Орбұлақ оқиғасының рухани тәрбие берудегі мәні зор - ҚР Президентіне ашық хат

Қазақстан Республикасының президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Жаркент өңірі жұртшылығынан

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Өткен жылдың 26 желтоқсанында «Жас алаш» газетінің сайтында, келесі күні «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің  «Орбұлақ шайқасы» тарихта болған емес» деген мақаласы жарияланды. Онда Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын 1993 – жылы «Президенттің тікелей қолдауымен», «бұл бастаманың елбасына да ұнайтынын білетін-ді» және «қазақтың ру жігіне жүйрік Терещенко» және жазушылар Б. Қыдырбекұлы мен Б. Нұржеке-ұлының өзара ұйымдасуымен тойланып, қыруар мемлекет қаржысы шығын болғаны ашына айтылады. Онымен қоймай, ол арада аңды қамап ұстайтын аран ғана бар деп, көрген адамдай кесіп айтады. Ондай шайқас Қарқара өңірінде болған, Жәңгір қолы қырғыздарды қорғап соғысқан деп тарихты бұрмалайды. Орбұлақ шайқасын анықтаушылар мен 350 жылдықты тойлаушыларды «рушыл»  деп жіктейді. 

Орбулак.jpg

Ешбір негізсіз, дәлелсіз нақты тарихи дерекке сүйенбей қара күйе жаға береді, жаға береді. Жаркент өңірінің жұртшылығы бұндай жауапсыз өрескел пікірге қатты наразы. Кезінде Орбұлақ жеңісінің 350 жылдығын тойлау ұсынысын Қазақстанның тарихи ескерткіштерді қорғау комитетінің /төрағасы Мұхамедқасым Шакенов/ жасағаны бізге мәлім. Жарбұлақ пен Қызылқия және Жалаулы аталатын жердегі оқпананы көрген, сол тойды өткізуге тікелей араласқан адамның бірі кәзіргі генерал, халық қаһарманы Бақытжан Ертаев болатын. Ордың аңға ма, адамға қарсы ма, не үшін қазылғанын өзгелер ажырата алмаса да, ол кісі ажырата алатын әскери маман ғой. 

Орбұлақты біз жыл сайын көреміз, жыл сайын оған тәу етеміз. Аң ұстағысы келген адам, ол арада ор қазбай-ақ ұстайды, өйткені жотаның екінші беті тік жар, одан аң өзі-ақ құлап өледі. Екі шақырымнан асар аспас қысталаңға ор қазып, аң аулайтын ата-бабаларымыз ақымақ болмаған шығар. 

350 жылдық мереке кезінде ҚР Қорғаныс Министрі, халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры, генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың Орбұлақты өз көзімен көріп, тебірене сөз сөйлегенде бабаларымыздың әскери тапқыр әдісіне қатты сүйсінгені әлі есімізде.  Осы орды олар ғана емес, еліміздің талай қоғам қайраткерлері мен тұлғалары да көрді. Жиында халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаев баяндама жасады. 

2018 – жылы еліміз Орбұлақ шайқасының 375 жылдығын да жоғары дәрежеде атап өтті. Шымкентте халықаралық ғылыми теориялық конференция өтіп, оған Қырғызстан мен Өзбекстаннан ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Орбұлақ шайқасының әйгілі батырының бірі, мерген Жақсығұлдың туып өскен жері Қазығұрт ауылының қасынан Жәңгір мен Жалаңтөске үлкен ескерткіш қойылды, шайқасқа қатысқан өзге батырлардың есімі Даңқ қабырғасына ойылып жазылды.  Сондай-ақ Алматы облысының әкімдігі тарапынан Орбұлақ шайқасы өткен жерге жас ұрпақтар атынан ескерткіш қойылып, Талдықорған мен Жаркентте Астанадан, Алматыдан тарихшы ғалымдар қатысқан тарихи ғылыми конференциялар өтті.  Жаркент қаласының орталық саябағына «Орбұлақ шайқасы» атты үлкен ескерткіш-панорама орнатылды. 

Осының бәрі Орбұлақ оқиғасының рухани және мәдени тәрбие берудегі мәнінің зор екенін көрсетеді. 

Мемлекетіміз, халқымыз бар-ау, олар біздің бұл қылығымызға қалай қарайды демей, Қ. Жұмаділовтің «Орбұлақ шайқасы» тарихта болған емес» деген атының өзі-ақ адамды шошытатын мақаласын «Жас Алаш» газеті өз сайтына, ал жазушылардың ар-намысын қорғауға тиіс «Қазақ әдебиеті» газеті қалайша қатарласа жариялағанына таңқалмасқа амалымыз жоқ. Сонда бұлар бұл қылығымен кімнің мүддесін қорғап отыр: мемлекет пен халықтың ба, Қ. Жұмаділовтің жаласын ба? Соған өресі жетпеген газет басшылары қандай басшылар?

Сөз бостандығы, пікір еркіндігі дегенді біз де түсінеміз, бағалаймыз. Бірақ, әлдеқашан дәлелденген, мемлекетіміз бен ұлтымыздың мақтанышына айналған Орбұлақтай қасиетті орынды «аң аулайтын ор» деп келеке-мазақ еткені Қ. Жұмаділовтің қандай патриоттығы екенін біз түсіне алмадық. Оны жариялаған «Қазақ Әдебиетінің» мақсаты не? Бұларға «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ па? 

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Елдің намысын, ар ұятын қорлайтын еларасында араздық пен алауыздық туғызатын және ешбір дәлелі мен негізі жоқ жалалармен тарихымызды бұрмалаушыларды тоқтататын бір шара қолдануыңызды ел атынан өтінеміз.

Жаркент өңірінің жұртшылығы атынан:

Социалистік Еңбек Ері, Алматы облысының құрметті азаматы,

Панфилов ауданының құрметті азаматыКүләш Айтжанова.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері,

Панфилов ауданының құрметті азаматыКүлғайша Бердіғұлова.

Панфилов ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, 

Панфилов ауданының құрметті азаматы  Нұриахмет Рахымбаев

Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Панфилов ауданының 

Құрметті азаматыИслам-Ғали Үркімбайұлы




Ұқсас тақырыптар