Назарбаев: Студенттер үшін қосымша 20 мың грант бөлініп, 25 мың орындық жатақхана салынады

4.jpg


2018-2019 оқу жылында студенттерге қосымша 20 мың грант бөлінетін болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмысты ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында белгіленген бес әлеуметтік бастаманың бірі екенін атады, деп хабарлады «ҚазАқпарат».

«Бүгінгі таңда еліміздегі ЖОО-ларда 530 мыңға жуық жас өрен білім алып жатыр. Олардың ішіндегі 30 пайызы мемлекет бөлген грант бойынша оқуда. Жоғары білім беруді қолжетімді әрі сапалы ету үшін келесі шараларды ұсынамыз. 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлгелі отырмыз. Ол гранттардың ішіндегі 11 мыңын, мүмкіндік болса одан да көбін сұраныс бар техникалық мамандықтар бойынша бакалаврға бөлу жоспарлануда. Бұл қадам Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономикада сұранысқа ие болатын мыңдаған мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл жерде инженерлер, ақпараттық технологиялар саласы мен робототехника, нанотехнология саласындағы мамандар туралы айтып отырмын. Бұл да мемлекеттің жастарға қолдауы болып табылады», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, барлық ЖОО-ларда техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша Ұлттық ЖОО-лар деңгейінде жаңа гранттардың құнын өсірген жөн.

«Бұл шаралар орта мектептердің оқушыларына жоғары білім беруге жол ашады. Бұл адами капиталға, демек білімге салынған салым. Екінші жағынан, әлемдік стандарттар бойынша білім жүйесін жасай отырып, студенттердің өмір сүруі жағынан баса маңыз беруіміз керек. Қалалық емес жастардың бір парасы қала шетінен баспана жалдап, өмір сүруге мәжбүр екенін білесіздер. Ондай жағдайда білім жайлы қалай айтуға болады. Бүгінгі таңда ЖОО-лар мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамту мәселесі өткір болып отыр. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жатақхана тұрғызу қолға алынады. Мемлекет өз тарапынан БҒМ арқылы жеке инвестицияларды жатақхана құрылысына жұмсауға кепілдік береді. 2022 жылға дейін 25 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Бұл жуық арадағы сұранысты қанағаттандырып, осы мәселені шешуге мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өткізіліп жатыр.



Ұқсас тақырыптар