Мәңгілік шамшырақ

1.jpg


Ислам дінінің Орталық Азияға енуімен түркілерде жоғары саяси ұйым құрудың синкретті үлгісі пайда болды. Түркілік ескі құндылықтар мен шариғат қағидалары қатар өріліп, мемлекетті басқару механизмі жаңа сатыға көтерілді. Түркілер әр кезеңде (самани, ғазнауи, қарақан, селжұқ) тиімді деп саналған мұсылмандық шарттарды қабылдады. Көне түркілік пен мұсылмандық құндылықтардың қосындысынан мемлекет сипаты мен мәдениет түрлене түсті.

Шынтуайтында, сол кезеңде түркі-ислам тәуелсіз иеліктерін ұйыстырушы бірден бір күш – ислам діні еді. Алғашқы төл түркі-ислам жоғары саяси ұйымы – Қарақан мемлекеті Сатұқ Боғра қағанның (924-955) биілігінің тұсында Ислам дінін қабылдап, Орталық Азияда Хақ діннің түпкілікті орнығуына қажырлы күш жұмсады. Ислам дінінің қоғамдағы мәртебесін көтеретін арнайы құрылымдар құрды. Басмыл және ұйғыр түріктеріне исламды тарату мақсатында фатх жорықтарын жасады. Орталық Азияны мекендейтін көне түркі сенімін ұстанатын этностарға ислам дінін насиқаттады.

Қарақан дәуірінде Ислам дінін насихаттаудың түркілік дәстүрі пайда болды. Аталған кезеңде өмір сүрген Ж.Баласұғын, А.Ясауи, А.Йүгінеки, М.Қашқаридің түркі тіліндегі шығармалары қиямет-қайымға дейін халқымызға өзінің тұнық сәулесін түсіретіні хақ. Осы Қарақан дәуірінде халқымыз Әбу Ханифа мәзһабын қабылдады. Қарақан дәуірі – Әбу Ханифа мәзһабына таңдау жасап ғана қойған жоқ, оның жарық жұлдыздары Имам Матуриди, Имам Сарахси, Имам Бәздауи, Имам Маргинани, Имам Дабусилерді шығарды. Олардың төлтума еңбектері дініміздің һәм руханиятымыздың мәңгілік шамшырағын жақты. Сол себепті де, халқымыз тура жолынан адаспай, мың жылдан астам уақыттан бері Әбу Ханифа мәзһабынан таймай келеді.

 

Мұхан Исахан.

Дінтанушы. PHD докторы.

ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының тапсырысы бойынша.

 



Ұқсас тақырыптар