«Ресейлік заң» үшін Еуропа Грузияға есігін жаба ма?

Осыдан оншақты күн бұрын Грузия парламенті көтензорлықпен «шетелдік агент» туралы заңды бірінші оқылымда қабылдап, Гүржістанда халық наразылығы ушыққан еді.

1714130452288345.jpg

Ресей Думасы қабылдаған заң үлгісіндегі «шетелдік агент» туралы заң Гүржі қоғамын дүрбелеңге салуда.

Заң: «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» деп аталады. Бірінші оқылымда Грузия парламентінің 83 депутаты қолдап дауыс берген. Қарсы дауыс бергендер – 0. Бұл мақұлдауда парламенттегі басымдыққа ие билік партиясы өкілдері ғана дауыс берген. Оппозициялық партиялар бұған наразылық ретінде залдан шығып кеткен. Сөйтіп, дауыс беруге қатыспаған.

Ал аталған даулы заңның авторы: Биліктегі «Гүржі арманы» партиясы. 

Сол уақыттан бері Грузия халқы күн сайын наразылыққа шығуда. Әр жолы полицейлер мен наразы халық арасында түрлі қақтығыстар орын алуда. Жараланғандардың да саны күн сайын өсіп келеді.

ЕУРОПАРЛАМЕНТТІҢ АРНАЙЫ РЕЗОЛЮЦИЯСЫ: ГРУЗИЯ ЕО-ҒА ЛАЙЫҚ ЕМЕС!

Осыған қатысты әлгінде Еуропарламент арнайы резолюция қабылдап, Грузияның ЕО-ға қосылуы туралы келіссөздерге қарсы шықты. Бұл резолюцияны Еуропарламенттің 425 депутаты қолдап, 25-і ғана қарсы болған.

Бұл қабылданған резолюцияда: «Грузияның ЕО-ға мүшелікке өтуі туралы келіссөздерді кейінге шегеру керек», - деп жазылған. Бұған басты себеп: «шетелдік агент» туралы заңның халық наразылығына қарамастан қабылдануы.

Резолюцияда заң авторы болып отырған Грузия билігіндегі «Гүржі арманы» партиясының басшыларына санкция салу туралы да сөз бар.

Сондай-ақ, Еуропарламент Грузия билігіне үндеу жасап, қамаудағы экс-президент Михаил Саакашвилиді дереу босатуды талап еткен.

ГРУЗИЯ БИЛІГІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Аталған резолюция туралы пікір білдірген Грузия Сыртқы істер министрі Дарчиашвили: «Бұл резолюцияның басты мақсаты – Грузия репутациясына нұқсан келтіру және Грузияның Еуропаға бағыт алған жолын кесу. Ал Грузияның еуроинтеграциялық жолы – айнымас жол», - деді.

Грузия билігіндегі «Гүржі арманы» партиясының Бас хатшысы Каладзе Еуропарламент резолюциясын «парадокс» және «ұят резолюция» деп атады.

ЕО РЕАКЦИЯСЫ

Ал осыған дейін Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель: «Грузия билігі қабылдап жатқан «шетелдік агент» туралы заң – Грузияның ЕО-ға ұмтылысына сай келмейді және Тблисиді ЕО-дан алшақтатады», - деп мәлімдеген.

Ал Еуродипломатия басшысы Жозеп Боррель Люксембургте өткен ЕО кеңесі жиынында: «ЕО Сыртқы істер министрлері Грузия билігінің аталған даулы заңды қабылдауына алаңдаушылық білдіреді», - деген.

Бұған Грузия премьері Кобихидзе: «Боррель Грузияның ішкі ісіне араласып отыр», - деп наразылық білдірген.

Бұл дауда Грузия президенті Саломе Зурабишвили «шетелдік агент» туралы заңға қарсы тарап жағында. Ол бірнеше мәрте мәлімдеме жасап, аталған заңды қабылдауға қарсы шыққан. Тіпті, Парламент қол қоюға жіберетін заңға вето қоятынын айтқан.

Осылайша Грузия билігі мен ЕО басшылары арасында алшақтық күн санап артып келеді. Оған себеп: бейресми түрде «ресейлік заң» деп аталып кеткен «шетелдік агент» туралы заңның қабылдануы. Грузия билігі мен ЕО басшылары ортақ компромисске келе алмайтын болса, алдағы уақытта дәл осы «ресейлік заң» үшін ЕО Грузияға өз есігін жабуы ықтимал.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар