел с собою. И ныне де те землицы за ним же контайшею. А нынешней де весны контайши хочет идти войною на него же, Янгира и на Ялантуша.

Сведегния, сообщаемые Г. Ильиным находят подтверждение и некоторое дополнение в рассказе Бахтыя, посла ойратского Аблай-тайши, прибывшего в феврале 1644 года в Тобольск

Батур был полон решимости отомстить казахскому Янгиру, равно как и ойратским князьям Хундулену, и другим, уклонившимся от участия в походе. Документы свидетельствуют об организованнной им закупки оружия и предметов военного снаряжения в Кузнецком уезде». Орыс елшісі әрі барлаушысы Г. Ильин Батурдың Қазақ ордасын шабуға шыққанын және Жәңгірдің 600 сарбазымен ор қазып, күркірей атылатын қорғасын оғы бар қару колданып, жауды үлкен шығынға ұшыратқанын баяндайды.

Окоп қазып соғыспаған деген сөз қайдан шыққан?

Тағы бір мақаласында Қ. Жұмаділов «Жекпе – жекте өз теңімен хан – ханға, батырға батыр шығуы керек. Ал Нұржекеұлы қазақтың әйгілі ханы Салқам Жәңгірді қалмақтың бір белгісіз жас жігітімен сайыстырып қойды», –деп жазған еді.

Ол туралы И. Златкин «В биографии Зая – Пандиты сообщается, что очередная ойратско – казахская война началась в 1652 г., причем в этой войне отличился 17 – летнийй сын Очирту-Цецен хана – Галдан, который в единоборстве поразил Янгира», – дейді.

Жәңгір хан 600 сарбазымен қырғыздарды құтқаруға Санташ асуына барып, Батұрдың 50 мың қолымен шайқасқан деген болжамның еш негізі жоқ . Ойрат-халханың біріккен қолы Қазақ жеріне шабуыл жасап, қолға түскендерді құлдыққа, күңдікке айдап бара жатқанда Жәңгірдің айдаладағы қырғыздарда несі бар.

Г. Ильиннің айтуынша, Батұр шегінгенде Жәңгірдің тұтқынға түскен адамдарын өздерімен бірге алып кеткен.

Ал Орбұлақ шайқасы болған жерде шығыстан батысқа қарай жарыса созылған екі таудың арасында қазылған ордың ізі әлі күнге дейін айқын көрініп жатыр. Сол төңіректегі қараусыз қалған қалмақтардың мүрделері қазақ пен қалмақтардың арасындағы талай соғыстың куәсі.

Жазбаша тарихы жоққа тән халқымыздың өткені аңыз әңгіме, өлең-жыр, әртүрлі дастан, хикаялар түрінде атадан балаға, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жетіп отырған ғой.

Б. Нұржекеев өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап көнекөз қариялардан естіген, өзі барып көрген Ордың бұлағы және қалмақтармен болған үлкен шайқас туралы көлемді мақалалар жазып жүрді.

Тоқсаныншы жылдардың басында Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп – тұқияннан өзіме шейін» атты өмірбаяндық кітабы табылып жарық көрді.

Салқам Жәңгір мен Батұрдың арасындағы шайқас туралы жер-су аттарын, қай маңда болғанын тайға таңба басқандай ғып осында да көрсетіпті. 

Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы жылдығы атап өтілді. Осы шайқастың маңыздығы туралы ғұлама жазушы, мемлекет қайраткері Ә.Кекілбаев баяндама жасады.

Осы арада айта кететін бір жайт бар. Бексұлтан Нұржекеұлы 1986 жылы саяси қырағылық танытқан біреулердің көрсетуімен, хандар мен сұлтандарды орынсыз дәріптеген тәрізді айыптаулармен қызметінен босатылып, біршама қиындық көреді. Төрт жылдай жұмыссыз жүреді.

1987 жылы Жазушылар одағында Б. Нұржекеевтің оны қудалауға негіз болған шығармасы талқылағанда, Қ. Жұмаділов: «Біз осында әділдікті айту үшін, шындықты қорғау үшін жиналдық. Халықтың тарихын, өткенін неге жазасың деп жазушыға кінә тағуға бола ма? – деген пікірін ашық айтыпты. Сонда Қабдеш ағамызға риза болып едік.

