Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарды кәсіби даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды

¦бTВTГ¦+¦¦¦-TВTЛ ¦¦¦-¦¬¦¬¦¦¦+¦¦¦-.jpg


2 және 3 топтағы мүгедек ересек адамдарды оқыту мен жұмысқа орналастыруды жүзеге асыратын «Прогресс» колледжі «Инклюзивті білім беру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері» атты конференцияны өткізді. Қазіргі уақыт талабына сәйкес онлайн режимінде өткен іс-шараға «Прогресс» колледжінің басшылары мен түлектері, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, Іле аудандық мәслихатының және БАҚ өкілдері қатысты.

Әлемде барлығы 650 миллион адам ерекше қажеттіліктері бар жандар қатарына кіреді, бұл жер халқының шамамен 10 пайызын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша бұл көрсетіш халық санының өсуіне, медицина ғылымының жетістіктері мен халықтың қартаю процесіне байланысты артып келеді. Ал Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бағалауы бойынша әлемдегі еңбекке қабілетті жастағы халықтың жалпы саны ішінде 386 миллион адам мүгедек болып табылады. Кейбір елдерде мүгедектер арасындағы жұмыссыздық 80 пайызға жетеді, өйткені қызмет берушілер мүгедектер жұмыс істей алмайды деп санайды. Қазіргі уақытта бұл мәселені шешудің негізгі жолы инклюзивті білім беру болып табылады.

«Мен инклюзивті оқытуды қолдаймын, өйткені ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамда әлеуметтенуді қажет етеді. Мүмкіндігі шектеулі ересектерге назар аудару өте маңызды, өйткені олар жұмысқа орналасу және жаңа дағдыларды үйрену үшін кәсіби қолдауды керек етеді, ал оқыту және бейімдеу бағдарламаларының көпшілігі біздің елімізде мүгедектігі бар балаларға бағытталған, ересектерге емес. Пайда болғанынан бастап «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Прогресс» колледжінің жобасы биыл оныншы рет 2 және 3 топтағы мүгедек адамдарды кәсіби дағдыларға оқыту бағдарламасының түлектерін шығарды, оның ерекшелігі - ересектерге арналуында. Бұл олардың қоғамға әлеуметтік интеграциялануына бағытталған, өйткені оларға қарым-қатынас пен білім алмасу маңызды», - деп атап өтті Прогресс колледжінің директоры Жанна Телпекбаева.

¦гTА¦-¦¦¦¬ ¦¦TГ¦¬¦¬¦-¦-TА¦-¦-¦¦¦- ¦+¦¦¦¬¦-.jpg

Спикер бағдарлама ерекше қажеттіліктері бар адамдарды нарықтағы сұранысқа байланысты өзгеру және толықтырылу үстіндегі мамандықтарға оқытуға бағытталғанын айтты. Әр жылдары арнайы дайындықтан өткен оқытушылар өздерінің ерекше оқушыларына пішу және тігу, сабын жасау, аспаздық ісінің негіздері, шаштараз, саңырауқұлақ өсіруші, маникюр маманы, аяқ киімді жөндеу маманы, сонымен қатар компьютерлік сауаттылық сынды мамандықтарға үйретті. Жақында оқу бағдарламаларына SMM негіздері қосылды, бұған қоса студенттер бизнес, бухгалтерия және салық салу жүйесі негіздерімен танысуда. Осы жылдар ішінде жоба аясында оқудан өткен 300 адамның 60-тан астамы жеке кәсіпкер атанып, өз ісін ашқанын айта кету маңызды. 2018 жылы «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған кәсіптік-техникалық білім» жобасы ресми түрде танылды – ол Америкалық Сауда Палатасы ұйымдастырған корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы үздік жобаларды марапаттау рәсімінде «Қоғам алдындағы еңбегі үшін» аталымында үздік деп танылды.

6 шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова Алматы облысының Іле ауданында 4 мыңға жуық мүгедек тұрып жатқанын және оларды оқыту, жұмысқа орналастыру, бейімдеу және әлеуметтендіру мәселелерін бизнес, қоғамдық ұйымдар мен мемлекет арасындағы әлеуметтік серіктестік арқылы тиімді шешуге болатынын атап өтті. Бұл тәсілдің сәтті мысалы ретінде Прогресс колледжінің бағдарламасын атауға болады.

«Өкінішке қарай, көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолданыстағы бағдарламалар туралы ақпарат жетпейді және олар үйінің, пәтерінің айналасында қалып қояды. Сондықтан бұл қызметке біз депутаттарды белсенді түрде тартамыз, олар өз сайлаушыларына ақпарат беруде осы мәселені қозғай алады. Мысалы, бізде Кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жұмыс істейді, оған сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдар кәсіби біліктілік ала алады, ал оның жетегінде өз бизнесін ашу үшін грантты иеленуге үміткер атануына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша мемлекеттік квота бар, бірақ іс жүзінде кәсіпорындар ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әрдайым жұмысқа қабылдай бермейді және біздің ауданда осы квота бойынша тек 15 адам жұмысқа орналастырылды. Бірақ бұл бағытта біз тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз және жағдайды оң бағытқа өзгертуге үміттенеміз», - деді Роза Әбілова.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша Алматы облысында 67 648 мүгедек тұрады, алайда облыстың өзге аудандарында оларды оқыту мен жұмысқа орналастыру проблемалары Іле ауданындағыдай сәтті шешілуде деп айту қиын. Алматы облысы Қапшағай қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Алмагүл Қамбарова ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға арналған инклюзивті білім беру мәселелерін шешу бойынша туындаған проблемалар мен бастамалар туралы аталмыш қала үлгісінде айтып берді. Негізгі проблемалардың қатарында кейбір сауда объектілеріне қажеттіліктері шектеулі адамдар үшін қол жетімділіктің болмауы, арнайы көліктің болмауы (қалада бір ғана инватакси бар), жалпы білім беретін мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беруді жүзеге асырудағы қиындықтар және басқалар аталды.

¦иTЛTАTЛ¦- ¦Ь¦-TА¦-¦¬¦-¦¦¦¦¦-¦-¦-.jpg

«Барлық проблемалық бағыттар бойынша біз кәсіпкерлерді әлеуметтік серіктестікке тарта отырып, жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірақ әзірге бұл, негізінен жергілікті бірлі-жарым жобалар. Біздің «Атамекен» палатамыз жүйелі негізде мүгедектігі бар адамдарды бизнес негіздеріне оқытады. Сонымен қатар, пандемия кезінде ол тоқтатылмады, онлайн режимге көшті. Барлық саны 56 қашықтықтан оқыту сабақтарының сериялары әзірленді, осының аясында «Бастау бизнес» бағдарламасының қатысушылары онлайн тестілеуден өтіп, өздерінің бизнес-жобаларын қорғады. Оқуды сәтті тәмамдағандар сертификат иеленіп, біздің бағдарлама бойынша да, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да грант байқауына қатыса алады», - деді Алмагүл Қамбарова.

2 және 3 топтағы мүгедек адамдарды кәсіби дағдыларға оқыту бағдарламасының қатысушысы Шырын Маралбекова «Прогресс» колледжінің бағдарламасынан өту тәжірибесі туралы айтып берді:

«Мен бала кезімнен есту қабілетім бойынша мүгедекпін, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында оқыдым. Орта мектепте бізді тігу негіздері мен түрлі кәсіптерге баулыды. Декреттік демалыстан кейін мен аудан орталығында әртүрлі мамандықтар бойынша білім беретін колледж бар екенін білдім. Мен енді кәсіби күрделі бұйымдарды тігуді үйренетініме өте қуанышты болдым. Ал ең бастысы, мұнда мен қатарлы мүгедектігі бар адамдар оқиды. Оқу барысында біз «Кәсіпкерлік іс» курсын оқи бастадық. Маған өте қызықты болды, енді біз Арай шебермен бірігіп, бұйымды тапсырыс бойынша тігеміз. Филип Моррис компаниясы ұйымдастырған жәрмеңкелерге және басқа да шеберлер жәрмеңкелеріне қатысамыз. Енді мен қоғам өміріне толық қатысамын. Менің екі балам бар, өкінішке қарай, күйеуімнен айырылып, оларды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Мен колледжде оқып, барлық іс-шараларға белсенді қатысқанымның арқасында балаларымды қамтамасыз ете аламын. Менің үлкен қызым университетке түсті, мен оның оқуын өзім төлеймін, мұны мақтан тұтамын. Оқу-білімге ұмтылу керек, үйде тектен-тек отырмай, белсенді болу керек деп санаймын».

Сарапшылар мен БАҚ өкілдері үшін тиімді диалог алаңына айналған конференцияда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инклюзивті білім беру саласындағы қазіргі проблемалар мен бастамалар, жұмысқа орналасу тұрғысынан ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау, ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының қолжетімділігі мен тиімділігі және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды.



Ұқсас тақырыптар