Исламдағы күпірлік түсінігі

4.jpg 

Бүгінде ел ішінде, жамағат арасында және жалпы Ислам үмметі әлемінде мұсылман адамды күпірлікпен айыптап, кәпірге шығаратын түрлі адасқан топтар бар екені белгілі. Сондай теріс ағымдар қатарына харажиттерді немесе тәкфирші сәләфилерді жатқызуға болады. Мұндай радикалды ұстанымдағы теріс бағыттар Исламды дұрыс түсінбегендіктен, ілімсіздіктен болатыны белгілі.

Ал осынау қателесуші топтардың көшбасында тарих саханасына харажиттер атауымен шыққан бүлікші топ тұр.  Бір айта кетерлігі, олардың идеологиялық жақтастары бүгінде «Такфир-уал хиджра» ұйымы ретінде әлемнің кез келген бұрышында жиі кездесіп жатады. Мұсылманды күпірлікпен айыптаудың Ислам діні бойынша дұрыс емес екендігі анық бола тұра, тәкфир жамағатының қандай да бір қателесуіне байланысты мұсылман адамды кәпірлікпен айыптауы сынды ел ішіне іріткі салуы біздің елімізде де көрініс беріп жатыр.

Олай болса ақиқат болып табылатын Ислам дініндегі күпір мен тәкфир сөзінің мағынасына үңілейік. Күпір сөзі араб тілінде «жасыру, қарсы шығу», деген мағына беретін болса, «куфран» сөзінен шығып, «көпшілік жамағат мұсылман деп білген адамды қасақана күпірлікпен айыптап үкім беру» дегенді түсінеміз. Сондықтан «тәкфир» сөзі мұсылман болып немесе ашық түрде мұсылман болып діннен бас тартқан адамға қолданылады. Кәфир екендігі анық белгілі болған адамға бұл сөз қолданылмайды.

Тәкфир сөзінің терминдік анықтамасы – орындаған күпір амалы мен сөйлеген сөзі себепті момын мұсылман адамға тәкфир үкімін шығару. Алайда дініміздің тірегі Құран Кәрімдегі күпір жайындағы аяттарға үңілейік: «Сондай-ақ олар сенен харам (яғни, қасиетті) айларда соғысудың үкімі жайлы сұрайды. «Ол айда соғысу үлкен күнә», - деп айт. Алайда ел-жұртты Алланың жолына түсірмей қақпайлау, Алланы мойындамай күпірлік қылу және (мүміндерге) Харам мешітін зиярат етуге тыйым салу һәм (Харам мешітінің) халқын ол жерден қуып шығару Алланың алдында одан да үлкен күнә саналады. Ал бүлік шығару болса соғыстан, кісі өлтіруден де үлкен күнә. Олар (кәпірлер) шамалары жетсе, сендерді діндеріңнен шығарып тынбайынша, сендермен соғысуды тоқтатпайды. Ендеше, араларыңнан кімде-кім дінінен безіп, сол күйі кәпір болып өліп кетсе, олардың бүкіл істері дүниеде де, ақиретте де зая кетеді. Міне, солар тозақтықтар. Олар онда мәңгі қалады». Бақара сүресі 217 аят.

 Екінші бір аятта: «Ал иман келтіргеннен кейін күпірлік қылғандардың һәм күпірлікте табандап, одан сайын азғындыққа салынғандардың тәубесі қабыл болмайды. Олар нағыз адасқандар» Әл Имран сүресі 90 аят.
Ал күпір жайында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистерге тоқталатын болсақ көп жайтты аңғарамыз. Жундуб ибн Абдулладан (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) мүшріктерге қарсы мұсылман жасағын аттандырды. Көп ұзамай екі жақ бетпе-бет келеді. Мүшріктердің ішінде мұсылмандардың бірін алыстан көзімен шалып, соның қыр соңынан қалмай өлтіріп тынатын қаскөй біреу бар еді. Мұсылмандардың ішінен бір кісі (Усама ибн Зәйд) әлгі қасакөй мүшріктің ұрымтал тұстан қапысын тауып, қылышымен үстінен түскенде мүшрік бірден: «Лә иләһә иллаллаһ», - деп кәлима айтады. Алайда, Усама оны өлтіріп тастайды. (Соңында мұсылмандар жеңіске жетіп) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) хабаршы келіп, сүйінші сұрағанда, одан мүшріктермен болған шайқастың барысын сұрайды. Хабаршы Алла елшісіне (с.ғ.с.) ұрыстың барысын түгел тәптіштеп, тіпті мұсылман жауынгерінің әлгі мүшірікті қалай өлтіргені туралы да айтып береді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) оны шақырып алып: «Оны неге өлтірдің?» - деп сұрайды. Усама: «Уа, Алланың елшісі! Ол қаншама мұсылманның қанын судай ағызды. Пәленшені, түгеншені өлтірді», - деп, соның қолынан қаза тапқан мұсылмандардың атын беріп, екі әлемнің Сардарына (с.ғ.с.): Сол үшін оған тап бергенімде, төбесінен төнген қылышты көріп (қорыққанынан) «Лә иләһә иллаллаһ» деді, - деп жауап қатты. Алла елшісі (с.ғ.с.) одан: «Сөйтіп оны өлтірдің ғой?» - деп қайыра сұрады. Усама: «Иә, өлтірдім», - деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) «Қиямет күні келгенде «Лә иләһә иллаллаһ» деген кәлиманы қайтпексің?!» (яғни, Алланың алдына барғанда тілін кәлимаға келтірген пендесін өлтіргенің үшін қалай жауап бересің?) – деп бір қойған сауалын қайталай берді, қайталай берді», - деп айтты. (Муслимнің иман бабы 160).

Жоғарыда айтылған Құран сүрелерімен хадситеріне қарай отыра әлем мойындаған әһли сүннет ғалымдары мынадай шешімге келген: «Қателесіп бір кәпірді мұсылман санатына жатқызу,  мұсылманды кәпір деп айыптаудан абзалырақ». Сондықтан да тәкфир түсінігі өте өзекті, мұсылмандардың абайлауы қажет болған мәселе. Құбылаға бет бұрған, Ислам дінін толықтай қабылдап, шариғи үкімдерді мойындаған адамдарды тәкфирлікпен айыптауды құп көрмеген әһли сүннет ғалымдары, үммет ішінен қоғам ішінен іріткі шығарушылардан өздерін алыс ұстаған. Осы нәтижелерге сүйене отырып Ислам ғұламалары былай дегенін аңғарамыз. Мысалыға сәләфтардың ғасырында өмір сүрген Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Бидғатшылардың сипаттарының бірі күнәһар пендені бірден тәкфир қылу болса, әһлу сүннеттің олардан ерекшелігі қателік жасаған жанды күпірлікпен айыптамауында» деген екен.

Ал ұлы имам Шафиғи: «Мен ешқашан бидғатшылардың шәһадатына қарсы келмедім» деген. Тіпті, сәлафи ағымының ғалымы әрі көсемі болған Ибн Таймия: «Жасаған жаңсақ амалы үшін құбыла иесі мүмін мұсылманды күпірлікпен айыптау дұрыс емес. Әуелгі  буын ғалымдардың қандай да бір мәселеде келіспеушілікке түссе де бір-бірін күпірлікпен айыптап, фасық күнәһар ретінде қарғап сілегендері жайлы ешқандай хабар бізге жетпеген» деп нық айтқанын есімізден шығармауымыз қажет.

Әһлі сүннет ғалымдарының бірі Тақиуддин Әс-Субки деген ғалым: «Күпір бұл – шариғи үкім. Егер де Алланың барлығы мен бірлігін, пайғамбарлықпен шариғи үкімдерді мойындамайтын сөзбен амал орындаған адам күпірге түскен болады» деген.

Қорыта келе жоғарыда айтылғандай Құран мен хадистерде, тіпті ғұламалар да жасаған жаңсақ амалы үшін ешқандай мұсылманды кәпірге шығармаған. Тәкфирлікпен айыптаушы тәкфиршілер қоғаммен мұсылмандар арасына іріткі салып, оларды бірлік-ынтымағына сына қағып,  ұлт тұтастығы мен мемлекеттің өркендеуіне де айтарлықтай бөгет болады. Және әрқандай террорлық әрекетке бейім келіп, төл дініміз исламға теріс пікір қалыптасуына себеп болады. Ендеше, тәкфиршілер жамағатының күпір сөзін өз ойларынша қолданып, мұсылмандарды тәкфирлікпен айыптаулары білімсіздік және әһли-сунна ұстанымына қарама-қайшы екенін ескеру керек.

          Ханафи мәзһабын негіз етіп ұстанған ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі 2014 жылы тәкфиршілер жамағатының іс-әрекеттері жалпы Ислам дініне жат болуы себепті Қазақстан аумағында таралуына тыйым салатын пәтуа шығарғанын да айта кеткен орынды.

 

Рашид МЕЙИМБЕКҰЛЫ,

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы



Ұқсас тақырыптар