Ұлыбритания: ОА үшін Қытай және Ресеймен таласқа түсеміз!

2024 жылы Ұлыбритания саяси басшылығының Орталық Азия елдерімен «С5+1» форматында жоғары деңгейде кездесуі жоспарланған.

1709801329637214.jpg

Біріккен Корольдік парламентінде ұсынылған баяндамада авторлар Британ үкіметіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерімен өзара іс-қимылды арттыру керектігін айтқан. Ұлыбритания мен ОА елдері арасындағы қазіргі байланыстардың әлсіздігін сынаған. Сондай-ақ Британ билігін Ресей мен Қытайдың өңірдегі ықпалына барынша белсенді қарсы тұруға шақырған.

ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ ЕЛДЕР: ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ОА-ҒА БЕТ БҰРУЫ

Жуырда Британ парламенті қауымдар палатасының сыртқы істер жөніндегі комитеті «Жолайрықтағы елдер: Ұлыбританияның Орталық Азияға бет бұруы» атты баяндама жариялады. Онда осы өңірдегі «стратегияның жоқтығы» талданады, тұтастай алғанда Орталық Азия елдеріндегі ахуал сипатталады, сондай-ақ Корольдіктің үкіметі үшін практикалық ұсынымдар беріледі.

1709800828737793.jpeg

Жарияланым сегіз тараудан тұрады. Оның авторлары 5 елдің әрқайсысының - Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түрікменстанның және Өзбекстанның ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сипаттайды. Сондай-ақ үкіметке «сауда, адам құқықтары, мәдени алмасу, жалпы өңірлік ынтымақтастық мәселелерінде батыл әрі өршіл болуға» кеңес береді.

«Британияның Орталық Азияға неғұрлым белсенді қатысуы өзара тиімді болып қана қоймай, геосаяси императивтер ретінде қарастырылуы тиіс», - делінген құжатта.

ҰЛЫБРИТАНИЯ: ОА ҮШІН ҚЫТАЙ ЖӘНЕ РЕСЕЙМЕН ТАЛАСАМЫЗ!

Баяндамада авторлар: «Қытай мен Ресейді қоса алғанда, ОА елдерінің көршілес елдермен қарым-қатынасы Британияның сыртқы саясаты үшін қандай проблемалар, қандай мүмкіндіктер тудырады?» деген сұрақ қояды. Атап айтқанда, олар Мәскеу мен Бейжіңнің өңірдегі ықпалы белсенді түрде күшейіп келе жатқанын атап өткен.

Сөйтеді де, Ресей мен Қытайдың ОА-ға ықпалын азайту үшін «Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары деңгейдегі дәйекті дипломатиялық өзара іс-қимыл» жұргізу керектігіне тоқталады. Нәтижесінде 2024 жылы британдық басшылықтың ОА билік өкілдерімен жоғары деңгейде кездесуі жоспарланған.

Баяндама авторлары: «Ұлыбритания Орталық Азиядағы жемқорлық пен капиталдың аймақтан кетуінің негізгі құралы болып табылады», - дейді. Қазіргі уақытта Лондон Орталық Азия елдерімен және олардың азаматтық қоғамымен корольдіктің осы мемлекеттердегі елшіліктерінде орналасқан халықаралық даму министрлігі арқылы жұмыс істейді. Өз кезегінде, Ұлыбритания жұмсақ күш саясатын Британ кеңесі арқылы жүзеге асыруда.

1709800912134719.jpg

ЕУРОПА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ДИАЛОГЫ

Соңғы кездері АҚШ пен Еуроодақтың Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы артып келеді. Өңірге американдық және еуропалық жоғары лауазымды саясаткерлер мен дипломаттар жиі келетін болды. Тараптар экономика, экология, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты талқылауда.

АҚШ ЖӘНЕ «С5+1» ФОРМАТЫ

БҰҰ Бас ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында ОА мемлекеттерінің көшбасшылары АҚШ президенті Жозеп Байденмен «С5+1» форматында (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және АҚШ) кездесті.

1709800953601186.jpg

(Сурет Ақорда сайтынан алынды)

Бұл саммит Америка көшбасшысының Орталық Азияның бес мемлекетіндегі әріптестерімен алғашқы кездесуі болды. Оған дейін 2015 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік хатшысымен келіссөздер «бестік» елдерінің сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізіліп келген.

Дональд Трамптың бұрынғы әкімшілігі бұл аймаққа көп көңіл бөлген жоқ, сондықтан 2021 жылы АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі уақытша стратегиялық басшылығында Орталық Азия туралы тіпті сөз болған жоқ. Алайда Байден билігі ОА-ға назар бұра бастады.

1709801067961798.jpg

РЕСЕЙДІҢ БАЙБАЛАМ САЛУЫ: БАТЫС - КӘКӘЙ, БІЗ - ӘЙӘЙ!

«АҚШ пен Ұлыбритания Орталық Азия елдеріндегі жағдайды шиеленістіргісі келеді», - деп маусым айында РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев байбалас жасады. «Орталық Азия олардың ақпараттық ықпалының басым объектісіне айналды. Вашингтон мен Лондон тарапынан қоғамдық пікірді манипуляциялау – ОА-ның ішкі саяси жағдайын ушықтыруға, билікке қысым көрсетуге және ОА халықтарының сан ғасырлық дәстүрлеріне жат құндылықтарды қоғамға күштеп сіңіруге бағытталған», - деп сөйлеген еді сол кезде Патрушев.

ҚЫТАЙДЫҢ ПІКІРІ: ОА-ҒА ТАЛАС НЕ ҮШІН ҚЫЗА ТҮСТІ?

Шанхай халықаралық зерттеулер академиясы Ғаламдық басқару институты директорының орынбасары және ғылыми қызметкері Чжао Лун «С5+1» диалогына қызығушылықтың күрт артуына қатысты ой бөлісіпті. Сарапшы пікірінше аталған форматтың көздеген негізгі 3 мақсаты бар:

Бірінші мақсаты: Орталық Азия елдері мен Ресей арасында «сенім дағдарысын тудыру».

Екінші мақсаты: Ұлы державалар арасындағы стратегиялық бәсекелестікке қызмет ететін ықпал ету нүктесін құру.

Үшінші мақсат: Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны түзету үдерісінен тыс қалмау.

«Бірінші мақсатты талдамаса да, түсінікті. Ал екінші мақсатқа келсек, АҚШ пен Батыс осы формат арқылы Еуразияны АҚШ-тың екі басты қарсыласы - Қытай мен Ресейді бір мезгілде тежеудің негізгі аймағы ретінде пайдалану», - дейді сарапшы Чжао Лун.

Соңғы жылдары ОА-дағы бес мемлекет өздерінің стратегиялық дербестігін тереңдетті және интеграцияны ілгерілете отырып, негізгі сыртқы күштермен жан-жақты өзара іс-қимылды күшейтті.

«Бұл бес ел АҚШ-пен, Еуропалық одақпен, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, Ресеймен, Үндістанмен, Қытаймен және басқаларымен «С5+1» диалогы форматын құрып қана қоймай, 2018 жылы өздерінің ұжымдық бірегейлігін нығайту үшін өңірдегі мемлекет басшыларының алғашқы консультативтік кездесуін шақырған», - дейді Чжао Лун.

«Қытаймен және Ресеймен екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ ШЫҰ, ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты тетіктер аясындағы көпжақты байланыстар Орталық Азия үшін басым болып қала береді. Басқаша айтқанда, осы өңірдегі мемлекеттердің барлық тараптармен өзара іс-қимыл жасау жиілігі мен деңгейін арттыруының басты себебі - ірі державалардың назарын аудару мен олардың дамуына жәрдемдесу үшін өзара толықтырушы ынтымақтастыққа қол жеткізу болып табылады», - деп түйіндеді сарапшы.

1709801124184958.jpg

ДАВИД КАМЕРОН ОА-ҒА САПАРЛАЙДЫ

Ұлыбритания Үкіметі 2024 жылы Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларының қатысуымен «С5+1» форматында бірінші рет саммит өткізетінін айтқан.

«Біз бүкіл әлем бойынша одақтар мен серіктестіктер желісін нығайтуға ұмтыламыз. Орталық Азия - біз көп нәрсеге қол жеткізгіміз келетін аймақтардың бірі. Мен оған баруды жоспарлап отырмын. Мен өнеркәсіп пен бизнестің қандай салаларымен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау керектігін білетіндердің барлығымен дөңгелек үстел басында кездесу өткіземін», - деді Ұлыбритания СІМ басшысы Кэмерон.

Осылайша, Орталық Азияға талас қыза түсіп, «С5+1» форматындағы диалогты тағы бір мемлекет – Ұлыбритания қолданып көруге шешім қабылдады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар