Коронавирус пандемиясы кезеңінде қазақстанның ҮЕҰ-ның көпшілігі халықаралық және жергілікті донорлық ұйымдардың бағдарламаларына қатысты. Еуразия Орталық Азия Қоры (ЕОАҚ) мен «Шеврон» компаниясының «Qolda» жобасы конкурсқа қатысуға 100-ден астам өтінім алды. Бірақ небәрі 11 ҮЕҰ Қазақстан халқына еріктілік, гуманитарлық және қайырымдылық көмекті іске асыруға гранттар алды. Мұндай жобалардың бірі жеке назар аударға лайық.
Ол «Жүрек жомарттығы» деп аталады, оны «АЯЛА» қайырымдылық қоры іске асырды. Алдымен қордың өзі туралы ақпаратпен таныстырған жөн. Қор 2007 жылы құрылды және 13 жыл бойы медицина мен білім беру саласындағы жобалармен жұмыс жүргізіп келеді.
Әуел бастан қор өзін медицина саласында таныта алды. Қор бүкіл ел аумағындағы ауруханаларға орнатқан заманауи реанимация жабдықтарының көмегімен Қазақстанда он мыңдаған балалардың өмірі құтқарылды. Демеушілік қаражаттар мен қарапайым қазақстандық азаматтардың қайырымдылығынан жиналған 3 миллиард теңгеден асатын сома осы мақсаттарға жұмсалды.
«АЯЛА» қорының білім беру саласындағы жобалары да бар. Олардың ең соңғысы – мектеп-интернаттар мен балалар үйлерінің жасөспірімдері үшін белсенді ұсынылып отырған кәсіби бейімдеу курстары. Оларды қаржыландыру жалпы қаржы есептілігінде ашып көрсетіледі. Айтпақшы, ұйым құрылған кезден бергі барлық қаржы ағыны толықтай ашық және www.ayala.kz сайтына орналастырылған.
Мұнда мемлекеттік білім беру және медицина мекемелеріне көмек көрсету – «АЯЛА» қайырымдылық қоры үшін басым бағыт екені туралы ақпарат бар. Алайда мамыр айында қор өзінің басым бағытын сәл өзгертіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы күнкөрісі төмен 100 отбасына азық-түлік қоржынымен көмек көрсету үшін «Qolda» жобасының шеңберінде қаржы алды.
«Қазір коронавирус пандемиясының салдарынан көптеген адамдар өмір сүрудің қиындығын көріп жатыр, сондықтан біз көмектесе алатын жерде жәрдем беруіміз маңызды және керек деп шештік», - деп растады «АЯЛА» қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Бүгінгі күні «АЯЛА» қоры елорда әкімдігінен алған тізім бойынша барлық 100 азық-түлік қоржынының сәтті жеткізілгенін хабарлайды. Жоба үйлестірушісі әрбір мекенжайды егжей-тегжейлі тексерді. Ол жұмыссыз және тіршілікке қаражатсыз қалған аналармен телефонмен сағаттап сөйлесті. Тізімге кірген бірнеше отбасы көмектен өздері бас тартты. Ол осы қиын уақытта сүт, кілегей, айран, сарымай, шұжық, ірімшік, жеміс-жидек пен көкөніске, сондай-ақ шай, кофе, жұмыртқа, балық және ет консервілеріне, жармалар, қант, жуу заттары мен гигиена заттарына шынымен мұқтаж болып отырған адамдарға жіберілді.
«АЯЛА» қорынан көмек алған және «Жүрек жомарттығы» жобасына қатысқан нақты адамдардың айтқандары.
Сәуле Есмағамбетова Нұр-Сұлтаннан Арқалыққа көшіп келген: «Менің отбасымда 5 адам: мен, менің анам, ота жасалған әпкем және екі балам бар, олардың бәрінің денсаулығы жоқ. Карантинге дейін жұмыс істедім, қазір уақытша жұмыссызбын. Әрине, індеттің таралуына қатты уайымдаймын. Бізге берілген мұндай көмекке өте ризамын. Бүкіл азық-түлік дәмді және көп екен! Бұрын мұндай көмек алып көрмеп едік. Сіздерге үлкен рахмет айтамын!».
Динара Омарқызы Қожабаева 36 жаста, жетім өскен. Осы жеңілдік санаты бойынша пәтер алуға кезекте тұр. Динара қазіргі уақытта азық-түлік қоржыны түріндегі көмек – өте жақсы жәрдем деп санайды және өзі жайында әңгімелеп берді: «Менің отбасымда 4 адам: күйеуім екеуміз және 2 ерекше баламыз бар. Үлкен қызым - 7 жаста, ал кіші қызым - 2 жаста. Коронавирус індеті кезеңінде, бәлкім, көбінесе балаларымыз бен жақындарымыздың денсаулығына және елдің тұрақтылығына уайымдайтын шығармыз. Барлығы қымбаттап жатыр, көп нәрседен бас тартуға мәжбүрміз. Біз «АЯЛА» қорынан азық-түлік қоржынын алдық, оған балаларымыз қатты қуанды. Мұнда сүт өнімдерінің түр-түрі, жеміс-жидектер, көкөністер – балаларға қажеттінің бәрі бар екен. Консервілер, жармалар бар, тіпті химияны да салуды ұмытпапты. Көрсетілген көмек үшін үлкен алғысымызды білдіріп, барлығыңызға денсаулық, сәттілік тілегіміз келеді. Мұндай мейірбан адамдардың болған қандай керемет, демек бәрі жақсы болады!».
Индира Викторовна Ельмуратова үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. «Менің 5 жастағы үлкен ұлымның онкологиясы бар, қазір оның ауруы қайта қайталанып отыр. Ұлымның ауруы жұмыс істеуіме мүмкіндік бермейді. Қазір көбінесе, әрине, осы ұлымды және басқа екі баламды уайымдаймын: кіші ұлым 2,5 жаста, ал қызыма 6 ай ғана болды. Қазір олар Қостанай облысында менің әжеммен бірге тұрып жатыр. Өзімнің ата-анам жоқ, сондықтан сол кісіге апарып тастадым. Үлкен ұлыма қазір нәрлі тамақ өте қажет. Жәрдемақы түрінде алатын бүкіл қаражатымды оны емдеуге, шетелде оңалтуға жұмсаймын. Мен тіпті шот ашып, шетелге емделуге бару үшін қаражат жинап жүрмін. Сондықтан бүл көмектеріңізге үлкен рахмет! Жақсылық бар, және басқаға жасаған жақсылығың өзіңе еселеп қайтады. Бар болғандарыңызға рахмет!».
Еуразия Орталық Азия Қоры «Qolda» шұғыл көмек жобасы карантиннің елге жағымсыз ықпалын азайту үшін, қоғамдық және еріктілер ұйымдарына қолдау көрсету үшін, сондай-ақ халықтың БАҚ арқылы хабардарлығын арттыру үшін «Шеврон» компаниясымен серіктесе отырып жасалды.
«Біздің конкурсқа ҮЕҰ-дан берілген өтінімдердің сапасы өте жоғары болды. Грант комитеті 11 жоба үшін 24 млн теңге бөлді. Олар медицина жұмыскерлеріне қолдау көрсету бастамаларына, халықтың осал топтары мен мигранттарға гуманитарлық көмек көрсетуге, азаматтық қоғамды пандемия салдарларымен күреске қауіпсіз тартуға, жұмыс орындарын құруға бағытталды. «Жүрек жомарттығы» жобасын іске асыру кезіндегі «АЯЛА» қорының кәсіби деңгейін атап өткіміз келеді. Бұл қордың қызметкерлерінің жауаптылығының және айрықша ынтасының арқасында шынайы мұқтаж адамдарға көмектің жеткеніне қуаныштымыз», - деді Қазақстандағы ЕОАҚ атқарушы директоры Ринад Темирбеков.