Ресейден нөпір су келе жатыр: Оралға қауіп төнді...

Республикалық штабтың бүгінгі таратқан дерегіне сүйенсек, қазірге дейін Азаматтық қорғау қызметері су басқан аймақтардан 111 194 адамды, соның ішінде 39 222 баланы құтқарған.

1713188821281674.jpg

Эвакуациялық орындарда 6 746 адам, соның ішінде 2 967 бала бар. Су басқан аймақтардан 107 613 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерлерге көшірілген.

Десе де, қарғын судың беті қатты. Дәл қазір Орал қаласын су басқу қаупі төніп тұр. Бұны Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов айтты.

Миржан Сатқанов, Орал әкімі:

«Құрметті Оралдықтар! Баршаңызға белгілі, қалада Жайық өзенінің ұлғаю күрделі жағдай болып отыр.

Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде Оралға жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазір Жайықтың деңгейі 8 метрге жақындады.

Су тасқынына орай жергілікті атқарушы органның және Төтенше жағдай қызметтерінің барлық ресурсы тартылды.

Қазіргі уақытта 350 арнайы техника мен 2 мыңға жуық адам күші жұмылдырылды. Сондай-ақ, өзге өңірлерден облысымыздың аудандарынан келген әскери қызметшілер мен еріктілер бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр.

Ең бастысы азаматтардың амандығы. Сондықтан Жайық жайылымындағы елдімекендер, саяжайлардың су басу қаупі жоғары. Әсіресе, Курени, Старица, Коминтерн аудандарының халқына эвакуация жасауымыз қажет. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл ағайын-бауырларыңыздың, достарыңыздың үйіне орналасыңыздар. Уақытша баратын үй болмаса, Оралымызда эвакуациялық орталықтар жұмыс істеуде, олар халқымызды күні-түні үздіксіз қабылдайды. Сұрақтар бойынша біздің штабқа, 24-05-70 номері арқылы хабарласуға болады. Эвакуацияны қазірден бастаңыз», - деді әкім.

Айта кетейік, қазір Орал қаласына тасқын судың бетін қайтару үшін 350-ге жуық техника мен 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Оралға аймақтардан, соның ішінде Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан екі теміржол эшелонымен инжинерия, арнайы техникалар мен су сорғыш технкалар жіберілген. Сондай-ақ, Орал қаласына Ақтөбе облысының ТЖД және ТЖМ бөлімшелері жұмылдырылған.

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Оралда жүр. Қарғын суға қарсы іс-шараларды үйлестіруді тексеруге барған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар