Астанада өртенген пәтерден қомақты ақшаның қалай жоғалғаны анықталды

5.jpg


Елордада пәтерден ірі көлемде ақша ұрлап, іздерін жасыру үшін оны өртеп кеткен күдіктілер ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 16 наурызында Астанадағы 14 қабатты «Көктем-2» тұрғын үй кешенінде пәтер өртеніп, жалынмен күреске 2 техникамен 16 маман жөнелтілген болатын. Пәтердің жатын бөлмесінде үй-тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқан. Жалын жарты сағатта толықтай сөндірілді. 

Кейін баспана иесі Асхат Сұлтанов Фейсбук желісінде пәтерінен қомақты ақша, яғни 15 млн теңге мен 8 мың доллар ұрланғанын жазып, оған өрт сөндірушілерді айыптаған болатын. Бұдан кейін оқиға орнына Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен полиция қызметкерлері барып, түсініктемелер алды. Тексеру басталды. 

Ал 21 наурыз күні пәтер қожайыны күдіктілер анықталып, ұсталғанын және оған құтқарушылардың еш қатысы жоқтығын жазды. Ол өрт сөндірушілерден кешірім сұрады.

 Бүгін ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті күдіктілердің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.

 «Есіл аудандық ІІБ жедел тергеу тобы екі күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың бірі пәтер тазалаумен айналысқан және зардап шегушінің үйін де бұған дейін бірнеше мәрте тазалаған. Пәтерде ірі көлемде ақша бар екенін білген ол екінші кілт жасатып алған. Олар қылмыстарының ізін жасыру мақсатында пәтерді өртеген. Ұрланған ақшаның бір бөлігін букмерлік конторада жұмсаған. Қалған бөлігі тәркіленді. Ұсталғандар кінәларын мойындап отыр», - деді Алмас Садубаев.



Ұқсас тақырыптар