Алматыда автобөлшектер сататын базар сүрілуде

5.jpg


Алматыда 100-ге жуық жеке кәсіпкер бір күннің ішінде далада қалды. Күнкөріс көзінен қағылғандардың айтуынша, көлік бөлшектерін сататын сауда орталығы маңындағы дүңгіршіктерін сүру жөнінде бұйрық түскен. Ал, бар жиған-тергенін кәсібіне салып, соңында жер сипап қалған жұрт, кімнен араша сұрарын білмей отыр. Егер кәсіпкерлер ескерту қағазындағы талапты орындамаса, ертең дүңгіршіктері мәжбүрлі түрде бұзылмақ.

Көлік бөлшегін сататын базар маңында кәсібін дөңгелеткендер, қазір әрі-сәрі күй кешіп жүр. Себебі, ескерту қағазында сауда дүңгіршіктерінің жаппай сүрілетіні жазылған. Ал, күнкөріс көзінен қағылған жұрт, кәсіптеріне бар жиған-тергенін салғанын айтады. 

Ердос Сихаев, жеке кәсіпкер: 

-Осы бір бутиктің арқасында күнімізді көріп, бала-шағамызды бағып отырмыз. Енді қайда барамыз? Кредитті қалай жабамыз? Өзімнің 10 миллионнан астам крдеитім бар. Бәріміз фирмалардан тауар алып отырмыз. Алып-сатып отырмыз. Қазір олар қысып жатыр, ақшаны қайтарыңдар деп. Біз қалай қайтарамыз? 

Арман Әубәкіров, жеке кәсіпкер: 

-Осы уақытқа дейін әр бутикке 40-45 мың теңге төлеп отырғанбыз. Мына жерде жоқ дегенде 100 бутик бар. Әрқайсында 2-3 адамнан жұмыс істейді. Өздеріңіз есептеңіздер, 300-400 адам жұмыссыз қалып отыр. 

Айдын күннің аманында кәсібі құрдымға кеткендер дүңгіршіктердің сүрілетіні жөнінде алдын-ала еш түсіндіру жұмыстары жүрмеді дейді. Тіпті, «мал ашуы, жан ашуы» деген кәсіпкерлер, жауаптан жалтаруға тырысқан сауда орталығының қызметкерлерін көрген жерден қыспаққа алды. 

Болат Бақтыбаев, «Синма-Инвест» ЖШС директоры: 

-Бұл қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының шешімі. Біз оған ешқандай түсінік бере алмаймыз. Міне, ресми құжаттар. Тіпті, бұл жерге не жоспарлап отырғанын да білмейміз. 

Алайда, дүңгіршіктердің орнын жасыл-желекпен көмкеріп, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасаймыз деген жергілікті атқмінерлер, барлық жәйтпен базар басшылығы жете таныс екенін жеткізді. 

Еркебұлан Оразалин, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары: 

-Бүгінгі таңда алынып жатқан киоскілердің орнына басқа сауда объектілері салынбайтын болады. Ал кәсіпкерлерге қатысты, олардың барлығына альтернативтік басқа сауда орындары ұсынылған. 

Ердос Сихаев, жеке кәсіпкер: 

-Бізге ешқандай орын да беріп отырған жоқ. Мына жере 4 бутигім бар. 2010-нан бастап істеймін. Соңғы бутигімді былтыр алдым. 

-Базар әкімшілігінің айтуынша, осы маңнан нәпақасын айырғандар, ертең орындарын түгел босатуы тиіс. Әйтпесе, мына нысандардың барлығы арнайы техниканың күшімен қиратылады. Бірақ, наразы топтың осы айдың соңына дейін мұрсат беріңдер деген өтініші аяқсыз қалды. Енді шаруасы тоқтаған 100-ге жуық кәсіпкер, қайда барып күн көреміз деп отыр.


Дереккөз: КТК телеарнасы



Ұқсас тақырыптар