Алакөл ауданында әмбебап дене шынықтыру – сауықтыру кешені ашылды

7.jpg

Бүгін Алакөл ауданы Үшарал қаласында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында салынған жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған «Тарлан» атты әмбебап дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің (ДСК) салтанатты ашылуы өтті. Жаңа спорт кешенінде келушілердің спорттың бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика және футбол түрлерімен айналысуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жергілікті тұрғындардың осы бір қуанышын бөлісуге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді, - деп хабарлайды Mezgil.kz порталы  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2.jpg

-              Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Алматы облысында спортты дамыту мен халықты салауатты өмір салтын ұстануға тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні өңірде 3 мыңнан астам спортпен шұғылданушыларға арналған орындар мен 37 спорт мектептері қызмет көрсетуде. Жалпы облыс бойынша 500 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде шұғылдануда. Спорттың гандбол, көгалдағы хоккей, регби, ат және ұлттық спорт түрлері бойынша жаттықтыратын балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері де жұмыс істеп тұр. Бұқаралық спортты дамытуды жалғастыра отырып, біз, облыстың барлық аудандары мен қалаларында дене шынықтыру – сауықтыру кешендерін (ДСК) салуды жоспарлап қойдық. Бұл игі істе бізге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үлкен қолдау көрсетуде. Бүгін бәріміз бірігіп, осындай ДСК-ның бірін ашқалы тұрмыз. Осы ДСК-дан аты әлемге танылатын жаңа чемпиондардың жаттығып шығарына сенім білдіремін. Баршаңызды осынау айтулы шарамен шын жүректен құттықтаймын!, - деді А.Баталов.

6.jpg

Осыдан кейін жиналған көпшілікті бокстан Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев та құттықтады. Ғимараттың лентасы қиылып, қонақтар мен қала тұрғындары кешеннің ішкі құрылымымен танысты.

Осыған дейін аталып өткен дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің (ДСК) құрылысына 550 млн. тг. бөлінген. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуірінде басталған болатын. Құрылысты жүргізген - «BB Company» ЖШС. Ғимараттың ауданы 1100 шаршы метр, ал кешеннің жалпы ауданы – 6000 шаршы метр. Түрлі спортқа бейімделген залдардан бөлек, жаттықтырушылар мен дәрігерлер бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Футбол алаңы мен «Street workout» қалашығы кешенге жапсарласа орналасқан.

DSC_8129.JPG

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы облысының Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ және Алакөл аудандарында жалпы саны 4 дене шынықтыру – сауықтыру кешендері (ДСК) салынған. Сондай-ақ Қарасай ауданындағы Қаскелен қаласы мен Шамалған ауылында, Талғар ауданының Талғар қаласында, Райымбек ауданының Кеген ауылында, Ақсу ауданының Жансүгіров кентінде ДСК құрылысы жүріп жатыр.

2019 - 2021 жылдар аралығында Алакөл ауданы Достық ауылында, Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде, Райымбек ауданының Нарынқол ауылында, Балқаш ауданының Бақанас ауылында, Іле ауданының Байсерке ауылында, Көксу ауданының Балпық би кентінде де дене шынықтыру – сауықтыру кешендері салынатын болады.


Ұқсас тақырыптар