Медициналық сақтандыру бар, медициналық көмек бар ма?

1.jpg


2020 жылдан бастап елімізде МӘМС жүйесі енгізілді. Уәде етілгендей,  МӘМС жүйесі іске қосылған сәттен бастап салымшылардың барлығы дерлік медициналық көмекті дәрігердің тағайындауы бойынша тегін алуы тиіс болатын. Алайда, МӘМС жүйесі енгізілген уақыттан бері тұрғындар арасында медициналық қызмет  төңірегінде арыз-шағым, теріс пікір, наразылық легі азаяр емес.

Әсіресе, пандемия уақытында сапалы медициналық көмекке қол жеткізу оңай болған жоқ. Оған себеп, жалпы денсаулық сақтау саласының жұқпалы індетпен күресуге дайын болмағаны. «Бірінші толқын» аталған  коронавирустың өршіген кезінде халықтың  медициналық көмек түгілі, дәрі-дәрмекке қол жеткізуі мұң болды.  МӘМС шеңберінде тегін медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке қол жеткізуге тиіс қазақстандықтар сатып алуға дәрі таппай сенделді. Әрине, біз бұны әлемді шарпыған пандемияның салдары деп денсаулық сақтау саласындағы кемшілектерді ақтап алуға тырысуымыз мүмкін. Дегенмен де, қазақстандықтар жалпы сапалы әрі «тегін» медициналық көмек алып жүр ме?

Баршамызға белгілі, жалақыдан Медициналық сақтандыру қорына алдағы  2021 жылы -2%, 2022 жылы-3% жарна аударылады. Жарна аудару міндетті.  Яғни, біз одан бас тарта алмаймыз. Олай болса, біз медициналық қызметті міндетті түрде МӘМС шеңберінде алуымыз тиіс, одан медициналық мекемелер бас тарта алмайды. Дұрысы-осы!

Сонымен, МӘМС жүйесі бізге не беруі тиіс?

1.     Медициналық көмекке жұмсалатын отбасылық бюджеттің үнемделуі;

2.     Медициналық ұйымды таңдау еркіндігі;

3.     Тегін берілетін дәрілік препараттар тізімінің артуы;

4.     Реабилитацияның қолжетімділігі;

5.     Жоғарытехнологиялық ота мен диагностиканың қолжетімділігі және т.б.

 Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген бір жылға жуық уақыт аралығында  қазақстандықтар  медицинаға жұмсалатын отбасы бюджетінің азайғандығын сезіне алды ма? Сандар сөйлесін.  

МӘМС қоры ұсынған ресми ақпарат бойынша осы жылдың 8 айында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакетіндегі медициналық көмекті төлеуге 163,6 млрд теңге бөлді.  Ал, өз кезегінде  осы жылдың 8 айында қорға 351,2 млрд теңге жарналар мен аударымдар түсті. Бағамдасақ, қорға түскен жарналардың 50% -ға жуығы ғана  медициналық көмекті төлеуге аударылып отыр.

Қаңтар - тамыз аралығындағы  шығындардың басым бөлігі стационарлық медициналық көмекке жұмсалған. 8 айда жоспарлы түрде еліміздің стационарларында 660 мыңнан астам адам ем қабылдады. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға тағы 54 млрд теңге төленді. Айта кету керек, КТ және МРТ қызметтері азаматтар үшін МӘМС шеңберінде тегін болып, 8 айда пациенттерге КТ және МРТ 400 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қор халыққа жоғары технологиялық қызмет көрсеткені үшін 14 млрд теңгеден астам қаржы төледі, мұндай қызметтерді 4,5 мыңнан астам адам алды, тағы 13 млрд теңге стационарды алмастыратын көмекті төлеуге бағытталды. Биылғы жылдың 8 айында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа 2,8 млн-нан астам стоматологиялық қызмет көрсеткені үшін 5,1 млрд теңге төледі. Сонымен қатар, 67 мыңға жуық қазақстандық инфаркт, инсульт және т.б. жағдайлардан соң  және жоспарлы отадан кейін  медициналық оңалту қызметін алды.

Ресми дерекке көз жүгіртсек, қазақстандықтар МӘМС шеңберінде медициналық көмектің уәде етілген толық пакетін алып жатыр. Бір қызығы,  бұл тізімде жалған қабылдаулар мен  ем-дом шаралары да көрсетілген болуы мүмкін. Себебі, баршамызға мәлім болғандай  2020 жылдың жартыжылдық қортындысы бойынша 75 миллионан астам қаржы емханада қағаз жүзінде ғана көрсетілген медициналық қызметке  аударылған. Бұл анықталған дерек қана. 

Медициналық сақтандыру қоры бұл ретте медицина саласы қызметкерлерінің әлі де болса, МӘМС жүйесі шеңберінде сапалы жұмыс жүргізбегендігінің  нәтижесі деп атап өтуде.  Әрине, медициналық сақтандыру қоры өз тарапынан медициналық қызметкерлердің білімін жетілдіруге бағытталған оқу курстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ, жергілікті жерде мамандардың МӘМС шеңберіндегі білімдерін бағалау мақсатында «Құпия пациент» акциясын өткізді. Зерттеу қорытындысы бойынша Жамбыл (78,3%), Павлодар (78%) және Ақтөбе (78%) облыстарының медицина қызметкерлері ең жоғары білім деңгейін көрсетті. Маңғыстау облысында жағдай бәрінен де нашар – мұнда білім көрсеткіші сұралғандардың 27,7% - ын құрады. Сондай-ақ аутсайдер үштігінде Алматы облысы-46,4% және Алматы қаласы - 49% бар. 

МӘМС жүйесінің  толықтай сапалы жүргізілуіне жауапты медицина қызметкерлерінің өзі медициналық сақтандыру шеңберіндегі сауалдарға 100% жауап бере алмайтын болса, қарапайым халық арасында сақтандыру жүйесіне қатысты сын пікір мен сансыз сауалдардың пайда болуы түсінікті жағдай. Осы ретте, «Шаңырақ» аналар мен ханымдар қоғамдық бірлестігі «Қазақстандықтардың МӘМС-ке жұмсалатын шығынына талдау жасау арқылы бағдарламаны енгізудің тиімділігіне баға беру» тақырыбында тәуелсіз зерттеу жүргізуде. Зерттеу жұмыстары аясында онлайн-сауалнама құрастырылды. Сауалнама анонимді түрде жүргізіледі. Басты мақсаты қазақстандықтардың МӘМС жүйесінің тиімділігі туралы пікірлерін анықтау. Сауалнамаға сілтеме: https://docs.google.com/forms/d/1PRtUl_ksob8Z7PX1yXFb4yuQgfv8Ncwp-aaBcQuK3Qc/edit

 

Әйгерім Қожа

 

 

    

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар