Биылғы түлектер электронды диплом алады

1.jpg


Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари министрліктің Facebook парақшасында "Электронды диплом" тақырыбында өткен тікелей эфир барысында айтты.

Біз тиісті нормативті актілерді қабылдадық. Соған сәйкес биылғы жоғары оқу орындары мен колледж түлектері дипломның электронды нұсқасына ие болады. Бұл не үшін қажет? Бәрімізге белгілі, жыл сайын жұмыс берушілерде де, қарапайым азаматтарда да жалған дипломға қатысты мәселе туындап жатады және ол дипломды растауға уақыт та, қаражат та шығын болады. Сандарға келер болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігіне дипломды растауға қатысты жыл сайын 500 мыңдай сұраным түседі. Биылдан бастап дипломдар сандық форматқа көшті. Енді дипломның Білім министрлігінде тіркелген-тіркелмегенін онлайн режимде тексеруге болады, - деді ол.

Рүстем Биғаридің айтуынша, жұмыс беруші мен азаматтар үшін мұндай формат уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар аяқталады.

Сондай-ақ, бұл – жасанды диплом айналымына шектеу қоюға, жұмыс беруші мен мемлекеттік мекемелерді шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге, білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Алдымызда бұрынғы деректерді (дипломдарды) нақтылау бойынша жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс тұр. Оған уақыт қажет. Себебі, біз әр дипломды жеке тексеріп барып, деректер базасына енгіземіз, - деді ол.

 

BAQ.KZ



Ұқсас тақырыптар