Тазалық сақшысы

Таңсәріде. Қала жұрты тәтті ұйқының құшағында. Бірнеше күн бойы үсті-үстіне төпелей қар жауғалы «Екібастұзкоммунсервис» жұмыскерлерінен де маза кетті. Таңмен таласа тұрып қар күреу жұмысына жұмыла кіріседі. Жапалақтап жауған қар аққала соғып ойнайтын балаларға жақсы болды демесең, оны күнде күреу – мехнатты тірлік. Алдымен қар тазалаушы қызметтер көлік жолдарын аршиды. Техникамен тазалаған жақсы-ақ. Бірақ қарды жол жиегіне қорған тәрізді үйіп кететіні сол маңдағы тұрғындарға ұнамайды. Қайсыбірі жол сыпырушылар жеткенше шыдамы таусылып, әкімдікке қоңыраулатып жатқаны.

Сәкен.jpg

Осы салада 10 жылдай қызмет етіп келе жатқан аға шебер Сәкен Мұқанов үшін таңмен таласа тұру күнделікті дағдысына айналған. Бүгін де таңғы сағат 4-те оянған ол қызметтік көлігімен қаланы аралап өтті. Кеше ғана тазалады деуге келмейді. Қаланы ақ ұлпа қар басып қалған. Көшенің ортасында арнаулы техникалар көз ілеспес шапшаңдықпен қар тазалап жүр. Сары жилет киген жұмыскерлер де өз учаскелерінде дамыл таппай, асфальтқа жабысқан ақ ұлпа қарды аршу үстінде. Бір шетте тау төбе болып үйілген қар техникамен КамАЗ-ға артылып жатыр. Таң қылаң бере бастағанда жұмыс та қызып, жұмыскерлер ширақ қимылдай бастады. Көше бойындағы темір жәшіктердің  қоқысын жүк көлігіне тиеу де біршама уақытты алды.

Осы сәтте көпқабатты үйлердің ауласындағы контейнерлер алаңқайында да жұмыс қызу жүріп жатты: контейнерлер қоқыстан арылғаннан кейінгі жол тазалаушының ендігі міндеті – алаңшаның маңын сыпырып-тазалау. Сонымен бірге, таза жерді суретке түсіріп, диспетчерге уотсап арқылы жібереді. Бұл тұрғындар тарапынан шағым түсе қалған жағдайда дәлелдеу үшін қажет.

Таңғы сағат 7-деқалада қарбалас тіршілік басталды. Көліктер тұз қоспа төгілген жолда арлы-берлі зуылдаса, жүргіншілер қардан аршылған тротуармен аяңдап бара жатты.  

«Тұз қоспа  жолда ұзақ жатса, қармен еріп, зиянды қалдықтар бөледі. Адам денсаулығына қауіпті болғандықтан біз бір күннен кейін сыпырып, полигонға шығарамыз. Орнына жаңасын төгеміз, - дейді Сәкен Ақылбекұлы. – Бізде жұмыс өте ауыр, қатып қалған жұмыс кестесі жоқ тазалыққа байланысты болғандықтан тәртіп қатаң. Жұмыскерлер де тәртіпке үйренген Тұрғындардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін еңбек етіп жатқандықтан жауапсыз, немқұрайды адамға бізде орын жоқ. Қыста қар жауған күндері, көктемде және күзде жұмыс екі есеге артатындықтан жұмыскерлер екі ауысымға шығады. Жазда көшелерде жүріп өткен көліктердің доңғалақтарынан жол жиегіне едәуір топырақ  жиналады екен. 2 күнде жол шетінен 3-4 КамАЗ топырақты полигонға жөнелтеді екенбіз. Жаздың ми қайнатар аптап ыстығында және жауынды-шашынды күндерден кейін шаһардың көшелері арнайы көліктің көмегімен жуылады. Соңғы уақытта техниканың 90%-ы жаңартылса, жол тазалау жұмыстарының 70-80 %-ы – соның үлесінде. Қазіргі таңда сыпырғышы бар 14 трактор және КамАЗ жол жұмыстарына тартылған. 

Сәкен Ақылбекұлының айтуынша, кәсіпорын жұмыскерлері аптасына бір-ақ рет: жексенбіде демалады. Демалыста таңғы сағат 8-ден 13.00-ге дейін кезекші қызмет бекітілген. Олар осы күні көшелердегі қоқыс жәшіктерін тазалаумен айналысады.

– Еңбегімізді бұлдамаймыз ғой. Алайда тұрғындардың біздің еңбегімізге құрметпен қарағанын қалаймыз. Әр адам көшеде жүргенде қоқыс тастамай, тазалықты сақтаса деген тілегіміз бар. Бұл соншалықты қиын емес қой, – дейді ол.

Шынында да әрқайсысымыз өз қоқысымызды жинап жүрміз бе?

Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ,

Екібастұз

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар