НАТО Қапқазды Ресейден тартып ала ма: Пашинян Лукашенко болғысы келе ме?

Ресейлік БАҚ ойбайға басып: «НАТО Қапқазды өзіне қаратуға тырысуда: Столтенберг арнайы турға шықты», - деген ауанда ТМД кеңістігін дүрліктірді.

1711023611457869.jpg

«НАТО-ның Қапқазға орнығып отыруға ұмтылысы Мәскеуге бұрыннан белгілі және ол ниеті көзге анық көрініп тұр», - деді Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков.

Песковтың айтуынша, Ресей Қапқаздағы әскери-саяси блоктың белсенділігін мұқият қадағалап отыр және Солтүстік Атлант альянсы өңірдегі тұрақтылықты сақтауға еш көмектеспейді. Керісінше, жағдайды ушықтырады.

Осыған дейін НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Оңтүстік Қапқазға үш күндік тур жасаған. Столтенберг 17 наурызда Әзербайжан астанасында болып, ел президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Келесі күні (18 наурызда) Столтенберг Грузияға барды. Ал 19 наурызда Бас хатшысы Столтенберг Армения басшылығымен кездесу өткізеді.

Осы кездесулердің ішінде Кремльдің алаң болып отырғаны – Армения премьері Пашинян мен НАТО басшысы Столтенбергтің жолығуы болды. Бұл онсыз да соңғы жылдары арасы алшақтай бастаған Ереван-Мәскеу қарым-қатынастарына қағылған тағы бір сына болды.

1711022581989247.jpg

ПАШИНЯН ТАҒДЫРШЕШТІ ТАҢДАУ СӘТІНДЕ: АРМЕНИЯ ҚАЙ БАҒЫТҚА ҚАРАЙ ЖҮРЕДІ?

Армения премьер-министрі Никол Пашинян: «Егер Әзербайжанмен территориялық алыс-беріс мәселесінде келісімге келмесек, апта соңында жаңа әскери соғыс оты тұтануы мүмкін», - деп ескертті өз халқын.

Ол Арменияның Тавуш облысындағы Бағанис ауылынан Беркабер ауылына дейінгі учаскедегі шекараны делимитациялау мен демаркациялауды талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Пашинян Әзербайжанмен диалогтан бас тарту – қарулы қақтығысқа әкеліп соғуы мүмкін екенін, оның салдары екі тарап үшін де апатты болатынын ескертті.

Оның айтуынша, арнайы комиссия «Армения Республикасының қай жерден басталатынын шешуі тиіс және ол мемлекеттік шекараға айналуы тиіс». Пашинян Армения 31 ауылды өз бақылауына алуды жоспарлап отырғанын, ал Әзербайжан төрт елдімекенге үміттенетінін еске салды.

Ал Пашиянның бұл айтқандарына қатысты Ресей Сырты істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова: «Пашинянның бұл мәлімдемесіне Ресейдің еш қатысы жоқ. Армения Премьер-министрі өз бетінше емес, кейбір «батыстық кураторлардың» қысымымен шешім қабылдайды», - деп қайырды.

1711022645451555.jpg

АРМЕНИЯ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАРҒА ҚОСЫЛДЫ

Дәл қазір Армения тағдыршешті таңдау жасайтын жолайрықта тұрған белгілі. Және Арменияның таңдаған геосаяси жолы анық емес.

Кеше Арменияның қаржы компаниялары Ресейге қарсы санкцияларға қосылғаны белгілі болды. Арменияның банктері 30 наурыздан бастап «Мир» төлем жүйесінің ресейлік карталарын  қабылдамайды. Бұған ресейлік ВТБ банкінің еншілес компаниясы - «ВТБ Армения» қосылмайды.

Бұл Армения өзінің сыртқы саясатын Батыс елдерімен үйлестіріп отырғанына белгі болуы тиіс. Бұл шешімді Пашинянның ҰҚШҰ-дан шығу мүмкіндігі және ЕО-ға қосылу перспективасы туралы жуырда айтқан мәлімдемелерімен сабақтастырып қарасақ,  Ереван Еуроинтеграцияға біртабан жақындағысы келеді деп түсінуге болады.

Ал Еуропа парламенті өз кезегінде өткен аптада арнайы резолюция қабылдап, онда Брюссельді Арменияға ЕО мүшелігіне кандидат мәртебесін беру мүмкіндігін қарауға шақырды.

1711022690808079.jpeg

ПАШИНЯН ЛУКАШЕНКО БОЛҒЫСЫ КЕЛЕ МЕ?

Дейтұра, Пашинян әлгінде ғана өзінің бесінші мерзіміне сайланған Ресей президенті Владимир Путинді «жеңісімен» құттықтады. Пашинянның бұл қадамына қарап түйіндеріміз - Ереван «екі орындықта» отырғысы келетін секілді. Тіпті Мәскеуді бопсалағысы келеді. Пашинянның стратегиясы Беларусь басшысы Александр Лукашенконың 2020 жылға дейінгі ұстанған саясатын еске түсіреді. Бірақ, Лукашенконың «ойыны» Беларусьті Мәскеуге барынша тәуелді етумен аяқталды. Арменияны қандай перспективалар күтіп тұрғанын болжау қиын, бірақ Ресеймен достық әдетте посткеңестік елдер үшін жақсылықпен аяқталмайды.

1711022710989551.jpeg

СТОЛТЕНБЕРГ: АРМЕНИЯ НАТО ҚОЛДАУЫНСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

НАТО көшбасшысы Арменияға сапары барысында Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу қажеттігіне назар аударды. Сапар барысында Столтенберг Арменияның Косоводағы (KFOR) бітімгершілік күш-жігерге қосқан үлесін қоса алғанда, НАТО-мен ұзақ уақыттан бергі ынтымақтастығы үшін ризашылығын білдірді.

Альянс көшбасшысы Армения мен Әзербайжан арасында қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру және өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша келісімге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Ол НАТО-ның Арменияның егемендігін, оның аумақтық тұтастығын және бейбітшілікке ұмтылысын қолдайтынына сендірді, бұл альянстың ресми сайтындағы мәлімдемеде көрініс тапты.

Украинадағы жалғасып жатқан соғыс аясында Столтенберг бейбітшілік пен тұрақтылық үшін күрестің маңыздылығын еске салып, Ресейдің агрессиясы Украинада табысты болған жағдайда басқа елдерге таралу қаупін атап өтті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар