Абай мұрасын әлемге насихаттаған академия

й_8.jpg

Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының бірі – Қайнар академиясында қашықтықтан байланысудың заманауи жүйесі Zoom бағдарламасы негізінде халықаралық онлайн конференция өткізілді.  «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны «Тілдер және журналистика» кафедрасы және кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнәр Мұхаметкалиева ұйымдастыруға ұйытқы болды. Онлайн конференцияны академия ректоры, профессор Еренғайып Омаров алғысөзбен ашып, Абай шығармаларының бүгінгі зерттелуіне тоқталып өтті. Ұлы ақын,  философ, аудармашы, композитор, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған конференцияда Түркия, Нидерланд, Польша елдерінен шетелдік ғалымдар және барлығы 70-тен астам адам қатысты.

«Фырат» университетінің профессоры, ф.ғ.докторы Ерджан Алкая Түркияда жарияланған Абай еңбектерімен таныстырды. Стамбул қаласында «Зейтун Бурна» ауданында  қазақтар тұратынын, онда Абай атындағы көше және сол көше бойында Абай мектебі бар екенін айтқанда, қазақтың мақтанышына туған ұлы бабамыз үшін көкіректі керемет қуаныш тербегені анық.  

¦Ъ¦-¦¦¦-¦-TА ¦-¦¦¦-¦+¦¦¦- TД¦-TВ¦-.jpg

Польшадан, Варшава университеті, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің   докторанты Жандос Каринбаев қазақ және поляк зиялыларын зерттеп жүргенін тілге тиек етті. 2019 жылы Абайдың қара сөздері поляк тілінде  жарыққа шыққанын айтып өтті. Сондай-ақ, бүгінде Нидерландыда қызмет ететін Мұхтар Әуезовтың ұрпағы Зифа Мұратқызы Абай өлеңдерін насихаттауда қыруар еңбек етіп жатқанын білдік. Асылдың сынығы З. Әуезова Абай голланд тіліне де аударылғанын, ал өзі ғұламаның  15 әнін ағылшын тіліне аударғанын айтты. Оған қоса, Лондонда данамыз туралы кітаптар аз еместігін жеткізді.  

Ал, отандық ғалымдар да кемеңгер туралы көп мағлұмат бере білді. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабай ақын туралы дүйім жұртшылық біле бермейтін құнды жаңа ақпараттармен сусындатты. 80 жылдық тарихы бар «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай қазақтың бас ақыны туған өлкеде ғылыми танымдық орталықтарын дамыту, бірнеше ғылыми еңбектер мен Жидебай атласы дайындалып жатқанын, бұған қоса шығыс өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстары да қарқынды жұмыс жасап жатқанынан хабардар етті. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек  Құрманәлиев «Абай әлемі» жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.   

Онлайн конференцияның мақсаты – әлем мойындаған дана ұстаз, адамзаттың ақыны, ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын дәріптеу. Абайдың асыл мұрасы мен даналық сөздері бүкіләлемдік қазынаға қосылған  алтын қор екенін дәлелдеу. Үш сағатқа созылған зум-конференция өз мақсатына жетті деп айтуға толық негіз бар.

Үстіміздегі жылы 175 жылдық мерейтойы болғалы отырған Абай Құнанбайұлы туралы тың деректермен өскелең ұрпақ, білім алушы студенттер, магистранттар, докторанттар мол мағлұмат алғаны сөзсіз.

Қорыта айтсақ, оқу ордасы ұйымдастырған халықаралық онлайн жиыннан түйген түйін: алдағы уақытта Абайдың мұхиттай терең ұлы мұрасы зерттеліп жатқанын, әлі де зерттеле беретіні анық.

                                                                                

Арай Жұмашқызы, журналист



Ұқсас тақырыптар