Мақұлық пен мылқау әйел махаббаты туралы фильм Оскар-2018 жеңімпазы атанды

3.jpg


Лос-Анджелестегі Dolby Theatre ғимаратында (АҚШ) атақты «Оскар» киножүлдесінің 90-марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Салтанатты кеште мақұлық пен мылқау әйел махаббатын баяндайтын «Су пішін» (ағылш. The Shape of Water) фэнтэзи-мелодрамасы «Үздік фильм» атанды. Гильермо дель Тороның бұл туындысы өткен ғасырдың 60-жылдарын сипаттайды. Балтимордағы құпия әскери зертханаға жаңа зерттеу «нысаны» - гуманоид-амфибия жеткізілді. Зертханадағы мылқау еден жуушы Элайза мен мақұлық арасында сезім ұшқыны пайда болады және Элайза сүйіктісін адамдар құрсауынан құтқаруға бел байлайды. Аталған фильм беделді байқаудың 13 аталымына ұсынылып, номинация саны бойынша көш бастаған болатын. Нәтижесінде, фильм «Үздік фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Фильмге арналған үздік музыка», «Үздік көркемдік қоюшы» аталымдары бойынша үздік деп танылды.

Үздік әйел және ер адам рөлдері бойынша, бұған дейін жазған болжамымыз дәл келді.  

«Үздік ер адам рөлі» әлемдік деңгейдегі саясаткер Уинстон Черчилль бейнесін сәтті сомдап шыққан («Ауыр кезең») Гари Олдманға берілсе, «Үздік әйел рөлі» - жасөспірім қызы аяусыз өлтірілген, ашынған ана Милдредті ойнаған («Миссури, Эббинг шекарасындағы үш билборд») актриса Фрэнсис МакДормандқа берілді.   Қалың көпшілікке «ГарриПоттердің» өкіл әкесі Сириус Блэк болып танылған Гари Олдман бүгін алғашқы Оскарын иеленді. Ал Фрэнсис МакДорманд 1997 жылы «Фарго» фильміндегі басты рөлі үшін Оскар сыйлығын алған болатын.

 

«Екінші пландағы үздік актер рөлі» үшін Оскар жүлдесі де «Миссури, Эббинг шекарасындағы үш билборд» фильміндегі шериф Билл Уиллоубиді ойнаған Вуди Харрельсон жеңіп алды. Бұған дейін 56 жастағы америкалық актер «Оскар» сыйлығына екі рет, «Алтын глобус» сыйлығына - төрт рет үміткер атанып, сәтсіздікке ұшыраған еді. Бүгін, міне, көптен күткен күткен мүсіншесіне қол жеткізді.

«Екінші пландағы үздік актриса рөлі» жүлдесі «Мен, Тоня» фильміндегі Тоняның анасы - Эллисон Дженниге берілді.  «Мен, Тоня» - АҚШ-тағы атышулы мәнерлеп сырғанаушы Тоня Хардингтің өмірі жайлы баяндайды. Тоняның анасы Лавона Фэй Голденді сомдаған 58 жастағы актриса Э. Дженни өз мансабында көптеген киножүлделерге қол жеткізген. Бірақ, бүгін алғаш рет беделді Оскар сыйлығына ие болып отыр.

«Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша чилилік режиссері Себястьян Лилионың «Фантастика әйел» драмасы жеңімпаз атанды. Фильмдегі басты кейіпкер транссексуал Марина бір кездері әйел болып өмір сүру үшін күрескен болатын. Енді сүйіктісін жерлеу рәсіміне қатысу үшін оның бірінші отбасымен күресуге мәжбүр. Маринаның өз қалауымен өмір сүруі, тұтас қоғамға қасқайып қарсы тұруы, таптаурын стереотиптермен жалғыз күресуі көрермендерге ой саларлық.

«Үздік түпнұсқа сценарий»  - америкалық режиссер Джордан Пилдың хоррор, детектив жанрындағы «Аулақ» фильмі қол жеткізген жалғыз жүлде болып отыр. 

«Үздік бейімделген сценарий» - америкалық жазушы Андре Асиманның «Мені өз атыңмен шақыр» романы бойынша түсірілген мелодрамасына берілді. Мұнда да  автор 17 жастағы Элио мен 24 жастағы Оливердің ғашықтық сезімін көрсетіп, махаббаттан бас тартпауға, қоғамдағы ескішілдікке, соқыр стереотиптерге қарсы тұруға шақырады.

«Үздік оператор жұмысы»  және «Үздік визуалды әсер» номинацияларында - «Жүзбен жүгіруші 2049» фантастикалық фильмі жеңімпаз атанды. Танымал тігінші туралы «Көрінбейтін жіп» драмасы «Үздік костюм дизайнері» аталымында үздік деп танылса, Уинстон Черчилльді айнытпай көрсете алған «Ауыр кезең» фильмінің түсірілім тобы - «Үздік грим мен шаш үлгілері» аталымында жеңіске жетті.

«Үздік анимациялық фильм» номинациясында музыкант болуды армандайтын 12 жасар Мигель туралы «Коконың құпиясы» «Босс-молокосос», «Фердинант» сынды қарсыластарын басып озды. Сондай-ақ, мультфильмдегі «Remember me» әні Оскардың «Үздік ән» номинациясында да топ жарды.

«Үздік қысқаметражды анимациялық фильм» аталымында  «Қымбатты баскетбол» туындысы жеңімпаз атанды. «Үздік деректі фильм» жүлдесін әуесқой веложарыста допинг көмегімен жеңіске жеткісі келген Фогель туралы «Икар» деректі фильмі жеңіп алса, «Үздік қысқаметражды деректі фильм» жүлдесін - «Жұмақ - 405 шосседегі кептеліс»,  «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін - «Мылқау бала»  туындылары иеленді.

Танымал режиссер Кристофер Нолан түсірген «Дюнкерк» әскери драмасы Оскардың 8 аталымына үміткер болған еді. Байқау нәтижесінде бұл туынды «Үздік монтаж»,  «Үздік дыбыс монтажы» және «Үздік дыбыс үйлесімі» аталымдарында жеңіске жетті.

Айта кетейік, Оскар-2018 марапаттау кеші Пхенчхан қаласындағы Олимпиада ойындарына байланысты наурыз айына ауыстырылған болатын.

Ең алғашқы марапаттан бастап бүгінгі күнге дейін 3 097 «Оскар» мүсіншесі табысталған. Оның биіктігі 34 см, салмағы 3,85 кг.



Ұқсас тақырыптар