Ақылың болмаса, ақиқатты тани алмайсың

472_085d35617bf49908a90ac8ddd8985955.jpg

Айдын күннің аманында Сириядағы қандауыр қан майданға аттандаған қаракөздерімізді көргенде кім болмасын алғашқыда аңтарылып қалатыны хақ. Қай-қайсымыз болсақ та: «Тыныш отырмай, тулайтындай астынан су шықты ма? Жел айдаған ебелектей қотарыла көшкені несі? Бөтегесі бүлкілдеп үйірінен бөліне шабатындай не көрінді, бәтшағарларға?» – деп, оларға осылай кейіп сөйлейтініміз айдан анық. Бірақ, одан мәселенің түп-төркінін біле алмаймыз. Ақиқатын білу үшін Сирия сергелдеңін сұғына зерттегеніміз жөн. Ол үшін әлбетте Шам кейіпкерлерін көріп, жүзбе-жүз жүздесіп, сұхбат жасап, сырын ақтарған абзал.

Осы тұрғыда Сириядан оралған қандастарымызбен бірнеше рет жолығып, сұхбаттасып көрдім. Әрқайсысы әртүрлі себепті көрсетеді. Көбісінікі сыныққа сылтау іздеп, елден шыққанға ұқсайды. Біреулері отбасындағы ырың-жырың айқай-шудан зәрезап болып, шетел асқан. Кейбірінің өмірде еш жолы болмай, ұдайы алдын кесір кес-кестеген. Бірі әлеуметтік әділетсіздікке душар болған. Тағы бірі елдегі саяси жүйемен келіспей, сырттан жұмақ іздеген. Тіпті, кейбірі не үшін барғанын да түсіндіріп бере алмайды. Әрине, басым бөлігі жаңсақ діни идеологияға алданып, аттанғандар. Жалпы, қайсысы болмасын, ақылмен әрекет етпеген, тап сол сәтте рационалды ойлау қабілетін пайдалана алмағандар. Басым көпшілігі жалаң бір сәттік сезімге беріліп, елден сырт айналғандар.

Жаббар-Хақ қасиетті кітапта: «Алла ақылын пайдаланбағандарға азап береді» (Юнус, 100) – дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с) де өзінің хадис-шарифтерінде ақиқатты тануда ақылдың орны ерекше екенін: «Адамды адам еткен оның ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ» (Жәмиус-Сағир, 4: 528) – деп ақылдың мәнін тап басып, түсіндіреді. Иә, жазмышта не түрлі жағдаймен бетпе-бет келгеніңде, ақылыңды тыңдамасаң, арандап қаласың, өмір бойы өкіндіретін опық жеп, пұшайман болуың ғажап емес. Демек, біз қай кезде де рационалды ойлауды өзімізге тұғыр етіп ұстауымыз қажет. Әсіресе, дінпаз азаматтар ақылын жоғалтып алмаса екен деп тілейміз!

 

Мұхан Исахан.

Дінтанушы. PHD докторы.

ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.

 



Ұқсас тақырыптар