Тәубеге келмесең, арыла алмайсың

unnamed.jpg


Шиыршық атқан мынау беу дүние жұмыр басты пенде үшін сынақ алаңы екені талассыз ақиқат. Жаббар-Хақ сынау үшін адам баласына ақыл берген, ерік берген. Адам сол ақыл-еркімен сынақ алаңында кейде бүк, кейде шік түседі. Желпінемін деп жүріп, жел тигізіп алады. Ойнақтап жүріп от басып қалады. Иә, жаңылыспайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Бірақ, маңдайды бір рет тасқа ұрғаннан кейін «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші  қауашағында шәйнам миы бар болса, адам бір қатесін екінші рет жасамауы керек. Әсілі, ең дұрыс амал – қатені қайталамау. Қазақшалап айтқанда, мұны «тәубеге келу» дейміз.

Жат ағым жетегіне еріп, соның жазасын тартып жүрген азаматтардың көпшілігі тәубеге келсе, бұл өздері үшін нұр үстіне нұр болар еді. Тарпаң аттай тағы қылық танытамын деп жүріп тағдыры қираған азаматтар ең азында ата-ананың алдындағы перзенттік парызын, бір туған бауырларының алдындағы ағайындық уәзипасын, зайыбының алдындағы жұбайлық қызметін, өз уызынан жарыған балапандарының алдындағы әкелік міндетін орындауды ойласа екен. Себебі, бұлар да шариғат бойынша илаһи міндеттердің қатарында. Алла-тағала Құран-кәрімде: «Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді» (Бақара, 222) – дейді. Ендеше, Алланың жақсы көретіні анық болса, неге тәубе етпеске?!


Мұхан Исахан.

Дінтанушы. PHD докторы.

ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.


 



Ұқсас тақырыптар