Қазақстан ауыл шаруашылығында гигант атанбақ

Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дамыту аса маңызды. Қазақстан экономикасының басым бөлігін шикізат, соның ішінде мұнай мен газ құрайды. КСРО кезеңінде басталған экономиканы шикізатқа тәуелді ету саясаты әлі жалғасып келеді. Салдарынан ел бюджеті мұнай бағасына тәуелді болып қалды. Бұл әлемдегі саясаттың құбылмалы күйіне тәуелділік деген сөз. Қазақстан билігі 2014-2015 жылғы әлемдегі мұнай бағасының күрт түсуінен алған экономикалық соққыны ұмыта қоймады және соған сәйкес экономиканы әртараптандыру жұмыстарын бастады. Бұл кешенді жоспар және ұзақ уақытты қамтитын шараларды қажет етеді.


Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда заманауи цифрлық технологияларды  қолданудың маңызы – syrboyi.kz

 

Қазіргі сәтте Қазақстан экономикасында ауыл шаруашылығы бар болғаны 5 пайыз үлесті алып тұр. Бұл өте аз көрсеткіш. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығы болашақта экономиканың негізгі драйвері болуы тиістігін атап өтті. Бұл қажырлы еңбекті, жүйелі жұмысты және нақты стратегияны қажет етеді. Дей-тұра ауыл шаруашылығына салынған инвестиция өзін ақтайды дейді мамандар. Оның бірнеше мысалы мен себептері де бар.

 

Біріншіден, әлемдегі аумалы-төкпелі саясат ауыл шаруашылығының қуатты болуына итермелеуде. Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан Қара теңіздегі тасымал жолдарының бұғатталуы, Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстан Қызыл теңіз бен Суэц арнасының бұғатталуы және Панама каналындағы судың тартылуы әлемдегі дәстүрлі азық-түлік тасымалының бағыттарын өзгертті, ауыл шаруашылық өнімдерінің күрт қымбаттауына әкелді. Әлемдегі астық өндірісінен көшбасшы елдің бірі саналатын Украина бүгінде әлем нарығына өз бидайын жеткізуде қиындық көруде, оның орнын әлем нарығында жаңа ойыншылар басуға тырысуда, соның ішінде Қазақстан да бар. Яғни геосаяси өзгерістер ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға себепкер болуда.

 

Екіншіден, әлемдегі халық санының жыл сайын қарқынды негізде артуы ауыл шаруашылық саласының дамуына стимул беруде дейді мамандар. Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің халық саны да артуда. Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан халқы үнемі арту үстінде, Түркіменстан халқының өсімі байқалмаса, Ресейде халық саны азая түскен. Алайда Ресейдегі демографиялық азаю көріністері бар болса да, Ресей нарығы 145 млнды құрайды. Ауыл шаруашылығын дамытуды қолдайтын сарапшылар Қазақстан Каспий теңізі арқылы көршілес елдер саналатын мемлекеттерді қоса алғанда 2 млрдқа жуық нарықпен шекаралас екенін айтуда. Бұл ауыл шаруашылық өндірісін қарқынды дамытуға мүмкіндік көп дегенді білдіреді, себебі өнімді сату нарығы шекаралас елдерден де табылады.

 

2024 жылдың қаңтарында Ауыл шаруашылық министрлігі ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты 2024-2028 жылдарға арналған құжатты талқылауға ұсынды. Министрлік аталмыш құжат аясындағы іс-шаралар кешені ауыл шаруашылығын дамытуға сеп болып, сүт, ет, жүгері, күріш, қарақұмық және майлы дақыл түрлерін 2028 жылға қарай 70 пайызға арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Құжаттың жоспары анық және жан-жақты. Онда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған түрлі шараларды нақты индикаторлармен қамтыған.

 

Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытуды негізгі бағыт етуде. Талқыға ұсынған құжатқа назар аударатын болсақ Солтүстік Қазақстан облысындағы нәтижелі тәжірибені алып, өзге аймақтарда енгізу қолға алынбақ. Бұл жыл сайын сүт өндірісін кешенді етуге арналған қосымша 10 жаңа жобаны іске қосып отыру керектігін білдіреді. Ал сүт өндірісін қарқынды ету үшін сиыр саууға арналған жаңа аппараттарды қолдану ұсынылуда.

 

Ет өндірісін дамыту үшін 2028 жылға дейін жыл сайын 20 инвестициялық жобаны іске қосу және инвестор тарту жоспары қойылған. Бұл жыл сайын 100 мың тонна ет өндіруді арттыруға мүмкіндік береді. Құжатта 2024 жылдың тамызына дейін қой шаруашылығын дамытуға қатысты, асыл тұқымды қой басын арттыруға қатысты жаңа технологиялар енгізу басталатыны айтылған. Бұл әрине өз кезегінде жаңа субсидия түрлерін қажет етеді.

 

2028 жылға дейін жыл сайын тері өңдеуге қатысты 5 инвестициялық жобаны енгізу жоспары бар. Сонымен бірге жүн өңдеу жобалары да іске қосылады. Ол жылына 25 мың тонна жүнді өңдеуге мүмкіндік бермек. Құжаттағы жоспарда 2028 жылға дейін қоса алғанда Қазақстанда жалпы дәнді дақылдарды терең өңдеу бойынша жыл сайын кемінде 3 инвестициялық жоба іске қосылатыны айтылған. Оның қуаттылығы жылына кемінде 250 мың тонна өңдеуге жетпек. Сонымен қатар жемістер мен көкөністерді өңдеу бойынша кемінде 10 жоба қосылады және оның қуаттылығы жыл сайын 200 мың тоннаға жетпек. Жыл сайын жоғары технологиялық күрделі өндіріс негізінде инновациялық өнім жасау үшін өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына кем дегенде екі инвестор тарту жоспары да бар.

 

Ауыл шаруашылық саласын дамыту білікті мамандар арқылы ғана іске асады. Заман талабы басқа. Жаңа технологияларды даму қарқыны жоғары. Сол себепті де Ауыл шаруашылық министрлігі аталмыш саланы дамытуға жас, білікті, кәсіби мамандарды көбірек тарту керек деп санайды. Ол үшін тамақ өндірісіне, тері және ет өнімдерін, сүт өнімдерін дамыту саласына білікті маман жастарды шақыру үшін ынталандыру бағдарламалары қабылданбақ. Оларға тұрғын үй алуға қатысты арнайы бағдарламалар болады. Жеңілдетілген несилер беру жағы да қарастырылады. Білікті жастарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылық саласын дамытуға шетелге жіберу саны арта түспек.

 

Қазақстан осылайша ауыл шаруашылығын ел бюджетінің негізгі донорының біріне айналдыруды көздеп отыр. Бұл ұзақ мерзімді бағдарламаларды қабылдауды қажет етеді және нәтижесі алдағы жылдары көріне бастайды. Жер көлемі әлемде тоғызыншы орын алатын, жайылым, шабындық және егіс алқаптары мен бау-бақша бақтары бар Қазақстанның ауыл шаруашылығында гигант атану мүмкіндігі зор.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар