Судьялар ақынды ұлықтады

суд.jpg

Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық сотында Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Сен де кірпіш дүниеге» атты сайыс өтті. Екі кезеңнен тұрған сайыста сот қызметкерлері «Зере», «Сарыарқа жастары», «Жалын» топтарына бөлініп бақ сынады.

Таныстыру кезеңінде сот қызметкері Марал Баярстанова ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленсе, мәнерлеп оқу сайысында Абай өлеңдерінен жатқа оқыған Светлана Минченко алға шықты. Ал «Сөз мәйегі» жарысында Абайдың нақыл сөздерін көп білетін «Сарыарқа жастары» үздік болып танылып, Ақжанат Исмағұл көрермен көзайымы атанды. Өнер көрсету сайысында Абай өлеңдерін фонограммамен, хормен, көрініс арқылы сүйемелдеумен орындаған топтар ерекшеленіп, Абай әнін жүректерге жеткізе білген Жарас Қазтаев көзге түсті.

Сайыстың II кезеңінде «Кім тапқыр?» ойыны ойналып, Абай ғақлияларын дұрыс тауып, викториналық сұрақтарға дәл жауап берген Мадияр Бүркіт ерекшеленді. Абай шығармашылығынан көріністер көрсетуде Жұбаныш Құрманәлі, Нұржанат Сапарбек актерлік шеберлікпен көзге түссе, Мадияр Бүркіт пен Ақжанат Исмағұл Абай мен Тоғжан рөлдерін үздік ойнады. Соңғы тапсырмада Абай туралы мағлұматтарды қамтыған ақпараттық слайдтар көрсетілді.

судья.jpg

Сайыста «Жалын» тобы қазақтың ұлттық киімдерін киюмен ерекшеленіп, Шерхан Махамбетов, Салтанат Бейсембекова, Амангелді Әйгерім, Альбина Молғаждарова көпшілікке үлгі көрсетті. «Сарыарқа жастары» Абай суреті басылған футболкамен өзгешеленді.

Сайыста 1-орынды «Сарыарқа жастары» иеленсе, 2-орын «Зере» тобына, 3-орын «Жалын» тобына бұйырды.

Тағлымды шараға Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов, судьялар Гүлдана Шарапатова, Нұргүл Сәулен ұйытқы болса, сот қызметкерлері Мадияр Бүркіт, Шерхан Махамбетов, Жұбаныш Құрманәлі ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленді.

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,

Нұр-Сұлтан



Ұқсас тақырыптар