Қазыбек Бек Тауасарұлының кітабында Қабанбай батыр алпыстан асқан шағында қалмақ батырымен жекпе-жекке шығып, жер жастандырады. Сарбаздарының алдында жауды жапырып жүрген, жүрек жұтқан батырды көреміз. Бөгенбай батырға жекпе-жекте жан шақ келмейді. Көреген қолбасшы. Түн жамылып жау қосынына кіріп, барлау жұмыстарын жүргізеді. Сол деректерді пайдаланып, күні бұрын жоспар құрады. Айта берсе бұл кітаптың хандар мен батырларды әспеттеген жақсы жақтары көп. Ал енді ел аузында бұрыннан айтылып жүрген бірді-екілі әңгіме мұнда да айтылды екен деп, шам шақыру қалай болады?

Бексұлтан Нұржекеев болса бар өмірін қалмаққа қарсы соғыстарда өткізген, тұтқында да болған, ұрыс даласында қаза тапқан Салқам Жәңгірге ескерткіш қоямыз деп көп еңбек етті. Өзі біраз жылдардан бері Шыңғыс ханды зерттеп, бірнеше көлемді еңбектерін баспасөз бетінде жариялады. Аңырақай шайқасын басқарған Бөгенбай екені туралы, Абылай хан туралы да жазды.

Сегіз Сері,Әсет, Дәнештердің творчествосы туралы көп ізденіп, зерттеп халыққа жеткізді . Манарбек, Күләш, Ж. Омарова, Жәнібек, Ә.Қастеевтерге арнап қызықты әрі мағыналы мақалалар жариялады.

Бәрін айта берсең таусылмайды.

Ғұламаның айтқанымен аяқтайын.

«Қадірлі Бексұлтан!

Ауыр балалық шақтан арып қалмай, албырт жастық шақта адасып кетпей, асау арманыңның тізгінін берік ұстап, ұлттық руханияттың ұлағатты ағасы атандың. Талант пен парасаттың басын қосып, бодан жылдары жаппай мәңгүрттеніп кетпеуімізге, бостан жылдары есірікке ұрынбауымызға, халқымыздың қанаттануына, еліміздің еңсе тіктеуіне қалтқысыз еңбек етіп жүрсің. Арман мен абзалдыққа, мейірбандық пен сүйіспеншілікке, ар -намысқа үндейтін үздік шығармашылығыңыз талай ұрпаққа рухани талықсытпайтын ізгілік нәрін тауып бере алары сөзсіз. Қаламдастық, замандастық пейілмен қолыңды қысып, бетіңнен сүйдім.

Зор құрметпен Ә. Кекілбайұлы. Астана, 2001 жыл».

Тарихтан белгілі, 1630 жылдан бастап, Жоңғар хандығы 1635, 1643, 1651- 1652, 1681-1684,1717, 1723, 1725 жылдары, одан кейін 1755-1758 жылдары біржола жойылып кеткенге дейін Қазақ жеріне жойқын шабуылдар жасаған. Оның арасында тарихқа кірмеген қаншама шапқыншылық болды.

Қазақтар да үнемі зорлық –зомбылық, зәбір-жапа көріп жүрген жоқ. Қарсылық көрсетті, қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Соның бірі Орбұлақ шайқасы. Мен заңгер болғанннан кейін, кейде басқалар байқай бермейтін жайттарға да назар аударғанды жөн көремін. Міне, осындай ыждаһаттылыққа салсақ, Орбұлақ шайқасының «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» тізіміне енгенін де айта кеткен жөн.

Мың өліп, мың тірілген қазақтың бір бөлігі ғасырлар бойы сол өлкеге ие болып,өмір сүріп жатыр. Сол жердің тұрғындары біраз жылдан бері өздері тұрып жатқан, шекарада орналасқан ауданға «Орбұлақ» аты берілсе деген талап-тілегін айтып жүр. Қолдау күтеді. Мектеп оқушыларының «Ата-баба қорғаған, Орбұлақта тұрамыз» – деп ән салып жүргендерін де көрдім. Жақсы әсер етеді екен. Оң шешім қабылданатын шығар деп үміттенеміз.

Мақытбек ҚОСАЕВ, 

заңгер.



Ұқсас тақырыптар