Иран мен Израиль: Голандағы қазақ әскері һәм Үшінші жаһан соғысының сұлбасы

Иран Сириядағы Израиль бомбалауынан кейін құрбан болған алты әскери офицері үшін кек алатынын шұғыл мәлімдеген болатын.

1713167183835442.jpg

Алайда, Иран жағы «АҚШ бұл іске араласпайтын болса, біз Израилді бомбаламаймыз» деген сыңайда астыртын келісім ишарасын білдіріп жатыр» деп өткенде жазған болатынбыз. Соған қарағанда, соғыс туралы Иран әлі бір шешімге келмеген болар деп топшылап едік...

Алайда, ондағы жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шықты: Иран әуел бастан ойластырған «кек алу» операциясын жексенбілік күндері бастады. Олар бұл соғыс операциясын «Уәдеде тұру» деп атап, «Иран ешқашан айтқан сөзін жерге тастамайды» деген позицияны жария етті. Ол туралы Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы Мохаммад Багери арнайы мәлімдеді.

Иран жағы шабуылдауға 400‑500 ұшқышсыз ұшақтар мен 110-нан астам зымыранды қолданған. «Ол ракеталар мен ұшақтардың көбір америкалық және британдақ әскерилер атып түсірді», - деп хабарлайды «Аль Арабия» телеарнасы.

1713166513141707.jpg

(Сурет: AzFront)

ИРАН НЕ СЕБЕПТЕН ШАБУЫЛДАДЫ?

Қазір «Израиль мен Иран арасындағы қайшылық қайдан туындайды?» деген сұрақ маңызды болып отыр. Қайшылық әсерінен Таяу Шығыстағы жағдай қауіпті бола түсті. Оған, жоғарыда айтылған Иранның жоғары лауазымды әскерилерінің Сириядағы Иран елшілігінде болған жарылыстан қаза табуы ғана себеп пе?

Әрине, ол себеп, бірақ қайшылықтың басты себебі одан гөрі тереңдеу ме дейміз. Бір кездері, Иранды Пехлеви әулеті билеп‑төстеп тұрғанда, бұл екі мемлекеттің өзара қатынасы бейбіт тұрғыда еді. Тіптен, Иран мұсылман елдері арасынан бірінші болып Израиль мемлекетін мойындаған да еді.

1713166782697234.jpg

ИРАН ИЗРАИЛЬДІ МОЙЫНДАҒАН БІРІНШІ МҰСЫЛМАН МЕМЛЕКЕТІ

Бұл жағдай 1979 жылғы аятолла Хомейни басшылығымен болған Иран революциясынан кейін күрт өзгерді. Иран мен Израиль арасқатынасы үзілді. Өйткені, енді теократиялық мұсылман еліне айналған Иран Израиль мемлекетінің құрылымын заңды деп мойндаудан бас тартты. Иран мұсылмандық Палестинаны қолдап, Израильді АҚШ‑тың империалистік саясатының «қолшоқпары» деп атады.

Екі арады ұзақ уақытқа салқындық орнады. Ол ұзаққа бармады. 1990 жылы Израиль үкіметіне Ицках Рабин басшылыққа келді. Содан бастап, Израиль Иранға қатысты өте қатаң саясат жүргізуге көшті. Оның бір себебі, Ирактың АҚШ-пен соғыста жеңіліп, Парсы шығанағындағы «басты ойыншылар» ролін Иран мен Израиль атқара бастап еді.

Екі арадағы қатынас 2000 жылдары Иранда Махмуд Ахмадинежадтың президент болған кездері шиеленісе түсті. Иран жағы Израильді қаралауды күшейтті.

Сол жылдары Иран өзінің ядролық зерттеулерін, ядролық технологияны дамытуын арттырды, оған Израиль қарсы болды. Израиль Иран ядролық қаруға қол жеткізеді деп қауіптенді. Осындай оқиғалардан бастау алған кикілжіңдер соңынан Таяу Шығыстағы үстемдікке ұмтылыспен жалғасты...

Иран Израильге әскери қақтығыс жағдайындағы Ливанда орналасқан «Хезболлах» әскери ұйымын және Израиль бақылауындағы Газа секторындағы Хамасты қолдап отырды. Соған сай, Израиль Иранға қарсы стратегиялық мақсатта оның Сириядағы нысаналарына үзбей соққы жасаумен келді.  Оны «Израиль қауіпсіздігі үшін» деп ақтап отырды.

