Жазғы демалыс жас жеткіншектер үшін жаңашыл таным-түсінік, пайдалы да тиімді үлгі-өнеге, қажетті ақпараттарды меңгерудің «алтын» кезеңі десек артық емес. Кез-келген ата - ана үшін баласының әрбір күні қуаныш пен шаттыққа толы болып, демалыс пен тәрбиенің қатар ұштасып рухани өсіп жетілуі басты назарда екендігі айқын. Осы орайда, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай көрермендеріне арналған төл туындыларының тұсаукесерін және басқа да танымдық қойылымдардың көрсетілімін жазғы демалыс уақытына сәйкес ұсынуды дәстүрге айналдыруда.
Сүйікті бүлдіршіндеріне үзіліссіз қызмет жасайтын өнер орда бүгінде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып репертуар қоржынындағы үздік қойылымдарды ұсынуды жалғастыруда. Көрермен санына емес, ұсынылатын қойылым сапасымен санасатын ұжым балалардың демалыс уақытын дұрыс бағытта ұйымдастыру мақсатында репертуар көкжиегін ұлттық сана-сезімнің қайнар бастауы, қазақ батырлық ертегілерінің озық үлгісі – «Ер Төстік» қойылымының премьерасын ұсынды. Қойылымда ұлттық наным-сенімдер, салт-дәстүрлерден көрініс беретін сахна декорациялары мен реквизиттер, қуыршақтардың жасалу техникасы мен қимыл-қозғалыс ерекшеліктері шығармашылық құрамның әрбір детальды басты назарда ұстай отырып, жас көрермендерге аса бай мәдениетіміз бен асыл мұрамызды дәріптеуді мақсат еткенін аңғаруға болады.
Халқымыздың тамырлы тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен ұлттық құндылықтарын насихаттайтын татымды туындылар қатарын көбейту, сол арқылы жас буынды ұлтжандылыққа, отансүйгіштік пен батырлыққа, қайсарлыққа үндеу, ұлттық сана-сезімді дамыту, отандық шығармаларды дәріптеу негізінде бүлдіршіндерге арналған «Қаңбақ шал», «Алтын адам», «Сағыныш шөбі» «Тоба», ересектерге арналған «Өмір – өзен», «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай», «Мен деп ойла» сынды қойылымдар көрермен сұранысына ие туындылар қатарында. Сонымен қатар, репертуар қоржыны бүгінгі театр үрдісінде салмағы басым, бағыты басқа, форматы өзге күрделі де тың шығармалар, дәстүрлі үрдістен алшақ философиялық және идеялық мазмұны кең «Ана жүрегі», «Медея», «Ана –Жер Ана», «Ромео мен Джульетта», «Макбет» қойылымдары республика ғана емес шет ел көрермендері мен театр мамандарының жоғары бағасы мен ыстық ықыласына ие.
Өн бойына терең мағына, астарлы ақиқат тұндырған, шынайы болмысымен бөлек сезімге бөлейтін қуыршақ театры ұсынған қойылымдар көрсетілімінде жүздескенше!
Мадина ТӨЛЕ