Ақтөбеде репрессия құрбандарына ескерткіш орнатылуда

6.jpg


Ақтөбеде ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш орнатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласында ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш белгі қойылып, шағын аллея қайта қалпына келтіріледі. Қазір ескерткіш орнату, көгалдандыру, әктеу жұмысы жүріп жатыр. Барлығы 6 жоба ұсынылып, облыстық, респубикалық комиссия ең үздігін таңдап алды.

«Ескерткіш орнату туралы шешім өткен жылы қабылданды. Ақтөбе қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген «Түйетөбеде» тек белгі тас болса, биыл қалалық әкімдік жер берді. Бұл жерде ескерткіш орнатылады. Байқау қорытындысында ақтөбелік мүсінші Ахмет Құбайдың жобасы үздік шықты. Тұғыры 110 см, мүсіннің биіктігі 240 см болды»,- деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Ашаршылықтан өтіп, саяси репрессияға тап болған адамның шаршап-шалдыққан бейнесін толық жеткізу мақсатында еңсесі түсіп, аяғын әрең басып келе жатқан адам таңдап алынды. Автор Ахмет Құбай шаршаса да құламаған, алға ұмтылған бейнені құп көрді.

«Адам мүсіні қоладан, ал екі қанаты қара граниттен болады. Ортасында шаңырақ көтеріледі. Барлығы 2 ай уақытта дайындалды. Біз бар ойымыздың іске асқанына қуаныштымыз»,- деді Ахмет Құбай.

Ескерткіштің екі қанатына ұтымды сөз жазу кезінде тапсырыс берушілер тарихшылардың ақыл-кеңесіне жүгінді. Ортақ шешіммен бір қанатына «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ жерінде ашаршылық зұлматынан миллиондаған адам қырылды. Саяси қуғын-сүргін жылдары 100  мыңнан астам адам қудаланып, лагерьлерге қамалды, 25 мыңы атылды. Ақтөбе облысынан қуғындалған 8 мың адамның 2 мыңнан астамы құрбан болды» деп жазылады. Ал екінші қанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз» сөзі болады.

«Мүсіншілер Ақтөбе қаласындағы ескерткіштердің біріне ұқсас жобаны да ұсынды. Сонымен қатар, әжесі Юсеф Буйдоны іздеген Майкл Сагатис те қатысып, еуропалық үлгідегі екі жоба дайындады. Музыка ойнап тұратын, кітап бейнесіндегі ескерткіш заманауи болғанымен біздің менталитетімізге сай келмеді»,- деді Маржан Қорғанбаева.

Еске салсақ, ұлыбританиялық 2017 жылдың желтоқсан айында келіп, әжесін іздеді. Әжесі Юсеф Буйдо Шығыс Польшадан Қазақстанға жер аударылып, Алға ауданы, Шибаевка ауылында тұрған.



Ұқсас тақырыптар