Нұр-Мүбарак университеті – білімнің ғана емес, ғылымның да ордасы

9429411762529033_7938.jpg

 

Дін, исламтану саласы елімізде жаңадан дамып келе жатқандықтан, ғылым әлеміндегі жаңалықтарға да үлес қосуға мүдделі. Осы орайда, Қазақстандағы діни білім беретін жалғыз жоғары оқу орны Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті республикалық ғылыми қауымдастықта өзіндік негізгі және сенімді орынға ие болып үлгерді.

Қазақстан ислам әлемінен ажырап қалған уақыт аралығында тек шариғи ғылымнан ғана емес, алғашқы сауат ашу деңгейі мектептерінен де қол үзіп қалғаны белгілі. Сондықтан тарихы 14 ғасыр тереңде жатса да, исламтану саласын тәуелсіз елімізде халқымыздың тарихи танымы мен салт-санасына сай жаңадан ғылыми негізде қалыптастыру Нұр-Мүбарак университетінің еншісіне бұйырғаны рас. Оған «Исламтану» мамандығын еліміздегі білім беру бағдарламасы мен мемлекеттік стандартқа енгізіп, мамандық бойынша ғылыми жаңалықтарды, оқулықтар мен оқу құралдарын, оқу-әдістемелік бағдарламаларды оқу процесінің айналымына ендіргенін дәлелге келтіруге болады. Көршілес елдердің діни оқу орындары университетімізден ғылыми әдістемелік қолдау мен кеңес сұрап отырғанын ескеріп, Нұр-Мүбарак университетін бұл салада  тек елімізде ғана емес Орта Азияда көшбасшы екенін уақыт көрсетуде.  

Университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының саясаты мен бағыттарының таңдау негіздерінде елдегі діни мамандардың ғылыми деңгейі мен сауаттылығын арттыру, еліміздегі діни тұтастық пен қауіпсіздікті, діндераралық татулық, дәстүрлі ислам мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрді үйлестіру, шетел тілдерін оқыту секілді мақсаттар қойылған. Осындай  маңызды мақсаттарға жетуде университеттегі ғылыми жұмыстар ғылыми-зерттеу орталығы, профессорлық-оқытушы  құрамы, докторанттар, магистранттар және студенттер арқылы іске асырылады. Университетте атқарылып жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі сипаттары:

·        Исламтану бағытында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу; 

·        Ханафи мазһабы және Матуриди сенім мектебінің ғылыми мұраларын зерттеп, зерделеп, қоғамдағы өзектілігін ғылыми тұрғыда негіздеу; 

·        Ислам ғылымдары бойынша іргелі  еңбектерді мемлекеттік тілге аудару, әдебиеттер мен материалдарға сараптамалар жасау;

·        Діни радикализм мен экстремизм құбылысын ғылыми теологиялық және құқықтық тұрғыдан талдау, алдын алу және оңалту бағыты бойынша кеңес беру;

·        Заманауи этноұлттық қарым-қатынастардың діни-конфессиялық аспектілері, еліміздегі дін мәселесі, діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысу;

·        Білім беру арқылы оқыту мен тәрбиелеу бірлігі ұстанымын жүзеге асыру, тілдерді оқыту әдістемесін жетілдіру бағытында іске асады.

Аталған ғылыми бағыттар бойынша үдерісте ғылыми мақалалар жарық көріп, докторлық диссертациялар қорғалуда. Докторлық диссертацияларға тоқталсақ: Қ.Құрманбаев «Хусамуддин әс-Сығнақи еңбектеріндегі «Усул әл-фиқһ» ілімінің лингвистикалық негіздері» (2015ж),  Н.Анарбаев «Орта ғасырлық ханафи ғалым Әбу-л Қасым әл-Фараби//әлФарйабидің (?-1210) «Халисату-л хақа’йқ» трактатындағы моральдықэтикалық нормалар: мәні мен маңызы» (2016ж), А.Акимханов «Әбу Мансур әл-Матуридидің иман мәселелеріне қатысты ұстанымы («Китәб әт-тә’уиләт» атты еңбегі негізінде)» (2016ж), Қ.Мамбетбаев «Ханафи мәзһабында хадистерді қабылдау өлшемдері және оның фиқһи тармақ мәселелерге әсері» (2016ж), М.Исахан «622 жылы қабылданған «Мәдина конституциясының мемлекеттілігінің пайда болу және қалыптасу кезеңіндегі орны» (2016 ж), Манабаев Б. «Орталық Азия мұсылман құқығы тарихында ʻАли ибн Мұхамад әл-Исбиджабидің (535/1141 қ.б.ж.) орны мен маңыздылығы» (2017ж), т.б. Аты аталған зерттеушілерден доцент Қ.Құрманбаев университеттің проректоры қызметін атқарса,  қалған PhD докторлар да кафедра меңгерушісі, диссертациялық кеңестің хатшысы, доцент оқытушы қызметтерін атқарып, университ қабырғасында ғылыми зерттеулерін одан ары да жалғастырып жатыр.

Бұл тақырыпта университет жанындағы  Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығына ерекше тоқталып өтсек. 2011 жылы желтоқсан айында құрылған орталықты ф.ғ.д.,профессор Ш.Т.Керім басқарады. Орталық Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті қызметінің негізгі бағыттары бойынша кешенді зерттеулердің орындалуын қамтамасыз етуші, сондай-ақ оқу орнының ғылыми-зерттеу, баспа жұмыстарын үйлестіретін және ұйымдастыратын құрамды бір бөлігі. Осы уақытқа дейін университетте ұйымдастырылған дәстүрлі «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты конференция материалдары жинағының 17 томы шыққан болса, орталықтың жұмысы аясында бірнеше ғылыми еңбектер мен аудармалар жарық көрді. Атап айтар болсақ: Қ.Құрманбаевтың авторлығында: «Хадис ілімі», «Құран ілімдері», «Исламдағы адам құқықтары», А.Акимхановтың «Әбу Мансур әл-Матуриди және оның «иман» мәселелеріне қатысты ғылыми тұжырымдары», Ж. Сандыбаевтың «Әбу Хамид әл-Ғазалидің «ахлақ» ілімі», Қ.Жолдыбайұлының  «Ханафи хадис әдіснамасы» монографиялары жарық көрді. Оның тысында Имам Әбу Ханифаның шығармалары жинағы қазақ тіліне аударылып,  «Имам Ағзам тағылымы» деген атпен басылып шықты. Сабунидің «Матуриди ақидасы», Али Жұманың «Дінде шектен шыққандар», Мухаммад Аууамәнің «Фиқһ ғалымдарының пікір алуандылығына хадистің әсері», Имам Ғазалидің «Адасудан құтқарушы (әл-мунқиз мин әд-далал)» атты еңбектері аударылып, қазақ тілінде жарық көрді. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай 4 еңбегі университетіміздің доценті Ж.Сандыбаевтың аударуымен «Азаматтық саясат», «Ғылымдардың жіктелуі туралы», «Бақытқа жету жайында», «Қос данышпан» атауларымен жарық көруде.  Магистранттарымыздың ғылыми диссертациялары да ғылыми айналымға енуі үшін кітап ретінде дайындалып, баспаға әзірленуде. Атап айтар болсақ: А. Игілікованың «Ислам дініндегі адам өмірінің құндылығы және суицидке қатысты үкімдер», Н. Стамбакиев «Исламдағы өсімқорлық», М. Құрсақов «Қолдан ұрықтандыру және оған қатысты Исламдағы үкімдер», Қанат Құлымбетовтың «Исламдағы трансплантация мәселелері», С.Омарованың «Ислам шариғаты тұрғысынан жемқорлық және оған қатысты үкімдер» секілді қызықты да, қоғамға берері мол еңбектер жақын күндері оқырманға ұсынылмақ.

Университет ұжымының шағын болуына қарамастан еліміздің дін ғылымы саласында соңғы 5 жылда жүргізілген ғылыми зерттеулердің нəтижелері бойынша мыңға жуық ғылыми басылымдар, оның ішінде, импакт-факторы жоғары басылымдарда 67 мақала, алыс шетелдік басылымдарда 40 мақала, жақын шетелдерде 43 мақала, ұлттық басылымдарда 498 мақала шығарды. Сондай-ақ оқу орнының профессор- оқытушыларының 11 оқулық, 35 оқу құралы, 23 монографиясы жарыққа шықты.  Тек дін саласында ғана емес жалпы гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы ғалымдарының ғылыми еңбектердің де отандық ғылымға өзіндік үлесі бар: С.Н.Исабаева «Студенттердің ақпараттық-технологиялық құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары»,   Г.Рысбаева «Культ» концептісінің дүниетанымдық көрінісі», «Түркі тілдеріндегі культтік фразеологизмдердің танымдық және этнолингвистикалық сипаты» еңбектерін айтсақ болады.

Университет оқытушылары мен қызметкерлері, докторант,магистрант, студенттері тұрақты түрде түрлі университетішілік, республикалық, халықаралық, шетелдік ғылыми шараларға, іс-сапарларға қатысып, баяндамалар жасап, түрлі диплом, сертификаттар иеленуде.  

Жастарды ғылым саласына баулу мақсатында «Жас ғалым» студенттік ғылыми үйірмесі жұмыс істейді. Университет тарапынан студенттердің білімдерін шыңдау мақсатында пән олимпиадаларына қатысуына қамқорлық көрсетіледі. Мысалы, 2018-2019 оқу жылы Шетел тілі: екі шетел тілі БББ-сының студенттері Алматы қаласында өткен ҚР Жоғары оқу орындары арасындағы Республикалық «Шетел тілі: екі шетел тілі» пәндік олимпиадасына 2 студент қатысып 2 орынға ие болды. Ал Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де ұйымдастырылған Дінтану бойынша республикалық олимпиадада студенттеріміз 1 орынды иеленді.

2019 жылы 23 қарашада Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Араб тілі бойынша I Республикалық олимпиадаға 15 студент қатысты. Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының 4 курс студенті Жолдасбай Аружан белсенді қатысқаны үшін сертификатпен марапаталса, өзінің араб тіліне деген қызығушылығын көрсеткен 3 курс студенті Сейдалиева Айсана 2 орынға ие болды.    

2017 жылы  «Шетел тілі: екі шетел тілі» студенттері Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де студенттер арасында өткен халықаралық конференцияға ф.ғ.д. Г.Қ.Рысбаеваның жетекшілігімен 2 студент қатысып, 1 орын «Диплом» алды. Олар: Ділмұрат Талғат, Ідирис Илия.      

Бұл тек Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің ғылым саласындағы даму үдерісіне жасалған қысқаша шолуы ғана емес, еліміздегі ислам, дін ғылымының аяқ алысынан хабар беретін мәліметтер. Қазір елімізде ғана емес, әлемде рухани жаңғыру үдерісі жүріп жатқандықтан, ислам, дін саласы догмалық түсінік құрсауынан шығып, болашақтың ғылымы мәртебесіне ие болары сөзсіз. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің ғылым саласындағы бүгінгі қадамдары ұлттық қауіпсіздік, мемлекет тұтастығы аясынан асып, адамзат игілігі үшін қызмет ететін тың бастамаларға ие деген сенімдеміз!

P.S: 2020 жылдың талапкерлеріне айтарымыз, егер біздің университетімізді таңдасаңыз, сізді тағылымы мол біліммен қатар, осындай биікке құлаш ұрып келе жатқан ғылым ордасы күтіп отырғанын ұмытпаңыз!

 

Сапа менеджменті бөлімінің меңгерушісі

Қауымд. проф. Ш.Әділбаева

 



Ұқсас тақырыптар