Медицина үздіктеріне – миллион теңге

2955.JPG

«Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері» және «Үздік хирург» аталымдары бойынша қара үзіп шыққан жеңімпаздар бүгін Талдықорған қаласында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында әрқайсысы 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Денсаулық сақтау мамандарына марапатты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар табыстады, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

3118.JPG

Медицина мамандарын құттықтаған Ж. Омар облыста денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылатынын айтты. Жаңа емдеу нысандары ашылып, қолданыстағыларына күрделі жөндеу жасалуда, жылдан жылға материалдық-техникалық базалары нығайтылып, кадр мәселесін шешу шаралары атқарылып келеді. 

- Құрметті медицина саласының мамандары мен ардагерлері! Алматы облысында мемлекет қолдауының арқасында денсаулық сақтау саласының өсуі айтарлықтай деңгейде дамып келеді. Осы ортақ іске денсаулық сақтау саласы ардагерлері де, қазіргі буын өкілдері де елеулі үлес қосуда. Бүгін біз күнделікті күрделі де жауапты істі абыроймен атқарып жүрген медицина саласының барлық қызметкерлеріне зор ризашылық білдіреміз. Өз тарапымыздан медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, медицина мамандарының алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудыруға бар мүмкіндікті жасаймыз. Халықтың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтына үндеу – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы мерейлі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, жемісті еңбек тілеп, көптің алғысына бөлене беріңіздер деймін,– деді Ж. Омар.

11 номинация бойынша өткен облыстық байқаудың қорытындысы негізінде марапаттау салтанаты атқарылды. Мәселен, Қарасай аудандық орталық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Дамиля Қылышпаева «Үздік дәрігер», Талғар ауданы Кеңдала дәрігерлік амбулаториясының меңшерушісі Мадина Карамшук «Үздік ауыл дәрігері», Талдықорған көп салалы ауруханасының хирург дәрігері Еркен Исаев «Үздік хирург», ал Қапшағай қалалық ауруханасы директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджер-ұйымдастырушысы» атанды. Өз кәсібінің шеберлері миллион теңгенің сертификаты мен арнайы дипломдарға ие болды. 

Ұжымдар арасында Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясы «Үздік ауылдық дәрігерлік амбулатория», Іле аудандық орталық аурханасы «Үздік аудандық орталық аурухана», Талдықорған қалалық балалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» номинацияларының жеңімпазы болды. Жүлдегерлерге 250 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық сертификаты берілді. Сонымен қатар үздік медбике, үздік ауыл медбикесі, үздік фельдшер, денсаулық сақтау саласының үздік әлеуметтік қызметкері де анықталып, оларға да 300 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар ұсынылды. 

3143.JPG

Сонымен қатар Л. Тұрлашов табысты еңбек еткен қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. 

Медицина мамандары арасынан сала ардагері Әшімғали Жұмагелдин мен Ескелді аудандық орталық ауруханасының дәрігері Алесья Попова сөйледі. Денсаулық сақшыларының құрметіне мерекелік концерт қойылды. 

Көпшілік «Көктем Гранд» қонақ үйінің фойесінде отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнімдерінен ұйымдастырылған көрме мен өңірдегі денсаулық сақтау саласының даму жолы туралы бейнефильмді тамашалады.  

Жалпы, өткен жылы Алматы облысында 17 денсаулық сақтау нысаны қолданысқа берілген. Олардың қатарында 7 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Биылғы жылы Жамбыл аудандық ауруханасында перзентхана бөлімінің құрылысы, Сарқан аудандық ауруханасы стационарының жаңғырту жұмыстары, Текелі қалалық ауруханасының, 4 дәрігерлік аурухана, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункттің сейсмокүшейту жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 11,7 млрд. теңге бағытталып отыр. Денсаулық сақтау саласының биылғы жылғы бюджеті 46,4 млрд. теңге. Өңірдегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да айрықша көңіл бөлініп, биылғы жылы 3,4 млрд. теңгеге қосымша заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. 



Ұқсас тақырыптар