Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысында филиалы ашылды

ED2_8284.JPG

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келіп, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы облысы бойынша филиалының ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің заманауи трендтері: өңірлік аспект» атты семинар-кеңесте сөз сөйледі, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Филиал ғимаратының ашылу салтанатында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Амандық Баталов ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбаларын қалдырды. Мұндағы оқыту кабинеттерін, кітапхана мен басқа да жұмыс бөлмелерін аралап, олардың жабдықталуымен танысқан А. Шпекбаев Академияның Алматы облыстық филиалын республикадағы үздік филиал ретінде атап өтті.

ED2_7421.JPG

Мұнан соң сапар «Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің заманауи трендтері: өңірлік аспект» атты семинар-кеңеспен жалғасты. Семинарды ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова жүргізді. Жиынға республикамыздың өзге облыстарындағы Академия филиалдарының директорлары арнайы шақырылған.

Басқосуда сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына қысқаша тоқталып өтті.

ED2_7482.JPG

- Республика бойынша ауыл шаруашылығындағы Алматы облысының үлесі 17 % болса, шағын және орта бизнестің түсімі облыс бюджетінің 43 %-ін құрап отыр. Облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 86 %-ке жетті. Сол сияқты, тұрғын үй құрылысында, мектептер салу, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету және басқа да салаларда ілгерілеушіліктер бар. Өткен жылдың өзінде біз 45 жаңа мектепті пайдалануға бердік. Мемлекеттің қолдауымен облыс орталығында ашылып отырған академия филиалы – өңірдің мемлекеттік қызметшілері үшін тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта мұнда білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдірген мемлекеттік қызметшілер облыс экономикасын одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін, - деді А. Баталов.

ED2_7510.JPG

А. Шпекбаев өз сөзінде Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызмет істері саласындағы қолға алынып жатқан заманауи бағыттар туралы баяндады. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жұмыстарының нәтижелері, халық алдындағы есептілік, мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру, жалпы саланы цифрландыру туралы мәселелерге кеңінен тоқталды. Әсіресе ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өзі электронды үкімет порталы арқылы жұмыс істеп үйренуі керектігін атап айтты. Себебі бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алауға ықпал ететін маңызды фактордың бірі.

ED2_7506.JPG

«Цифрландыру ісіне ең алдымен жергілікті жерлерде әкімдер мүдделі болуы керек. Бұл орайда Алматы облысының әкімдігі зор қолдаулар көрсетіп отыр. Соңғы уақытта Алматы облысында электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіші артқан», - дей келе А. Шпекбаев облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовқа атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдірді.

Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың өңірлерде жүзеге асырылу барысы туралы Түркістан облысы бойынша МҚжСЖҚІАД басшысы Әли Көмекбаев және Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Роза Мағрупова айтты.

ED2_7574.JPG

Семинардан кейін А. Шпекбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын аралап, департамент ұжымымен кездесті.

Ресми қонақтар қаладағы Көрме кешенінде болып, мұнда Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысы, облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының», «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының орындалуы, сол сияқты облыста Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар таныстырылды. Осы жерде Департамент басшысы С. Нұрғисаев шетелдік ірі 6 компания өкілдерінің қатысуымен Алматы облысындағы шетел инвесторларының жобаларын жемқорлыққа қарсы қолдау келісіміне қол қою қойды. Аталған компаниялар қатарында «Империя Фуд», «Farm Frites Eurasia» ЖШС-лары және т.б. бар.

Көрме кешенінің алдында облыс әкімдігінің қаржылық қолдауымен сатып алынған мобильді топтарға арналған автокөліктер көрсетілді.

ED2_7615.JPG

А. Шпекбаев осы күні Салтанат сарайында, Жастарға қызмет көрсету орталығында да болды. Орталықта «Цифрлық болашақ» тақырыбында Балалар көркемөнер мектебінің оқушылары салған суреттер көрмесін тамашалап, «Жастар жолы» пікірсайыс клубының отырысына қатысты. Онда жастар арасында жемқорлыққа нөлдік төзімділік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мәселелері талқыланды.

Жалпы, биылғы жылға Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарының 1200 мемлекеттік қызметшісін оқытуға жергілікті бюджеттен 105 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Филиал «цифрлық Академия» принципімен жұмыс жасайды. Соған сәйкес барлық оқу материалдарын, құжаттарды QR-код арқылы жүктеп алуға болады. Сонымен қатар, Академия филиалының ашылуы өңірдегі мемлекеттік қызметшілерге төленетін іссапар шығындарын үнемдеуге мүмкіндік туғызып отыр.



Ұқсас тақырыптар