Әскери институт 19 жылдығын атап өтті

004.jpg


Радиотехника мамандығы бойынша офицер-инженерлерді  дайындайтын Орталық Азия аумағындағы тұңғыш әрі жалғыз жоғары білім ордасы 19 жылдығын атап өтуде.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрылу және даму тарихы Қазақстан әскері мен отандық білім және ғылым жүйесінің даму жолымен тығыз байланысты. Аталған білім ордасында 5 мамандық бойынша әскери мамандар дайындалады. Зенитті зымыранды, радиотехникалық әскерлері, авиацияны радиотехникамен қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері, қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің инженерлері, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қорғау саласының мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орны еліміздің қорғаныс саласын нығайтуда өзіндік үлесін қосып келеді.

Заманауи офицерлерге артылар жауапкершілік жүгі зор, олар түрлі қару-жарақпен қоса радиоэлектрониканы да жетік меңгерген болуы шарт. Сондықтан мұндағы білім беру үрдісі халықаралық стандарттарға сай. Оқытушылар құрамы жоғары дәрежелі мамандардан құралған.  Бүгінгі күні 18 адам ғылыми атақ-дәрежеге ие, оның ішінде 4 – ғылым докторы, 11 адам – ғылым кандидаты және 3 оқытушы PhD докторы бар. Ал 141 адам магистр дәрежесіне ие. Сондай-ақ, 25 әскери қызметші еліміздегі ЖОО-ның магистратурасы мен ТМД елдерінің адъюнктурасында білім алуда.

«Біздің жетістігіміз – оқу орнындағы әрбір әскери қызметшінің, азаматтық персоналының саналы түрде және аянбай тер төккен еңбегінің жемісі. Олардың әрқайсысы әскери білім беруді дамытуға, жоғарғы оқу орнының нықтап қалыптасуына, болашақ офицерлерді дайындауға лайықты үлес қосып келеді. Соның арқасында біздің институт еліміздің әскери жоғарғы оқу орындары арасында жетекші ұжымдардың бірі болып саналады. Және де еліміздің Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін офицер кадрларын даярлау бойынша мемлекеттік міндеттерді табысты орындап келеді деп сеніммен айта аламын», - деп атап өтті әскери институттың бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков. 

IMG_9487.JPG


Күнделікті беріліп жатқан теориялық білім нәтижелі болуы үшін практикалық сабақтар қоса ұйымдастырылады. Оқу аудиториялары мен зертханалары түрлі радиотехникалық стендттермен, компьтерлік және лингофонды техникалармен, симуляторлармен, сондай-ақ жаттығу кешендерімен жабдықталған. Курсанттар теориялық білімдерін институттың оқу орталығында жетілдіре түседі. Болашақ офицерлер шынайы жауынгерлік техникаларда тәжірибеден өтіп, радиолокациялық бекеттер мен байланыс әскери техникаларында қызмет көрсетеді.

Сонымен өатар, курсанттар мен офицерлер түрлі ғылыми жобаларды зерттеуді қолға алған. Яғни,  ғылыми зерттеулер жүргізіп, әскери және қару-жарақ техникасын жетілдіруге атсалысуда. Білікті педагогтардың жетекшілігімен курсанттар ғылыми жобаларын зерттеуге ұсынып, баяндамаларымен республикалық және халықаралық деңгейдегі  ғылыми конференцияларға қатысып келеді.

Ғылыми еңбектер институт қабырғасында шығарылатын ғылыми-техникалық журналында  жарияланады. Сондай-ақ, аталмыш ғылыми баспа беттерінде алыс және жақын шетелдік ғалымдар да өз ғылыми еңбектерімен бөліседі. Ғылыми журнал 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім мен ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдар тізіміне енген.

Іргетасы қаланғалы бері әскери институт қабырғасынан 2000-нан астам лейтенант түлеп шыққан. Олардың ішінде 340 түлек оқу озаты атанса, 30 курсант «оқу үздігі» төсбелгісімен марапатталған.  Олардың барлығы Қарулы Күштердің, өзге де әскери құралымдардың офицерлік корпусының қатарын толықтыра отырып, әскери міндеттерін адал өткеруде.


Ұқсас тақырыптар