Шекаралық аудандарды жандандыра түсу қажет

2.jpg

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының  Қатонқарағай, Күршім, Үлкен-Нарын, Жарма аудандарында болып, халықпен кездесіп, әл-ауқатымен танысты, қордаланған мәселелер туралы тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.

 Сапар барысында сенатор аудан орталығы – Үлкен Нарында ашылған Достық үйінің жұмысымен танысты. «Көпұлтты елімізде толерантты саясаттың арқасында достық пен татулық орнықты, бұл еліміздің дамуына  үлкен үлес қосып отыр»,- деп атап өтті Д.Мусин.

Аймақ халқымен жүздесуде Д.Мусин осы сессияда Елбасының 100 нақты қадам - Ұлт Жоспарына байланысты Парламент қабырғасында сексен төрт Заң қабылданғанын және олардың бәрі елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталғанын айта келе, аграрлық мәселелерге қатысты заңнамаларға кеңірек тоқталып өтті. Азық-түлік қауіпсіздігін, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастарын реттеу мәселелерін қамтитын заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәнін ашты. 

Жиналған тұрғындар ашық әңгіме барысында мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығындағы субсидияландыру, шекаралық коэфицентті арттыру бойынша өздерiн толғандырып жүрген сауалдарын ортаға салды. Сенатор  Жұлдыз ауылына ат басын бұрып, демографиялық жағдайды реттеу және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында оңтүстіктен қоныс аударып келген отбасылардың жағдайымен танысты.

1.JPG

Жарма ауданында да сенатор бірнеше шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

  Күршім ауданындағы Марқакөл, Боран, Марқа, Марқакөл елді мекендеріндегі кездесулерінде сенатор аграрлық мәселелерге, шекаралық аймақты заманауи үрдіске сай дамыту және оның мәртебесін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды.

Д.Мусин Күршім ауданындағы шекара бойында орналасқан Марқа елді мекеніндегі «Арын» қожалығында болып, Марқакөл ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде шекаралық аймақты заманауи үрдіске сай дамытуға күш салу керектігін айта келіп, шекара бойындағы  ауыл тұрғындары санының кеміп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Сенат депутатымен кездесуге келген ауыл тұрғындары халықтың ауылдан кетпей, тұрақтап қалуын шешу, мектептердің жабылуы, жер мәселелері, ауыл шаруашылығында еңбек ететін кадрлардың тапшылығы туралы және басқа да өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.


Ұқсас тақырыптар