Солтүстік Қазақстанда заманауи сүт өңдеу зауыты іске қосылады

1.jpg


Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында «Eurasian Milk» ЖШС зауытында жабдықты тестілік іске қосу өтті, бұл туралы БАҚ-на арналған онлайн-конференция барысында жарияланды. Кәсіпорын қазақстандық ірі Eurasian Foods Corporation холдингінің құрамына кіреді. Eurasian Milk зауыты тарихы 1928 жылы басталған Петропавл қаласының сүт кәсіпорнының базасында ашылады. Бір ғасырға жуық уақыттан кейін аймақтағы тамақ өнеркәсібінің тарихы терең кәсіпорындарының бірі мүлдем жаңа технологиялық деңгейде қайта жанданды. Жаңа зауытта шығарылған сүт өнімдерінің алғашқы партиясы сауда желілеріне 2020 жылдың желтоқсанында түседі.

 Онлайн конференция барысында жалпы әлемдік дағдарыс кезеңінде осындай ауқымды жобаны іске қосу ел экономикасын тұрақтандыруға елеулі үлес қосатыны атап өтілді, сарапшылардың пікірі осыған саяды. Eurasian Foods Corporation (EFC) холдингі ірі салық төлеушілердің қатарына кіреді, өткен жылы мемлекеттік бюджетке аударымдар сомасы 9 млрд.теңгеден асты. Салық түсімдері Eurasian Milk жаңа кәсіпорнының есебінен де өсетін болады, демек, облыс бюджеті қосымша қаражат алады, жалпы бұл заманауи кәсіпорын бүкіл өңір үшін экономикалық дамудың қозғаушы күші бола алады.

Зауытты жаңғыртуға $12 млн. бағытталды, бұл жаңа кәсіпорынның құрылысына жұмсалатын шығынмен салыстыруға келетін айтарлықтай сома, бұл ретте салынған қаражаттың 70%-ы – Eurasian Foods Corporation холдингінің ресурстары. Техникалық жабдықтау деңгейі бойынша Eurasian Milk елдегі ең заманауи сүт өндірістерінің біріне айналады. Зауытта бірнеше желі орнатылған: Германия өндірісі бойынша сүтті қабылдау және өңдеу, сары май өндіру бойынша швейцариялық желі, ірімшік өндіру бойынша австриялық желі және «моцарелла» типті ірімшіктер шығару үшін арнайы италиялық желі. Зауыттың мұндай құрылымы Қазақстандағы алғашқы және жалғыз болып есептеледі.

 Кәсіпорынды жаңғыртудың нәтижесі кең сұрыпталымда жаңа сапалы өнімдер шығару және сайып келгенде, өңірдің және бүкіл Қазақстанның сүт өнімдері нарығында отандық өндірушілердің үлесін ұлғайту болмақ. Мәселен, EFC мамандарының бағалауы бойынша отандық өндірушілердің сары май санатындағы өнімінің ел нарығындағы үлесі 33%-ды құрайды, ал ірімшік санатында 5%-дан аспайды. Eurasian Milk зауыты іске қосылғаннан кейін жылына 50 мың тонна сүт өңдейді, дайын өнім өндіру көлемі жылына 14,5 мың тоннаны құрайды, ал оның 3,5 мың тоннасын ірімшік өндірісі құрайды. Осы кезеңде кәсіпорын сары май, қаймақ, ірімшіктің әр түрін, оның ішінде «моцарелла» типіндегі ірімшіктерді шығаруға бағдарланады. Өндірістік қуатқа шыққан кезде сүтті қайта өңдеу көлемі жылына 110 мың тоннаны құрайды.

Компания холдинг құрамына кіргеннен кейін жаңа өмір тапты. Зауыт штаты айтарлықтай өсті және қазірдің өзінде 150 адамды құрайды, ал болашақта оны кеңейту жоспарлануда. Экономикалық дағдарыс кезінде, пандемияға байланысты көптеген кәсіпорындар штатты қысқартуға немесе қызметкерлерді жалақы төленбейтін демалысқа жіберуге мәжбүр болған шақта жаңа жұмыс орындарын құру өте маңызды. Зауытқа жұмысқа орналасқан жас мамандар кәсіби білім ала алады, ол әрі қарай кәсіби өсудің негізі болады. Бұдан бөлек, ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігін сервистік компаниялардың қолдауынсыз қамтамасыз ету мүмкін емес, тиісінше Eurasian Milk ашылуының арқасында сабақтас салаларда да жұмыс орындары ашылады, бұл өңірге экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін сыйлайды.

– Пандемия жағдайында енгізілген бұрын-соңды болмаған шектеулерге, жабдық өндірушілер арасындағы коммуникациялардың тоқтауына, карантин жағдайында сүт өндірісінің ерекшеліктерімен таныс бірегей мамандарды-құрылысшыларды, инженерлерді, реттеушілерді іздеу және жұмысқа тартудың тым күрделілігіне қарамастан, кәсіпорынды қайта жабдықтау бойынша барлық жұмыстар қысқа мерзімде жүргізілді. Жобалау сәтінен бастап бір жылдан астам уақыт өтті. Бүгін жабдықты тестілік іске қосу өтті, алдағы айда зауытты пайдалануға беру жоспарлануда. Күрделі сүт өнімдерін өндіруді игеруге, сұрыпталым желісін құруға және өңдеуге уақыт қажет етіледі, бірақ біз технолог-халықаралық сарапшыларды Австрия, Швейцария, Балтық елдері сынды «сүт» елдерінен тарттық. Біз процестер және рецептуралармен жұмыс істейміз және СҚО өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де танылады деп үміттенеміз, - деп атап өтті «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры Андрей Гриценко.

Елдегі ең заманауи сүт өңдеу кәсіпорнын модернизациялау және пайдалануға беру Қазақстанның тамақ өнеркәсібі пандемия мен экономикалық дағдарысқа қарамастан сапалы өсуді жалғастырып келе жатқанын, ал отандық бизнес салаға өз инвестицияларын ұлғайтып отырғанын айғақтайды. Мемлекет басшысы өткен жылы осы саладағы солтүстік қазақстандық өндірушілердің позициясын күшейтудің қажеттілігін атап өтті. Бұл бастаманы СҚО әкімдігі де қолдады. Сондай-ақ Eurasian Foods Corporation басшылығы сүт өңдеу өнеркәсібін жетілдіру холдинг бизнесін дамытудың жаңа және перспективалық бағыттарының бірі деп санайды.

Алайда, отандық сүт өңдеу кәсіпорындары үшін өнеркәсіптік өңдеуге жарамды сапалы сүттің жетіспеушілігі тудыратын проблема саланың өсуіне кедергі келтіруде. Оның себебі шикізат жеткізілімінің едәуір бөлігін құрайтын ұсақ фермалардың бытыраңқылығы мен әлсіздігінде, олардың сапалы жемшөп базасына қол жетімділігі мен малға ветеринариялық күтімнің болмауында. Сарапшылар атап өткендей, шикі сүт – бұл сақтау мерзімі өте қысқа және сапаны жақсарту мен өндіріс көлемін ұлғайту ұшін өте ұзақ уақыт аралығын және қымбатшылықты қамтитын өнім.

Eurasian Milk басшылығы кәсіпорынға шаруа қожалықтарынан жеткізілетін шикі сүтті қабылдаудың ең қатаң талаптарына сай болуын қамтамасыз етуге ұмтылады. Сондықтан компания фермерлік өнімдерге кепілдендірілген және ұзақ мерзімді сұранысты ұсына отырып, жергілікті шаруашылықтармен ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Кәсіпорындағы негізгі міндеттердің бірі – фермерлермен серіктестік қарым-қатынас орнату, олармен алдын-ала бірнеше жылға келісім-шарттар жасасу. Eurasian Milk фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруде кепілгер болуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда фермерлерге керекті жабдықтарды ұсынуға ниетті. Компания мамандары білім беру компонентіне көп көңіл бөлмек: арнайы фермерлер үшін мамандардың консультациялары, мал шаруашылығы бойынша семинарлар ұйымдастырылады, шақырылған сарапшылар басқа елдердің аграрлары табысты қолданып жүрген заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары туралы айтып береді.

Осылайша, Eurasian Milk басшылығы өз тарапынан сүт саласын дамыту бойынша өңірлік биліктің күш-жігерін қолдайды. Солтүстік Қазақстанда қазірдің өзінде сүттің сапалық сипаттамаларын жақсартуға, сала кәсіпорындары үшін шикізат жеткізудегі ірі шаруашылықтардың үлесін арттыруға бағытталған сүт-тауар фермаларын дамыту жөніндегі бағдарлама жұмыс істейді. Сондай-ақ, мемлекет инвестицияларды субсидиялау тетігі арқылы салаға қолдау көрсетеді.

«Eurasian Foods Corporation» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Иван Колесниковтың айтуынша, Eurasian Milk-тің EFC холдинг құрамына кіруімен бизнестің жаңа перспективалық бағыты ашылады, оның дамуы холдингке Қазақстан нарығындағы позициясын күшейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қазақстандықтарды сапалы және қолжетімді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге көмектеседі.

- Кәсіпорынның міндеті шикізаттан бастап, бәрінде максималды сапада ең төменгі өзіндік құнды қамтамасыз ету. Дегенмен, бұл заманауи технологиялардың, тиімді ұйымдастырудың және жоғары өнімділіктің үйлесімімен ғана мүмкін. Шағын зауыттар, сондай-ақ заманауи жабдықтары, сапалы мал басы мен жемшөп базасы жоқ шағын фермалар, өкінішке қарай, беларусьтік, украиналық немесе Балтық жағалауы компанияларымен бәсекелесе алмайды. Өз кезегінде біздің өндіріс жылына кем дегенде 110 мың тонна сүт өңдеуге бағытталған, бұл – оңтайлы деңгей. Біз сүт саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауды жоспарлап отырмыз, фермерлермен ұзақ мерзімді сенімді қарым-қатынастар орнатамыз, алайда олар экономикалық тұрғыдан ақталуы тиіс. «Аз өндіреміз, қымбат сатамыз» қағидатынан «көп өндіреміз, экономиканың осы сегментінде көшбасшы елдермен бәсекелі баға бойынша сатамыз» қағидатына көшуіміз керек, - дейді Иван Колесников.

 



Ұқсас тақырыптар