Екі жақ та Сирия мен Йемендегі өзара қырқысып жатқан топтарға қолдау білдірді: Иран – Сирия үкіметін қолдаса, Израиль – Үкіметке қарсы оппозицияны қолдады. Йеменде Иран хуситтерді қолдады, ал, Израиль Сауд Арабиямен бірігіп көтерілісшілер жағына шыққан болатын.

Осы қайшылықта бұл екі ел бір‑бірінің инфрақұрылымдарын жоюға, экономикалық және басқа саботаж жасауға, өзара ядролық зерттеу орталықтарына соққы беру сияқты әрекеттерге барды.

1713166857470478.png

(Коллаж: Ұлысмедия)

ИЗРАИЛЬ МЕН ХАМАС СОҒЫСЫ ИРАН‑ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫНА АЛЫП КЕЛДІ

Израиль мен Газа секторындағы ХАМАС арасындағы қақтығыс өңірдегі шиеленісті одан әрі күшейтті. Иран бұл қақтығыс басталғалы бері Израильдің Палестинадағы әскери операциясын сынға алып келеді. Ол халықаралық толқыныс туғызып, АҚШ‑тың өңірдегі беделі мен ықплына кері әсерін тигізе бастады. Сондықтан, Иран АҚШ агрессиясы кез келген уақытта басталуы мүмкін деген қауіпті үнемі сезінумен болды. Осындай күрделі шиеленіс осы жексенбіде Иранның Израильді атқылауына алып келді деуге болады...

1713166971235067.jpg

ИЗРАИЛЬ ИРАНҒА ЖАУАП СОҚҚЫ ЖАСАЙ МА?

Израиль де жедел «жауап беру» соққыларын жасауға кірісті. Ол алдымен Хезболланың Наби‑Шиттегі қару‑жарақ өндірісін атқылады. Ливанның оңтүстігінде Иранды қолдап, Израильге өз территориясынан зымыран ұшырған «Радван» әскерилерін атқылады. Бұл Хезболла тобының Израильге жіберген 40 зымыранына жауап ретінде орындалды.

Оған Хезболла Голан биіктігінде орналасқан Израиль әскеріне және Цахал штабына қарсы ондаған зымыранмен жауап берді. Ал, Голан биіктігіндегі «шекаралық территорияда» БҰҰ құрамындағы Бейбіт Бітімгершілік күштері құрамындағы Қазбат орналасқаны бәрімізге белгілі.

1713167029982808.jpg

(Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі сайтынан)

ГОЛАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘСКЕРІ АМАН БА?

Хезболла Голан биіктігінде орналасқан Израиль әскеріне және ЦАХАЛ штабына «Катюша» арқыры соққы жасаған. ҚР Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Голан биіктігіндегі Қазақстаннның бітімгершілік күштеріне еш қауіп төнбегенін, Қазақстан әскерилерінің аман-есен екендігін мәлімдеді.

ТЕГЕРАНҒА БЕРІЛЕТІН ЖАУАП СОҚҚЫ: ИЗРАИЛЬ ӘСКЕРИЛЕРІ НЕ ШЕШТІ?

Израиль әскерилері Иранға берілетін жауап соққы мәселесін талқылады. «Оның мақсаты: «дер кезінде соққы беру арқылы бұл соғыстың өршіп кетпеуін қамтамасыз ету» болып табылады», - дейді Израиль Әскери Бас штабы генералдары... Оны енді уақыт көрсетеді.

Дегенмен, Иран мен Израиль арасындағы қазіргі локалды соғыс қимылдарына әлемдегі болып жатқан өзге соғыстардың әсері бар екенін жоққа шығармаймыз. Бұл өзара атқылау, бір жағынан «Иран‑Ресей одақтастығына» оң ықпал етуші фактор болса, оған қарсы фактор ретінде «АҚШ‑Украина әскери көмек келісімі» болуы әбден мүмкін. Кейінгі кезде, АҚШ-тағы саяси жағдайлар АҚШ-тың Украинаға көмегіне шектеу қойды. Алайда, ол көмек Еуродақтың «қысымымен», не «өтінішімен» жалғасын табуы мүмкін. Ендеше, осының «алдын алу» қызметін Иран өз мойнына алуды жөн санады ма екен деп те болжауға болады. Өйткені, осының алдында ХАМАС тобының Израильге қарсы бастаған соғыс қимылының астарында да осындай саяси мақсат бар деп көптеген сарапшылар жазған болатын. Бұл жолы да оны терістей алмаймыз...

Қалай дегенмен, Иран мен Израиль арасындағы өзара атыс әлі жалғауда. Бірақ, бұл соғыста бір‑біріне «әскер кіргізу», территорияларды окуппациялау болмайтын болар деп шамалаймыз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар