Әл-Фарабидің отаны – Отырар

3-3.jpg

Биыл бүкіл дүниежүзі атақты отандасымыз, ұлы ойшыл, «екінші ұстаз» деген атпен бүкіл әлемге белгілі болған әл-Фарабидың (870-950) 1150 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Ол кісінің атын алып отырған Қазақ ұлттық университетінің ұжымы үшін бұл мереке ереше маңызы бар оқиға екені, айтпаса да түсінікті жағдай. Әл-Фараби туралы әр мәлімет біз үшін өте маңызды және құнды. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған мақала осы ойдан туған. Әл-Фарабидың туған жері, ескі Отырар, сол кездегі аса ірі сауда, мәдени орталық болғандығы тарихтан белгілі. Әл-Фараби ауылда дүниеге келсе де, кейін әкесінің жұмысына байланысты (Әкесі әскери адам-тархан атағы болған), жас кезінде Отырарға қоныс аударады, осы жерде алғашқы білімін алады. Кейін Шаш, Самарқанд, Бұхара қалаларында білімін жетілдіріп, сол кездегі ғылым-білімнің орталығы болған Бағдатқа барады. Өмірінің көпшілін осы қалада өтікізіп, халифаттың алдыңғы қатарлы ғалымына айналады. Әл-Фараби философия, астрология-астраномия, математика, физика, музыка саласында еңбектер жазып қалдырған. Солардың ішінде осы заманға жеткені 80-120 шамасында. Ол кісі бірінші болып музыка теориясын жасаған, физикада «бос кеңістік» – вакуум ұғымын енгізген ғалым.

Әл-Фарабидің өмірінің соңғы он жылы Дамаскі қаласында өтеді, сол қалада өмірден озады. Бір аңызда, ол кісінің туған отаны Отырарға қайтпақ болып, сол жаққа бара жатқан керуенге ілесіп, жолға шыққаны, жолда қарақшылардың қолынан қаза тапқаны айтылады. Әл-Фарабидің Дамаскідегі кесенесінен топырақ әкелініп, туған жеріне қойылып, басына ескерткіш плита орнатылды.

Отырар (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) – ортағасырлық қала орны. Түркістан облысы Отырар ауданының Темір теміржол станциясынан солтүстік-батысқа қарай 7 км, Түркістан қаласынан 57 км, Шымкенттен 120 км, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде орналасқан. Отырар VIII ғасырдың басынан Тарбанд (Тарбан) деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларда кездеседі. VIII ғ-дағы араб географы Якут “Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала” деп жазады. Араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарағанда, Отырар XIX ғ-дың өзінде-ақ ірі қала болған. X ғ. Жазбаларында Кедер деген орталық қаласы бар Фараб аймағы аталады. Ал Фараб Кедерден көне қала екені әл-Мақдисидің (X ғ-дың аяғы) еңбегінде жазылған. Оның айтуынша, бас қала аймақ есімімен Фараб аталған. X ғ-дан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларда аталмайды, оның орнына астана да, аймақ та Фараб делінген. Отырар V–XV ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған.

 1-1.png

 

1218 жылы Хорезмшаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын “Отырар апаты” деген атпен белгілі. 1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетті. Отырар алты ай бойы берілмеді. Тек 1220 жылы алты айлық қоршаудан кейін ғана бір сатқын қала қақпасын ашып, моңғолдар ішке кіреді. Басшысы Қайырханды тірідей қолға түсіріп, азаптап өлтіреді. Монғол әскерінің қолбасшысы, Шыңғысханның ұлы – Жошы сатқынды да өлтіреді. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Отырар қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшырады. Бірақ 1220 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданды. Оншақты жыл өткен соң қала тұрғындары қалаға қайта орала бастайды, қала қайтадан үлкен сауда-мәдени орталыққа айналады. Қаланың бұл жағдайы XIV-XV ғасырларда сақталады.

Қала туралы 1320 жылы Флоренция көпесі Пеголоттидің Азов теңізінен Қиыр Шығысқа дейінгі сауда жолы туралы жазбаларында да баса айтылған.

XIV ғасырда Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кеңселер салдырды. XIV ғасырдың аяғында Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына дайындығы қызған кезде (1405) осында қайтыс болды. Әмір Темір мирасқорлары мен Мұхаммед Шайбани әулетінің қазақ хандарымен күресі барысында Отырар тағдыры тағы да сынға түсті. XVI ғасырдың 2-жартысынан бастап қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен XVIII ғасырдың басына дейін болған. Отырардың біржола күйреуі XVII-XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіне тура келеді. XIX-ғасырдың басында қалада ешкім де тұрмаған.

Отырарда археологиялық қазба жұмыстары кең көлемде 1969 жылы Қазақстан ҒА-ның К.Ақышев басқарған «Отырар» археологиялық экспедиция ұйымдастырылғаннан кейін басталды. Кейінгі кездегі қазба жұмыстары академик К.Байпақовтың басшылығымен жүргізілді.

Қазіргі уақытта Отырар – бесбұрыш тәріздес төбе. Өлшемдері: оңт. жағы – 380 м, оңт.-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солт.-шығысы – 380 м және шығысы – 350 м. Төбенің ең биік жері іргесінен 18 м. Жалпы аумағы 200 га. Қала дуалмен қоршалған. Оның солт.-шығыс және шығыс жақтағы құрылыстары жақсы сақталған. Негізгі төбені айналдыра қазған орлардың орны бар. Қаланың үш қақпасы болған. Орт. қақпа оңт. жағына орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары қала орнындағы мәдени қабаттарды анықтап, олардың қай уақытта болғанын, құрылыс орындарын кезеңге бөліп, талдау жасауға мүмкіндік берді. Қаланың мәдени қабаты 16 м. Ол 7 мәдени қабаттан тұрады.

Отырар төбеге жақын жерде Арыстан-баб кесенесі орналасқан. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Бұл кесене XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған.

 2-2.png  

Қазіргі кезде бұл кесене Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін мұсылман киелі жерлерінің бірі болып саналады Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін». Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда («Рисолаи Сарем-Исфижоб» және Куприлозада кітабы) Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізеді.

Халық арасында айтылатын:

Самарқанда сансыз баб

Түркістанда түмен бап,

Сайрамда бар сансыз бап,

Отырарда отыз бап,

Бабалардың бабын сұрасаң,

Ең үлкені Арыстан баб, - осы кісі.

Отырар төбе орналасқан Отырар ауданында Отырар музейі орналасқан, онда ортағасырлық Отырарға байланысты өте көп экспонаттар бар.

 

 

 

Жылуфизика және техникалық физика

кафедрасының профессоры Т.Т.Тусеев,

аға-оқытушысы Э.М.Зульбухарова



Ұқсас тақырыптар